Қорғаныс министрінің орынбасары Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды
Облыс орталығында генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесті.
Онда әскери нысандарды салу мен күрделі жөндеуден өткізу бойынша жол картасын іске асыру мәселелері қаралды.
Тараптар жанар-жағар май қоймаларын, пәтерді пайдалану бөлімінің мүлкін, «Астана» өңірлік қолбасшылығы техникасына арналған ангарлар мен Қарағанды аудандық пайдалану бөлімін салу жобаларын талқылады.
Сондай-ақ Балқаш гарнизонының әскери нысандарын қалалық жылумен жабдықтау желілеріне қосу туралы да сөз болды. Қорғаныс ведомствосы өкілінің пікірінше, бұл шара жылумен жабдықтаушы ұйымға жылу энергиясын адал тұтынушыны алуға мүмкіндік береді.
Генерал-лейтенант М. Таласов пен облыс әкімі Е. Бөлекпаев жергілікті бюджет есебінен Қарағанды қаласындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің аумағын абаттандыру және ғимараттарын жөндеу мәселелерін де қозғады.
Жалпы жол картасында 7 нысан салу, 8 құрылысты күрделі жөндеу, 2 модульдік ғимарат салу және Қарағанды гарнизонының 3 қазандығын газға ауыстыру көзделген.
Кездесу соңында министрдің орынбасары Қарулы күштердің әскери инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін облыс әкіміне алғысын білдірді.
Қарағанды, Приозерск және Балқаш гарнизондарының әскери бөлімдерінде болған кезде генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов жылыту маусымына дайындық, қазандық жабдықтары мен инженерлік желілерге тексеру және жөндеу жүргізу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.