Арқадағы алқалы жиын
Сапаралды дайындық
Әлқисса, мамыр айының аяғына таман Арқа төрінде, нақтырақ айтсақ, Қарағанды өңірінде бір жиын өтетіні жайлы жақсы хабар жетті. Қандай жиын екенін алаштану мақсатындағы іс-шараларға ұйытқы болып жүрген алаштанушы Елдос Тоқтарбай баламыз айтты. Іс-шара, әрине, Алаш арыстары жайлы болатынын еске алып, келісім беруге бел будық. Оның үтіне, әрі-бері атүсті өтіп кетіп жүргеніміз болмаса, Қарқаралы өңірінде бұрын-соңды арнайы болмағанымыз тағы бар. Бір сәті түскен сапар болғалы тұрғанын көкейге түйдік те, нар тәуекел деп жолға шықтық.
Бұл – айдың 31-жұлдызы. Айтпақшы, қуғын-сүргін, репрессия құрбандарын еске алу күні екен ғой деген ойымыз бұл басқосудың нақты Алаш арыстарына арналатындығын нақтылай түскен. «Бақсақ – бақа екен» демекші, ойымыз алдамапты. Тек… жолға шығарда ол жаққа нақты қай арыс туралы дайындықпен баруымыз керек деген сұрақтың шешуі күрделірек тиді. Әлихан да, Әлімхан да – осы өңірдің азаматтары. Әлихан туралы дерек те, жазбалар да, құжаттар да баршылық. Жұрт көбірек құлақтанып қалған тұлға. Сондықтан таңдауымыз Әлімхан Ермеков арысымызға түсіп, дайын тұрған қолжазбамыздан сол кісіге арналған бір-екі беттік өлеңімізді қоржынға салып алғанбыз. Сөйтсек, қатты қателесіппіз. Бәрі – есте сақтау қабілеті жадының (память) нашарлығы! Мұстақым Малдыбай арысымыздың да сол өңірден екендігі есімізден тарс шығып кеткенін қарасаңызшы!
Атаусыз қала жаздаған Мұстақым
Сөйтсек, бұл жиынның негізгі миссиясы көп жыл бойына ескерусіз, атаусыз қалып келген ағартушы ұстаз, журналист, бірнеше оқулықтың авторы Мұстақым Матақұлы Малдыбай (1880-1927) болып шықты. Ол кісінің қысқаша өмірдерегі мынадай: Мұстақым Матақұлы Малдыбай 1880 жылы Қарқаралы уезінің Едірей болысында дүниеге келген. Уфа қаласындағы Зия Камали ұйымдастырған «Ғалия» медресесін тәмамдаған. 1909-1912 жылдары Жетісудың Қараағаш қаласындағы «Мамания» мектебінде оқытушы, оқу бөлімінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарған. «Қазақша ең жаңа әліппе», «Қазақша оқу кітабы», «Иман һәм намаз яки мұсылмандық» кітаптарының авторы.
«Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа» басылымдарында көптеген мақаласы жарияланып тұрған. Семейдегі қазақ комитетінің ағзасы, қалалық земстволық кеңестің орындаушысы, кейіннен сот қызметтерін атқарған.
Бұл біздің білетініміз еді. Жергілікті алаштанушы, «Қыр баласы» қоғамдық қорының осы өңірдегі белді мүшесі Алтынбек Құмырзақ сынды азаматтардың айтуынша, Мұстақым – мектеп ашып, бала оқытумен қоса кәсіпкерлікпен де айналысып, кезінде осы өңірден май зауытын ашуға мұрындық болған азамат екен. Елі үшін мұндай жаңашыл қызмет жасаған аяулы да асыл азаматын жұрты қалай ұмытсын. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жергілікті журналист-жазушы Ермек Балташұлындай азаматтар іздестіріп зерттей келе, ұрпақтары мен туыстарынан, көнекөз абыз қарттардан сұрастыра келе Мұстақымның жерленген орнын тауыпты. Ол – ғалымның атақонысы болған сол Қарқаралы ауданына қарасты Сарықияқ өңірінде болып шықты. Ендігі мақсат – сол табылған көне қорымның басына бір белгі қою. Бұл іске бел шеше кіріскен алаштанушы ғалым, «Қыр баласы» қоғамдық қорының негізін қалаушы Елдос Тоқтарбайдың айтуынша, 2018 жылы сәті түскелі тұрған бұл іске демеушілер табылмай, одан «ковид» атты індет кірігіп кетіп, үш-төрт жылға кешігіп қалған көрінеді.
