Қарқаралы іргесі қай дәуірде қаланған?

Баяғы кеңестік дәуірдің идеологиясы «бізге дейін бұл далада өркениет болмады» деген ойдың төңірегінде өрбіді. Қарсы пікір айтар қаймақтар қуғын көріп, көзі ашық жандар абақтыға жабылған тұста қалың бұқара әлгі ойға сеніп те қалған-ды. Сенбегендердің өзі ашық айтуға, терістеуге батпады. Содан келіп туған жердің тарихын, шежіресін тарқатар кезде алысқа бармай, ақ патшаға бодан болған кезден бері қуалайтын болғанбыз. Десек те қазір тәуелсіз емеспіз бе? Демек, төл тарихқа тың көзбен қарайтын заман келіп-ақ тұр.

Өткен аптада Орталық Қазақстан академиясының ұйымдастыруымен «Атыңнан айналайын, Қарқаралы!» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Аты айтып тұрғандай, қасиетті Қарқаралы өңірінің тарихына тың көзбен қарап, ескерілмей қалған дүниелерді қайта түлетуге бағытталған жиын еді бұл. Оған 19 ғылым докторы, 17 ғылым кандидаты, 20 ғылым магистрі мен журналистер, 25 қоғам қайраткері қатысты. Конференция барысында еліміздің белгілі ғалымдары ҚР ҰҒА академигі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Еуразия тарихы мен мәдениетін зерттеу» орталығының директоры Сыздықов Сатай Мақсұтұлы, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбжанов Ханкелді Махмұтұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Артықбаев Жамбыл Омарұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дүкенбаева Задаш Оразғалиқызы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Өскембаев Қанат Сәдуақасұлы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Шаймұханова Сәуле Дүйсетайқызы, тарих ғылымдарының кандидаты Қасымова Сәуле Сүйіндікқызы, заң ғылымдарының докторы, профессор Қаудыров Төлеш Ерденұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Хамзин Мәуен Хамзаұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Жарылғапов Жансая Жаңғазыұлы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Қаудырова Айман Оразғалиқызы және шетел ғалымдары, өлкетанушы, тау-кен инженері, техника ғылымдарының кандидаты, Қарқаралы облысының құрметті азаматы Попов Юрий Григорьевич (Ресей, Санкт-Петербург қ.), Мурат Озхан (Түркия, Орду қ. Орду мемлекеттік университеті), доктор, тарихшы, Месут Қарақұлақ (Түркия, Орду қ. Орду мемлекеттік университеті), Фырат мемлекеттік университетінен филология ғылымдарының докторы, профессор Алкая Ержан (Түркия, Елязыг қ.), филология ғылымдарының докторы, профессор Кенан Коч (Түркия, Мугла қ. Мугла Сытки Кочман мемлекеттік университеті), Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінен тарих ғылымдарының докторы Иноятова Дилярам Манглиевна (Өзбекстан Республикасы, Ташкент қ.), Ресей-Армян университетінен Акопян Армен Суренович (Армения, Ереван қ.) баяндама оқып, өз зерттеулерін ортаға салды.

Конференцияның пленарлық отырысында Орталық Қазақстан академиясының ректоры, ҚР Заң ғылымдары академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбай Жүнісов қадірлі қонақтарға алғыс білдіріп, бұл жиынның өзектілігіне тоқталып өтті.

– 2021 жылы Қарқабат анамыздың ескерткішін ашу салтанатында Ұлықбек Есдәулет: «Қазақ елі Қарқаралыға қарыз», – деп айтып еді. Сол сөзбен толықтай келісемін. Ұлы халқымыздың ұлт болып дамып, ел болуында, керегесі кең, терезесі тең мемлекет болып қалыптасу тарихында Қарқаралының алар ерекше орны бар. Әсем табиғатымен танымал Қарқаралы өңірі – Орта жүзге билік айтқан Қаздауысты Қазыбек би бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендердің, данышпан ойшылдар мен ғұлама ғалымдардың, ірі мемлекет қайраткерлері мен асқан өнер шеберлерінің, ақындар мен батырлардың мекені, – деді Бақтыбай Жүнісов.

Пленарлық отырысқа Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын да қатысқан болатын. Өз кезегінде Ерлан Бейсенбайұлы өлке тарихын зерттеуде кейінгі 2 ғасырмен ғана шектеліп қалмай, тереңге түрен салу керек екеніне тоқталып өтті. Сондай-ақ өскелең ұрпаққа туған жердің тарихы мен тағылымы туралы кең көлемде ақпарат берудің, жергілікті қаламгерлер шығармашылығына қолдау көрсетіп, рухани жобаларды жүзеге асыру қажеттілігін айтты. Бұл ретте Қарқаралының тарихы мен табиғатын ел көлемінде кеңінен насихаттаудың да айрықша маңызы бар.

