Әлеуметтік салаға басымдық беріледі

Облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаевтың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс ІV сессиясында 2023 жылдың үшінші тоқсанына арналған бюджетті нақтылау мәселесі қаралды. Қосымша қаражат әлеуметтік салаға, кәсіпкерлікті, ауылшаруашылығын қолдауға, қоғамдық қауіпсіздікке және экономиканың нақты секторына бағытталады.

Әлеуметтік салаға басымдық беріледі
SONY DSC

Депутаттық корпус өкілдеріне Қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина өзгерістер жайлы мәлімдеді.

– Экономиканың нақты секторына 5,7 млрд теңге немесе бөлінетін қаражаттың жалпы көлемінің 57%-ы бағытталды. Бұл жылу және сумен жабдықтау, су бұру объектілерін жөндеу әрі салуды жалғастыру, коммуналдық шаруашылықты дамыту, қалааралық және қалаішілік қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға, теміржол тасымалын, автожолдарды реконструкциялауға, тұрғын үйлер мен инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым салуға бағытталады, – деп хабарлады Людмила Башарина.

ШОБ субъектілерін өңірлік қаржыландыру шеңберінде несиелеуге және минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға арналған шығыстар ескерілді.

Әлеуметтік саланың қажеттіліктеріне 36% қаражат қарастырылған. Бұл – ынталандырушы үстемеақыларды төлеуге, бөгде көмекке мұқтаж І және ІІ топтағы мүгедектігі бар жалғызбасты адамдарға әлеуметтік көмектің қосымша түрінің мөлшерін ұлғайтуға арналған шығыстар. Қаражат ауылға жұмыс істеуге келген дәрігерлерді қолдауға, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің жалақысы жөнінде түзету коэффициентін арттыруға да бағытталады.

Орфандық аурулары бар науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін спорт түрлерін дамытуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге және денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіруге, облыстың білім беру және денсаулық сақтау объектілеріне ЖСҚ әзірлеуге арналған шығыстар көзделген.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосымша 400 млн теңге бөлінеді. Бұл полиция қызметкерлеріне тұрғын үй жәрдемақыларын төлеу, отбасын қолдау орталықтарын ашу, ТЖ департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайтуды қамтиды.

Депутаттар нақтылауды қолдады. Өңір басшысы халық қалаулыларына бірлескен жұмысы үшін алғыс білдірді.

– Бюджеттің әлеуметтік салаға көбірек бағытталғанын көріп отырсыздар. 3,6 млрд теңге бөлінеді. 1 шілдеден бастап қолданыста болған ынталандырушы үстемеақыларға біз шамамен 2 млрд теңге қарастырдық. Жылдам шешуді қажет ететін сұрақтар бар. Бұл – мектептерді, ауруханаларды, әлеуметтік сала объектілерін техникалық жарақтандыру және жөндеу, жылыту маусымына дайындық, – деп атап өтті Ермағамбет Бөлекбаев.