Содан осы Алтынбек бір күні хабарласып, тас қоюдың жалпы қаржысы қанша болатындығын сұрап біліпті. Сөйтіп, іскер азамат уәде үдесінен шығып, көне бейіттің басына құлпытас қойыпты. «Сәт сапар, ісімізді Алла оңғарсын» деп сапарға аттандық. Бағытымыз – Мұстақым атамыз жатқан Сарықияқ өңірі.
Шопырымыз – аудандық мәслихат депутаты, жолбасшымыз – қорықшы
Осылайша отызыншы мамыр күні таңертең Сарықияқты бетке алып жолға шықтық. Бір көлікте: ақын Қасымхан Бегманов, рөлде Нұрбек Құмырзақұлы, біздің жанымызда балуан бітімді Дидар Ахмадиев есімді азамат. Қысқаша таныстығымыз бойынша осы Қарқаралы өңіріндегі табиғат жанашыры, қорықшы. Әлгінде жолға шығар алдында: «Барар жеріміз кешегіден де қашық. Әрі жолы да тақтайдай деп айта алмаймыз. Кей тұстарда дала сүрлеуімен тартуға тура келеді», – деп шопырымыз бізді табанды болуға алдын ала дайындап алған болатын. Мұны естіген Қасымхан сапарласымыздың: «Айдалаға, соншама қашық жерге апармай-ақ, тасты елді мекенге жақынырақ қоюға болмады ма?» – деді. «Аға, Сарықияқ Мұстақым атамыздың ата-бабасының атақонысы екен. Сүйегі сонда жатыр», – деп сапарласымыз мән-жайды түсіндірді.
Ұлан-ғайыр созылған сары даланы таспадай тіліп көлігіміз жүйткіп келеді. Айналамыздағы тау-тас, бел-белес, кезіккен ауылдардың мән-жайын сұрастырып Дидар жолбасшымызды сөзге тартумен келеміз. Жол-жөнекей Тәттімбет ауылына келгенде шертпе күйдің шебері – Тәттімбет төренің өмірі мен күйшілік өнері туралы естіген-білгенімізді ортаға салып біраз әңгіменің басын шалдық. Мәди ауылынан өткенде Мәди Бәпиұлының әндерін, «Қаракесегі» мен «Үшқарасын» қалай еске алмассың! «Әне, Балқантауымыздың төбесі де қылаң бере бастады», – деп қалды Дидар жолбасшымыз сол қапталымыздағы қарабарқындана көз тартқан еңселі тау сілемдерін меңзеп. «Иә, бұл – аты әнге айналған көпке мәшһүр Балқантау ғой, шіркін! Бұл өңірде белгілі ақын марқұм Кәрім Сауғабаев ағамыз өскен. Әйгілі композитор Ілия ағамыз екеуі бірігіп Балқантау жайлы әндер сериясын жазған еді», – деп композитор ағасының жанында көп жүрген Қасымхан біраз әңгіменің басын шалды.
Мәди ауылына келгенде есіме оқығандарымнан бір дерек қылаң берсін. Анық-қанығын білу үшін жергілікті жігіттерден: «Мұстақым – Мәдидің досы болған Мұстақым ба?» – деп сұрадым. «Аға, досы ма, жолдасы ма, білмеймін. Аталас ағайыны екені анық!» – деді рөлдегі Нұрбек бауырымыз.
Сол Мұстақым – өзіміз:
«Ғалияда» білім алған
Едірейдің тумасы.
Алашының үні болған
Тар заманның тұлғасы.
Қамқор тұтып мысты ақынды
Тәлім алған Мәдиден.
Жетісуда Мұстақымды
Ұлы ұстаз деп таниды ел», – деп жазған ұстаз Мұстақым!
Аудан әкімімен таныстық
Орта жолда, дәлірек айтсақ, Айрық ауылына кіреберісте біздің керуенді Қарқаралы ауданының әкімі «аттан түсіп» қарсы алды. Қарапайым ғана жол киіміндегі кәстөм-шалбар, галстуксыз әкім Ерлан Құсайын бізге сол қарапайымдылығымен жылы көрінді. Мамандығы тарихшы екен. Өзі – осы өңірдің тумасы. Сөз саптасы да ауыл адамынікіндей, салиқалы, байыпты. Өңір, аймақтың өткен-кеткені мен бүгіні жайлы мәлімет, деректерге жүйріктігі әр сөзінен аңғарылады. Бұған ескерткіш құлпытасты ашу барысында айқын көзіміз жете түсті. Іс-шараны өзі ашып, ешбір қағазсыз, Мұстақымның кім болғандығы, еліне сіңірген еңбегі жайлы нақты мәліметтер келтіре тұрып қысқа ғана мағлұмат берген соң сөз кезегін Алатаудың бөктерінен келген қонақтарға берді. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов Сарықияқ даласындағы Мұстақым Малдыбай арысымыздың басында тебірене сөйлеп, өлеңін оқыды.