Келесі кезекте конференцияның негізгі күн тәртібіндегі мәселелерге кезек берілді. Оның ішінде Қарқаралының жасына қатысты ғылыми болжамдар да айтылды. Яғни жиынға қатысушы ғалымдар «Қарқаралыға – 200 жыл» тұжырымымен келіспейді. Өйткені бұл – өңірге Ресей империясы өкілдерінің келіп, бекініс тұрғызған кезінен былай қарай есептелген уақыт. Ал қасиетті өлкенің тарихы тым әріде жатыр екен. Бұл туралы «Қарқаралы жасын қай уақыттан бастаған дұрыс?» тақырыбында Сатай Сыздықов баяндама оқыды.

Ғалымның айтуынша, Қарқаралының тарихын біздің дәуіріміздің 840 жылынан бастап, 2025 жылы 1185 жылдығын атап өту керек.

– Қарқаралының жасын осы уақытқа дейін 1824 жылғы сәуір айындағы патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлауы барысында Сібір қазақтары дала губернаторлығының әкімшілік-аумақтық орталығы – станица, яғни әскери бекініс ретінде қаланған уақытынан бастайды. Егер қазіргі таңда осы 1824 жылдан бастап Қарқаралы жасын есептейтін болсақ, онда 2024 жылы 200 жылдығын атап өту керек болады. Алайда қала жасын бұлай есептеу тарихи әділдікке жатпайды, – дейді Сатай Мақсұтұлы.

Бұл пікірді конференцияға жиналған көпшілік қауым да қолдап, Қарқаралының жыл санауын 840 жылдан бастау қажет деген тұжырымға келді. Бұл тұжырым – академик Ә.Марғұланның тарихи зерттеулері мен археологиялық жұмыстарын және Орталық Қазақстандағы Беғазы­Дәндібай мәдениетінің зерттеулеріне және Сатай Сыздықовтың еңбегіне сүйене отырып жасалды.

Жиынға қатысқан шетелдік ғалымдар да Қарқаралы өңірінің тарихына айрықшы қызығушылық білдірді. Орду мемлекеттік университетінің профессоры Мұрат Орхан (Түркия, Орду қ.) Орталық Қазақстанның ежелгі тарихына ерекше ден қоятынын, мұның ыждағаттылықпен зерттеуді қажет ететін қызықты тақырып екеніне айрықша тоқталып өткен-ді. Жиын барысында сөз алған басқа ғалымдар да бұл мәселеге қатысты ойларын ортаға салып, зерттеуге ниет білдіріп өтті.

Қарқаралы өңірінің тарихын зерттеп, халықаралық деңгейде ғылыми ортаның талқысына салған азаматтардың бірі Юрий Попов екені әмбеге аян болса керек. Бүгінде Ресейдің Санкт-Петербург қаласында тұратын өлкетанушы конференция қатысушыларына ыстық ықыласы мен лебізін білдіріп хат жолдаған екен. Хат көпшілік алдында оқылды. Осыдан соң ОҚА ректоры Бақтыбай Жүнісов Орталық Қазақстан өңірі тарихын зерттеп, көпшілікке танытуға ерекше үлес қосқан Қарқаралы ауданының құрметті азаматы, өлкетанушы Юрий Григорьевич Поповқа (Ресей, Санкт-Петербург қ.) Қарағанды өңірінің тарихын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Орталық Қазақстан академиясының ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОРЫ атағы берілгені туралы шешімді көпшілікке таныстырды.

Тағылымды конференция түйінделер тұста қатысушылар күн тәртібінде қаралған ұсыныстарды ескере отырып келесідей қарар қабылдады:

  1. Конференцияда мәлімделген және секция шеңберінде қаралған Қарқаралы аймағын қарқынды дамытудың экотуристік қазіргі кезеңдегі басты мәселелері тақырыбының өзектілігін тану.
  2. Конференция жұмысының нәтижелері ғылыми қызметкерлерге, оқытушыларға, жас ғалымдар мен тарихқа қызығатын отаншыл рухтағы қалың оқырман қауымға және т.б. салаларда қолданылуы мүмкін екенін басты назарда ұстау.
  3. Конференцияда айтылған ойлар, идеялар мен ұсыныстар академик Ә.Марғұланның тарихи зерттеулері мен археологиялық және Орталық Қазақстандағы Беғазы-Дәндібай мәдениетінің зерттеулерін ескере келіп, сонымен қатар белгілі ғалым, ҚР ҰҒА академигі Сыздықов Сатай Мақсұтұлының тарихи-деректік зертеулеріне сүйене отырып, Қарқаралы тарихын біздің дәуіріміздің 840 жылынан бастауды жөн десек, Қарқаралы мерейтойын, яғни 1185 жылдығын 2025 жылы атап өтуді қолға алу керек.
  4. Конференция материалдарының жинағын Орталық Қазақстан академиясының сайтында жариялау.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»