Қарағаш қайнарынан нәр алған…

Әр дәуірдің өз тұлғасы болады. Тұлға бірден қалыптаспайды. Оныңда қайнар бастауы тасты жарған тұма бұлақтың тамшысындай дүниеге бұла бұлқыныспен келетіні белгілі. Бұлақ басынан тұнады демекші, Кенжебай замандастың рухани қайнары қасиетті Қарағаш топырағынан бастау алады. Бүгінде елуді еркін еңсеріп, алпыс дейтін асқарға иек артқан біздің толқынның балалық дәурені Совет үкіметі дейтін алып империяның «құдыретті» құзырында өткені белгілі. Қазіргідей көл-көсір ақпарат көзі жоқ, газет-журнал санаулы, бірді-екілі телеарна алыс ауылдарда енді-енді көрсетіле бастаған жетпісінші жылдар болатын. Жапандағы жалғыз үйлі қойшының қара қосына айына бір рет пошта келеді.Әлі есімде қағаз қап толы сол газет-журналдарды сарғайып ұзақ күтетінбіз. Қағаз қаптан әуелі «Правда», «Известия», «Комсомольская правда» сияқты барлық совет жұртшылығы оқуға тиісті, міндеттелген нән газеттер шығады. Бұлардың соңын ала «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек», «Қазақстан әйелдері» сияқты газет- журналдар төгіледі. Қаптың түбінен «Жезқазған туы», «Жаңаарқа» газеттері де көрінеді-ау әйтеуір. Неге екенін қайдам ең алдымен қолымызға «Жаңаарқа» газетін алушы едік… Міне, бүгінде қалың елге танымал қаламгер-ғалым Кенжебай Ахметов есімімен сол «Жаңаарқа» газеті арқылы танысқан болатынбыз. «Жаңаарқа» газетінде Кенжебайдың өлеңдері, әңгімелері жарияланып тұратын. Қай бір жылы аудандық газеттің сенбілік номерінде Кенжебайдың «Жынды көбелек» деген әңгімесі жарық көрген. Әңгіменің желісі көпке дейін санамнан кетпей қойғаны есімде… Ол кезде небары 15-16 жастағы бозбала екенбіз-ау. Содан бері жарты ғасырға жуық ғұмыр сырғып өтіпті. 

Таяуда Қуат Құрменсейт баурым хабарласып: — Ұстазым Кенжебай аға мерейлі жасқа келіп жатыр. Бір заманның төлі, бір топырақтың перзенті ретінде айтарыңыз бар ма,-деген соң Кенжебай замандас туралы дерек көздеріне зер салғанмын.

Онда: «Кенжебай Кәрібозұлы – 1963 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Қарағаш ауылында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Ақын, жазушы, драматург, аудармашы, әдебиет зерттеушісі, сценарист, кинорежиссер. Жезқазған қаласының құрметті азаматы», — деп жазылған екен. Өзім білетін Кенжебай Кәрібозұлының бұл қырларын әліде жалғастыра түсуге болады. Талантты көсемсөз шебері (публицист), парасатты пайымдаулар жазып, бұқара алдында азаматтық ойын, ұстанымын батыл айтып жүретін философ, тәмсілі бөлек тарихшы деп жалғастыра берсек бұл бағалауымызға ешкім шүбә келтірмесі анық. Арқа елінің ауыз-екі әңгімелерінде «Телғозының Шоңы, жақсылардың соңы» деген сөз бар. Сондай кемеңгерлердің ізі қалған қасиетті Қарағаш топырағынан Кенжебайдай таланттардың шығуы заңдылық. Алаш деген арда жұртқа әуел бастан Алланың назары түскен-ау деп ойлаймын. Қазақ таланттан кенде емес. Сол дарындардың даңғыл жолында Кенжебайдыңда өз соқпағы, өз ізі бар.

Кез-келген жазушының шығармашылық жолына үңілсек әуелде өлең жазумен айналысқанын көреміз. Кейін біржолата прозаға ден қойып, бар қуатын көркем шығарма жазуға немесе ғылыми еңбекке арнап кететітінін аңдап жатамыз. Кенжебай замандастың бір ерекшелігі жоғарыда айтқан шығармашылық бағыттардың қайсын қолға алмасын, оған кездейсоқ келмегенін және ол бағыттарда «уақытша жүріп», бұрылып кетпегенін байқаймыз. Кенжебай поэзия әлеміне қанат қағып, проза кеңістігінде зәу көкке көтерілді. Прозаның зәу көгінде еркін самғай жүріп әлем руханиятының шаһар (шедевр) дүниелерін ана тілімізде нәрін келтіре сөйлетіп, аудармашылықтың ақбозын ауыздықтай білді. Аудармашылық айдынында желкен керіп, драматургия дариясында еркін жүзді, кино өнерінің (сценарист, режиссер) қызығы мен қатпары мол ұңғыл-шұңғылын аралап кеткені тағы бар. Ғылым саласы… Кенжебайдың ғалымдығы туралы әңгіме өз алдына бір төбе… «Әдебиеттану әліппесі» (2000), «Әдебиеттануға кіріспе» (2004) оқулықтары, «Әдебиетті аңдату» (2003) сияқты еңбектері Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында үзбей оқытылып келеді. Бұл еңбектердің теориялық һәм тәжірибелік құндылығынан болар қазір бұл оқулықтар Қытай Халық Республикасындағы Ұлттар Университетінде оқу үдерісінде пайдалануда. Әдебиеттің барлық жанрларында қалам тартқан Кенжебай Кәрібозұлы сол сан тарау бағытқа жәй ғана сонар салып қоймай, соның саңылағы ретінде өзінің соны соқпағын қалдырды. Жоғарыда келтірген өмірбаян дерегіндегі шығармашылық бағыттардың барлығында да өзінің айшықты қолтаңбасымен танылды һәм сол бағыттардың қай-қайсына болмасын жеңіл-желпі қарамады. Сәл аялдап, бұрылып кетпеді. Мұхиттағы алып Айсберг сияқты тұтас қалпымен, сол сан салалы шығармашылықты бөле жармай, әр қайсына өзіндік өрнек салып, үлесін қосып, алға жылжумен келеді.

Әрине, Кенжебай Кәрібозұлының шығармалары әр жылдары драматургия, поэзия, проза, аударма салалары бойынша Республикалық байқаулардың бас бәйгесін (Гран-при) иеленіп жатуы оның «көкесіннің көмегімен» емес көкейіне ұялаған рухани көмбесінің жарыққа шығуы деп бағалаймыз. Талантқа биік тұғыр қажет емес. Талант аймаңдай тақыр жерде отырып-ақ асқар шыңға тез-ақ көтеріледі. Өйткені оның топшасы темірдей берік, серпіні сексеулдей тегеурінді. Жезқазғандай шағын шаһардағы құт қонған қара қосында жатып-ақ, адамзат руханиятының шамшырағын жаға білген жампоз замандасым шын мәнінде ерекше құбылыс иесі.

 

Қойлыбай АСАН, 

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 

ҚР мәдениет қайраткері