Бұдан кейін сөз кезегін алған Алаш арыстарының бірі де бірегейі Мұстақым Малдыбайдың жоқшысы, жоқтаушысы, алаштанушы ғалым, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, қаламгер Елдос Тоқтарбай Мұстақым мен Мәдиді бөліп қарауға болмайтындығын баса айта келіп, Мәди Бәпиұлының түрмеде жатқан осы Мұстақым бауырын құтқару жолында қаза тапқанына тоқталды. Сөйтсек, түрмедегі досын жалаң қолмен құтқаруға келген ержүрек дала сырттанын жендеттер ту сыртынан атып өлтірген екен.
Аудан әкімі Ерлан Бейсембайұлы, қарқаралылық меценаттар ағайынды Алтынбек пен Нұрбек Құмырзақтармен таныс-біліс, араластығымыз Қазыбек би бабамыздың кесенесі тұрған биік төбенің етегіне тігілген ақ боз үйдің ішінде берілген түскі қонақасы үстінде жалғасын тапты. Сөйтсек, күні бойы өзімізге «көшір» болған шопыр баламыз Қарқаралы аудандық мәслихатының депутаты болып шықты. Ал жолбасшымыз, қорықшы Дидар домбыраға қосылып асқақтата ән салатын дәстүрлі әнші екен. Дидардың орындауындағы Кәкімбек Салықов ағамыздың «Сарыарқа», Мәдидің «Қарқаралы» әндері құлағымыздың құрышын қандырды.
Қарқаралы – Алаштың алтын бесігі
31 мамыр. Қарқаралы қаласының ортасындағы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермеков сынды үш арысымызға қойылған еңселі ескерткіштің алдына жиналған жұрттың көңіл-күйлері көтеріңкі. Еңкейген қарттар мен ақ шаңқан киінген оқушылар осында. Таңертеңгі сағат оннан арыстар ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, салтанатты аудан әкімі Ерлан Бейсембайұлы өзі ашып, алыстан келген құрметті қонақтар: ақын Қасымхан Бегманов, жазушы Арасанбай Естенов, Әлихан Бөкейхан атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры, алаштанушы ғалым Ұшқын Сейдірахман, алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбайларды таныстырып шықты. Алатау бөктерінен келген қонақтар атынан ақын Қасымхан Бегманов сөз алып, өлең оқыса, мектеп оқушысы бала Мағжан Мағжан атасының «Мен жастарға сенемін» өлеңін жатқа айтып берді.
Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы қалалық мұражай үйіндегі «Қарқаралы – Алаштың алтын бесігі» атты дөңгелек үстелге ұласты. Осы отырыста үздік мектеп оқушыларына «Қыр баласы» қоғамдық қоры тағайындаған шәкіртақылар мен арнайы алғысхаттар табысталса, мектеп оқушысы бала Мағжан «Қыр баласы» ұлттық қоры Қарқаралы аудандық филиалының мүшелігіне қабылданды.
Жергілікті журналист-жазушы Ермек Балташұлы, «Ұлт ұстазы», «Оян, қазақ!» телефильмдерінде Міржақып Дулатовтың бейнесін сомдаған актер Бақыт Қажыбаев сынды қатысушылар сөз алып, өз ойларымен бөлісті. Іс-шараға қатысушылар тарихқа толы Қарқаралы қаласының көрікті келбетімен танысып, Абай тоқтаған «Бекметовтер үйі» деп аталатын ғимарат пен Құнанбай мешітінде болып, Алаш арыстарының рухтарына Құран бағыштатты.
Әсіресе Абай тоқтаған Бекметовтер үйін мұражайға айналдыру жөнінде «Қыр баласы» қорының жігіттері аудан әкімі Ерлан Бейсембайұлына құнды ұсыныстар ұсынып, оны іс жүзіне асырудың жолдары мен үлгілері жөніндегі ойларын ортаға салды. Сондай-ақ алдағы уақытта пайдалануға берілер мешітке әрі ұстаз, әрі қари Мұстақымның есімін беру туралы ұсыныстары да орынды. Себебі Уфадағы «Ғалия» медресесін бітіріп, Мустахим (тура жол) атын иемденген арысымыз қай жағынан алсақ та, бұған әбден лайық. Осындай бірауызды пікірге тоқтасқан топ көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Қайта көрісер жарқын күндерге шейін, Алаштың алтын бесігі!
Арасанбай ЕСТЕНОВ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы, ақын