«ҰЛЫ АҚЫНДАР ВАКАНСИЯСЫ ТАУСЫЛДЫ»
1883 жылы Поль Верленнің «Қарғыс атқан ақындар» («Проклятые поэты») атты мақаласы, соңынан 1884 жылы кітап болып шықты. Кітапқа Артюр Рембо, Стефан Малларме және өзі де кірді. «Қарғыс атқан ақындардың» басында тұрған, негізінен, француз ақыны Шарль Бодлер еді. Әлқиссамызды Бодлерден бастасақ. Жапон жазушысы Акутагаваның «Адам өмірі Бодлердің бір шумағына да татымайды» деуі неліктен екен? Аңдап көрелік…
Сіз «қарғыс атқан ақындар – әдебиетте жолы болмаған адамдар» десеңіз, әрине, қателесесіз. Буржуазия дәуіріне тап болған ақындар буржуаздарды жек көріп, тәрк етті бұл тірлікті. Бұларды бірізді, біртынысты, шынайылықты жоғалтқан бейбақтар деп айыптады «қарғыс атқандар». Мойынбауды кигісі жоқ бұл ақындардың. Шеңберді бұзып, кеңістікке сіңіп кеткендер бұлар. Баяндамашы да, боямашы да емес. Аялаушылар шығар, тәйірі! Бодлер дедік сөз басында. Рембо, Верлендер осы Бодлерден тәлім алған әдебиетке келгенде. Бодлер 1821-1867 жылдар аралығында өмір сүрсе, Рембо 1854-1891, Верлен 1844-1896 жылдары ғұмыр кешті.
Шарль Бодлер жастайынан жетім қалады. Әкесі 1827 жылы дүниеден озған соң, жесір қалған анасы жарты жылдан кейін Опик есімді майормен тұрмыс құрады. Бала Бодлерге бұл оқиға оңай тимеді, әрине. Осы сәттен бастап Бодлердің әйел қауымына деген махаббаты жеккөрушілікке ойысады. Бодлер әулеті дәулетті болған. Әкесінің байлығы Шарльге тиесілі болып қалады. Ол 1839 жылы ғұмырын әдебиетке арнайтынын айтып Бодлерлер әулетін таң қалдырады. Ақыры өз дегеніне жетіп, Хартий мемлекеттік мектебіне оқуға түседі Шарль. Осы кезден бастап Бодлер есірткіге әуестене бастайды. Бұл зауал ақыры өліміне себеп болады. Бодлердің өмірбаянын әрі қарай тізе берудің қажеті шамалы, сірә.
«ЗҰЛЫМДЫҚ ГҮЛІ». ЖАННА ДЮВАЛЬ
Оның басты шығармасы – «Зұлымдық гүлі», 1857 жылы жалғанның жарығына шығады. Бұл кітап үлкен дау тудырды. Кітап цензураға ұшырап, жинақтағы 6 өлеңді алып тастауға мәжбүр болған автор. «Зұлымдық гүлінен» Жанна Дювальды ажыратып ала алмассыз, сірә. Екеуі – бір организм. «Түнектен сені суырып алған кім екен?» деп есі кетеді Жаннаға. Жоғарыда айтқынымыздай, Бодлердің әйелге деген көзқарасы оң болмаған. Бірақ Дюваль оның өмірін тас-талқан етті. Оны тіптен Шолпанға теңеді Бодлер. Бірақ Жанна өз кезегінде сезіміне жауап қатпаған деседі. Дюваль – актриса. Ішкіш, жеңілтек әйел. Бодлердің бар ақшасын қыдыруға арнаған бұл актриса. Бодлер Дювальдың бұл тіршілігінен хабары болса да, өлгенше сезіміне адал болып, «Зұлымдық гүлін» сыйға тартты. Бодлердің дүниеден өткеніне бір жыл толғанда қайыршылық ғұмырын кешіп Жанна Дюваль дүниеден озады. Замандастарының айтуы бойынша, Дюваль аса сымбатты, сүйкімді әйел болмаған. Сонда Бодлерге сонша Мәжнүннің күйін кешетіндей не әсер етті екен? Мүмкін, Жаннаның еркіндігі шығар?..
ЕСІРТКІ – БОДЛЕР ЭКСПЕРИМЕНТІ
Қарғыс атқан ақындар деп экспериментшілдерді де айтсақ болады. «Дәстүрлі поэзиядан ауытқығандар» немесе «жаңа ағым жасаушылар» дейді бұларды. Ал Бодлер – тіптен өз өмірін экспериментке айналдырған есім. Нашақор болған. Есірткі қабылдаған адамның күйін білу үшін осы жолға барған екен. Ақын – өзі жасаған кейіпкерлердің құрбаны. Кейіпкердің басынан кешкенін ақын өткерсе не дер едіңіз, құрметті оқырман! Ақын – жанкешті адам, шақар. Бұл теңеу Бодлерге тән шығар.
