Елорда мерекесі – ел мерекесі

Өткен аптада барша Қазақ елінің мақтанышы, сұлулық символына айналған елордамыз екінші мүшелге кірді. «Еуразия жүрегі», «Бейбітшілік қаласы» сынды атаққа ие болған Астанамыздың өзіндік тарихы бар. Қазақстан тәуелсіздігін қайта алғаннан кейін, 1994 жылы 6 шілдеде, ел астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді ҚР Жоғарғы Кеңесі қабылдады. 1997 жылы 10 желтоқсанда астананы ресми көшіру жүзеге асты. 1998 жылы 6 мамырда Н.Ә.Назарбаев Ақмола қаласын Астана деп атау туралы жарлыққа қол қойды. Осы жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» деген атақ беріліп, медальмен марапатталды. Осылайша іргетасы қаланған сүйікті қаламыздың бүгінгі күні талай бейбіт келісім мен маңызды да елеулі оқиғалардың ордасына айналғаны – біз үшін зор жетістік.

Қымызмұрындық

Биыл Қарағанды қаласында Астананың 25 жылдық мерейтойына орай «Қарағанды» ұлттық фест жобасы өтті. Жоба аясында киіз үйлер тігіліп, қымызмұрындық берілді. Қымызмұрындық – ел жайлауға қонғанда аталып өтетін, қонақжайлық пен мәрттікті меңзейтін тамаша жоралғы. Халқымыздың басын қосып, бірлікке баулитын бұл қымыз тойы бүгін қала тұрғындары үшін де өз міндетін орындады десек те болады. «Ұлттық фестивальда қымызмұрындық салтының мәні мен маңызы, қымыздың емдік қасиеттері және оны дайындау жайы айтылды», – дейді Қарағанды Мәдениет, тілді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Баян Сейтбекова. Сонымен қатар Мұхтар Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхана «Киіз үйдегі кітапхананы» көпшілікке ұсынып, кітап көрмесі мен буккроссинг және «Қасым» баспа үйінің кітаптары ұсынылғанын тілге тиек етпеске болмайды.

«Сырлы өрнек»

Қазақтың иісін шығарып жүрген керемет нәрлі қымыздан соң думан қолынан өнер тамған атадан балаға мирас болып қалған дәстүр, «Сырлы өрнек» деп аталатын құрақ көрпе сайысына ұласты. Іс-шара оюлы құрақ және ши құрақпен жұмыс жасау шеберлік сағаты мен байқау түрінде іске асты. Қазылар алқасы тігіншілердің құрақ көрпе үлгісі, безендірілуі мен материалдарына баға берді. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – құрақ көрпе тігуді қызығушы жастарға үйретіп, бизнес пен трендке айналдыруға көмектесу.

– Сайысқа қатысқан 9 қолөнерші Қарағанды қаласының өз басынан және Осакаровка ауданы, Абай ауданы, Шет ауданы және облысымыздың т.б. ауыл-аймақтарынан келіп қатысып жатыр. Оюлы құрақ және ши құрақпен жұмыс жасауды ортаға салуда, қазіргі заманғы этностиль мен көне стиль түрлерін сәйкестендіріп бірлестіруде, – дейді Қарағанды қаласының қолөнершілер жетекшісі Перизат Құлымбетова.

№4 қатысушы Лира Шаймұраттың қазақтың ою-өрнегін насихаттап, құрақ көрпе тігумен айналысып жүргеніне 35 жыл болыпты. Тігін тігу төзімділік пен мұқияттылықты талап ететіні анық. Сонымен қатар ол – адам қиялын арттыратын шығармашылық жұмыс. Лира апайымыз – қаламыздағы Балалар мен жеткіншектер сарайында ұстаз және «Асылмұра» атты тігін тігуді үйрететін шеберханасы бар.

– Көз тартатын құрақ көрпе – халқымызда үйдің реңін ашатын, әулетін көрсететін бірден-бір зат. Ол үшін әуелі оюды сызып алып, қиып, матаға түсіріп айқастап тігеміз. Матаның әр бұрышын біркелкі етіп келтіріп, бұрышын тіктеп айқас тігіспен тігіп шығамыз. Кестенің 28 түрін, кілем тоқуды, термебау тоқуды, шиіт тоқуды, кесте тігуді, бізкесте тігуді, бисермен тігуді үйретемін. Құрақ көрпе тігуді ересектердің 6 ай ішінде, ал балалардың 1 жыл уақыт ішінде меңгеріп алуына болады. Тігін тігуді толық үйреніп алу қомақты ақшаны талап етеді, себебі қазір мата қымбат, оның бірнеше түрін пайдаланамыз. Бұл өнердің түрін үйренген адам болашақта өз кәсібін дөңгелетіп қаражат таба алады, – дейді жеке кәсіпкер.

Осы жобада қаламыздың қолөнершілері өз бұйымдарын сатып, көрме жасады. Астана қаласындағы көрмеге барып келген Әсемгүл Жақыпованың «Дарабоз» қоғамдық қорын құрғанына 2 айдай уақыт болыпты.

– Кеше Астанамызда «Елорда базары – 2023» атты көрмеге қатысып, қолөнершілерден құралған командамен 500 метрлік аламан құрақ жайып рекордтар кітабына ендік. Қылышбек Құрманов деген кісінің қолдауымен қазір 3 шәкіртім қылыш, ер-тоқым, сегіз таспа қамшы өруді үйренуде. Бүгін көрме болады деген соң келдім. Осыдан 2 ай бұрын өзімнің жеке мектебімді аштым. Киіз басу, текемет, қамшы өрімдері жайлы бірнеше рет тегін шеберлік сағаттарын өткіздік. Әзірше балаларға әшекей бұйымдарды, шапан, қамзол тігуді үйден үйретіп жүрміз. Кәсібімді дамыту мақсатында жақында әкімге жолыққанымда, қаламыздан арнайы орын қарастырып реттейтінін айтып еді, – дейді Әсемгүл Жақыпова.

Мерекелік шара соңында Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық драма театры мен Қали Байжанов атындағы бірлестіктің әртістері «Айдай сұлу Астана» концертін қойды. Саябақта өткен мерекелік бағдарлама аясында стендап, джаз оркестрі мен эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

Қымбат БАҚЫТКЕЛДІ,

«QH»