Жасыл желек кесілмек

Теміртауда жаңа жылу магистралін салу үшін 700-ден астам ағаш кесілмек. Бұл туралы қала тұрғындары жасыл желектерді жою басталғанда ғана білген. Жобаның зардабы қайыңдар мен қарағайларға ғана тиіп жатқан жоқ. Қала тұрғындарының айтуынша, алтыншы ауданда жаңа жылу магистралін салу аса қауіпті. Құрылыс барысында электр энергиясы желілерін қиып кетуі де мүмкін.

Белсенділердің айтуынша, шешім қабылдауда жергілікті билік халық үніне мүлде құлақ аспаған. Тіпті қоғамдық тыңдау өткізбепті.

– Біздің пікірімізді неге ескермейді? Бұл зауыт бізді уландырып қана қоймай, енді жасыл желектерді кеспекші. Таңертең терезе алдында бір елі шаң тұрады. Бұл не сұмдық?! Енді немен тыныс аламыз? – деп шырылдайды қала тұрғыны Карима Қабатова.

Бір қызығы, жұмыс тобының мүшелері де бұл шешімнен бейхабар болған. Айтуынша, ағаштарды кесу жөнінде ешкім хабар бермеген.

– Бізге бұл ағаштарды кесу жөнінде ешкім айтқан жоқ. Күні кеше ғана маған мердігер 714 ағаш кесу туралы тапсырма берді. Мен кеше әкімдікпен байланысқа шықтым, олар қоғамдық тыңдау өткенін айтты. Алайда ешқандай да қоғамдық тыңдау өткен жоқ. Жұмыс тобында бес адамбыз. Бұл туралы біреуімізге де ескертпеген, – дейді жұмыс тобының өкілі Ольга Пекарская.

Белсенділердің сөзінше, қоғамдық тыңдалым онлайн режимде ғана өткен.

– Жобалаушы бұл жерге барған жоқ, мұнда қандай автотұрақтар бар екенінен де бейхабар. Мұның бәрі оның жобасында жоқ. Жұртшылықпен ешқандай талқылау жиындары өткізілмеген, – дейді жұмыс тобының мүшесі Марина Лаптева.

Бұл шешімге мердігерлік ұйым да келіспей отыр. Жылу желісі тек ағаштарға ғана емес, сонымен қатар электр желілерінің тіректеріне де зиян келтіреді. Компания басшылығы осы мәселе жөнінде Теміртау қалалық әкімдігіне жүгінген.

– Біз олардан жобаны қайта жасауды сұрадық. Өйткені ағаштар мен жоғары вольтты тіректерге зиян тимеуі керек. Нұсқауларға сәйкес, жоғары вольтты тірек пен сызық арасында жеті метр болуы керек, ал бізде екі метр ғана, – дейді мердігерлік ұйымның бригадирі Фаим Ибрагимов.

Ал жергілікті билік жылу магистралін салу үшін басқа жобалық шешім жоқ екенін айтып сендірді.

– Жылу трассасы электр желісінің бойында орналасқан. Бұл бөлімде жобаның авторы, қостанайлық фирма, тапсырыс берушімен бірлесіп жылу трассасының осін жоғары вольтты электр желісінің аймағынан көшіру жөнінде шешім қабылдады. Сондықтан біз жасыл желекті кесуге мәжбүр болып отырмыз, – дейді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Ринат Қадырбеков.

Жоба бойынша, 2 шақырым жаңа жылу желісі салынбақ. Оған бюджеттен 1 млрд 950 млн теңге қаражат бөлінді. Билік өкілдері кесілген барлық ағашты он есе етіп қайта егуге уәде берді. Алайда онсыз да экологиялық жағдайы мәз емес қаладағы қоғам белсенділері бұл ұсынысқа келіспей отыр. Олар осы мәселе жөнінде тіпті сотқа жүгінуге дайын екенін жеткізді.

Нұрәсем АХАН,

«QH»