Есірткіні Бодлер 1844 жылдары пайдалана бастайды алғаш рет «Есірткі клубына» тап болып. Нәтижесінде есірткі жайлы үш бірдей көлемді мақала жазып шығады. Соңынан 1860 жылы «Жасанды жұмақ» атты жинағы жарық көреді. Есірткінің адам өмірін құрдымға апаратынына көз жеткізеді. Тәжірибе қайғылы оқиғаға әкеп тынды ақыры.
СИМВОЛИЗМНІҢ АТАСЫ
Футуризм, классицизм, романтизм, сентиментализм, символизм. Тізе берсек, мұндай әдеби ағым жетіп артылады. «Бұл ағымдар қайдан туған?» деген заңды сұрақ туындайды, әрине. Кей дерекке сүйенсек, шығыс әдебиеті мінберге шыққан заматта батыс үнсіз жатқандықтан, оларға әдебиетті дамытудың бір жолын ойластыру керек болған екен. Содан батыс жазарманға «ойыңа келгенді жаза бер, қиялда шек жоқ» деген сарындағы нұсқау шығарады. Аталмыш ағымдар жазармандардың әлегі деседі.
Соның ішіндегі символизмнің, турасын айтсақ, декадент символизмінің негізін қалаушы – осы Бодлер. Өлім, күнә, зұлымдық – Бодлердің негізгі тақырыбы. Бодлер туындылары – кез келген оқырманның тісіне бата бермейтін құбылыс. Бодлер пейзажы – қараңғылық пен түнектің бояуы. Қорқыныш тудырады. Соңында түннің құшағына сіңіп барып, арғы жағы сұлулықтың суреті екендігіне көз жеткізесіз оқып отырып.
БОДЛЕР МЕН ЭДГАР ПО
Рембоның тәлімгерін Бодлер десек, Бодлер пірі – Эдгар Аллан По. Бодлердің тағы бір қыры – аудармашы болған. 1848 жылдан бастап 1867 жылға дейін, яғни өмірінің соңына дейін сүйікті жазушысы Эдгар Поның барлық туындысын ана тілінде сөйлеткен. Бодлер алғаш рет америкалық жазушымен «Қара мысық» новелласы арқылы таныс болады. Эдгардың бүкіл шығармашылығын тәржімалауға бел буады. «Білесіз бе менің неге Эдгар Поның туындыларын аударып жүргенімді? Өйткені біздер рухани тамырласпыз», – деген екен Бодлер. Шарль Эдгарды өзінің ұстазы ретінде қабылдаған. Бодлер Поны алғаш аударып жүрген жылдары америкалық жазушы әлі де тірі. По 1849 жылы 40 жасында көз жұмады. Бодлер мен Поның кездескені белгісіз. Бірақ екеуі кездесті туынды арқылы. Бұл – ең бастысы.
БІЗДЕ ШЕ?
Қазақ оқырмандары Бодлер, Рембо, Верлен шығармашылығымен таныс па? Бұл – бір мәселе. Эдгар Поны «Алтын қоңыз», «Морг көшесіндегі қылмыс» шығармалары арқылы тануы мүмкін. Жалпы, бұл дәуірдің ақындары оқылымды ма? Аталған төртеуі де – әлемнің алпауытты ұлы ақын-жазушысы. Ұлы ақын деген айдары бар тұлғалар оқырманға соншалықты түсінікті ме? Осы мәселе мазалайды бізді. Бұл ақындардың ғасыры туды ма? Тумағанда шығар, мүмкін?..
Қазіргі қазақ ақын-жазушылары екіге бөлінген сыңайлы. Бірі – дәстүрлі (классикалық үлгі) поэзия болса, екіншісі – «түнек» қуалағандар һәм «измшілдер». Кім мықты? Уақыт көрсетеді дейміз тағы да. Бірақ екі ғасыр өтті, әлі де әлем Бодлерді түсіне алмай келеді. Не деген жайбасар еді мына оқырман? Біздің ақын-жазушыларға қанша ғасыр жазылған екен?
Абай құсадан өлді, Блок жазу үстелінде «Он екі» атты поэмасын жазып отырып жынданып өлді, Мағжанды атып өлтірсе, Рембо баз кешіп өлді, Мұқағали жүректен кетті, Есенин асылып тынды. Енді қараңыз, Абай қара өлеңнің атасы болса, Блок – символист. Мағжан – түрікшіл, Рембо да – символист. Мұқағали – анық поэзия егесі, Есенин – имажинизм өкілі. Қызық екен. «Измшілдердің» тағдырын айтамын да.
Марқұм Әмірхан Балқыбек ағамның айтқаны есімі түсіп отыр: «Ұлы ақындардың вакансиясы таусылды. Енді тағдыры бар а