ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫЛАРЫ: Бейбарыс пен Берке
Ұлы даладан ұлы перзенттер көп шықты. Соның ірілері Жошының ұлы Берке хан (1209-1266) мен Жамақтың ұлы Бейбарыс (1223-1277) сұлтан еді.
Берке – дүниені дүр сілкінткен Шыңғыс ханның немересі. Алтын Орданың әміршісі. Бейбарыс Қыпшақ даласынан құл болып кетіп, бүкіл араб жазирасын (Мысыр, Йемен, Хижаз (бүгінгі Сауд Арабиясы және Сирияны биледі) уысында ұстады.
1240 жылдардан бастап қыпшақтар Алтын Орда мемлекетіне бағынды. Шыңғыс ханға қарсы шайқаста жеңіліс тапқан қыпшақтар тұтқынға түсті, олардың ұрпақтары құлдық қамытын киді. Құлдыққа сатылып, сонау араб жерінен бір-ақ шықты. Еділдің бойынан кеткен сол құлдар – кейінгі сұлтандар Мәмлүк сұлтандығының іргетасын қалады (араб даласын билеген бабаларымыз туралы өткен сандарда арнайы тоқталғанбыз). Алайда ол сұлтандар туған топырағын ұмытқан жоқ. Бейбарыс сұлтан Ніл жағасында Мәмлүк сұлтандығын құрғаннан кейін өзінің қандастары – қыпшақтармен достық байланыс құруға асықты. Сөйтіп, Еділ бойын жайлаған Алтын Орда мемлекетінің билеушісі Берке ханға достық ілтипаты ретінде түрлі сыйлықтар жолдап, әскери одақ құруға ұсыныс жасады. Бұл әскери одақ Иранның елханы Құлағуға қарсы бағытталды. Негізінде, Берке мен Құлағу Шыңғыс ханнан тараған немере ағайындар еді. Алайда Берке ислам дінін қабылдағаннан кейін, Құлағудың мұсылман қалаларын қиратып, жазықсыз мұсылмандарды қан қақсатқанын қаламады.
Құлағу Бейбарыстың да жауы болатын. Бейбарыс әмір кезінде-ақ Аин-Жәлут шайқасында Құлағуға қарсы соғысты. Ол кезде моңғолдардың қолын Кетбұға ноян басқарды. Кетбұғаның қолы Бағдат, Халеб, Дамашық қалаларын алып, Мысырға қауіп төндірді. Алайда Бейбарыс әмір бастаған мәмлүктерге қарсы табандылық таныта алмай, соңында Кетбұға қан құшты. Мысыр сұлтандығы мен Алтын Орда мемлекеті арасындағы дипломатиялық байланыс, міне, осы Құлағуға қарсы қол біріктіруден басталды.
Бейбарыс Құлағудың шабуылын Беркемен одақтасу арқылы қайтарғысы келді. Ибд Абд әз-Захирдің жазуынша, Бейбарыс Беркенің ислам дінін қабылдағанын алға тартып, мұсылманшылықты жаю үшін өзге діндегі туысы Құлағуға қарсы шайқасу қажеттігін айтты. Хатының соңында: «Ислам тек ант беруден тұрмайды, дін үшін соғыс – оның басты тірегі», – деп түйіндеді. Бейбарыстың Алтын Ордамен байланысының екінші себебі, әрине, Отанына деген сағыныштан туындады.
Екі ел арасындағы байланысты басында көпестер жүргізді. Бейбарыс сұлтан Берке ханға жолдаған ең алғашқы хатын 1261 жылы осы көпестер арқылы жолдады. Көпестермен бірге Бейбарыстың ордасына дипломатиялық байланыс құруға ұмтылған ордалықтар отряды келді. Мәмлүктер оларды құшақ жая қарсы алды. Осыдан кейін Бейбарыс Алтын Ордаға әмір Сейфедден Құшарбек пен заңгер Маджид ад-Дин бастаған ресми елшілерін жіберді. Оларға алтынордалық екі сардар серік болып қосылды. Елшілеріне ұстатқан екінші хатында да Бейбарыс Беркені дін үшін бірлесіп шайқасуға үгіттеді.
Елшілер 1261 жылдың қарашасында Нілден Еділге бағыт түзеді. Олар Византияға жеткенде алдарынан Беркенің Мысырға бағыт алған елшілері шықты (екі жақтың елшілері де өз бағыттарымен жүре берді).
Беркенің мәмлүк елшілерін қалай күтіп алғанын әл-Муфаддал жақсы баяндайды. Оның жазуынша, елшілер сарай әдебін сақтай отырып, иіліп тағзым қылып, Берке ханға Бейбарыс сұлтанның хатын табыстады. Сосын хан елшілерді өзінің оң қапталына отырғызып, бас қадиге хаттың мәтінін түрікшеге аудартқан, оны бас уәзір дауыстап оқып берді. Соңыра елшілерге арнап дастарқан жайылып, қымыз, ет және балық ұсынды. Беркенің жұбайы Жидек хатун хан шатырының жанынан елшілерге арнап жеке шатыр тіккізді. Бұл елшілер Еділдің жағалауында бір айдай тұрақтады. Қайтарында оларға алтын бұйымдар ұсынып, үстеріне зерлі шапан жапты. Мысыр сұлтанына дала сәйгүліктерін, қыран құстарын, қару-жарақтардың түр-түрін сыйға тартты. Берке хан Бейбарыс сұлтанға арнап жауап хатын жазып, Арбұғы, Өртемір және Ұнамас деген елшілерін қосып жіберді.
Бейбарыс сұлтан да Беркенің елшілерін сән-салтанатпен қабылдады. Ол Беркенің алдыңғы жіберген екі елшісі – әмір Жалал адДин ибн әл-Кади мен шейх Нұрад-Дин Әлиге қоса, кейінгі Алтын Ордаға аттанған елшілеріне қосып жіберілген үш елші – Арбұға, Өртемір және Ұнамастың бесеуін бірге қабылдады. Берке елшiлеріне берген хатында Бейбарыстың Құлағуға қарсы қол біріктіру туралы ұсынысын қолдайтынын жазды. Бұған сұлтанның көңілі жайланып қалды. Ол алтынордалық елшілерге сый-құрметтің бәрін жасады. Елшілер Мекке, Мәдина қалаларында құлшылықтарын өтеді. Ибн Абд аз-Захирдің жазуынша, Бейбарыс ордалық елшілерді қайтар жолға қамдай отырып, Беркеге деген құрметі ретінде венециандық маталар, левкандтық кілемдер, франктердің дулығалары, бағалы киім-кешектер, ыдыстар мен шырағдандар, қару-жарақтар мен сырты қызыл атласпен қапталған тері қорапшаға салынған Құран кітабын сыйға тартты (Әмин әлХоли бұл Хазіреті Османның өз қолымен көшірілген Құраны деген). Сонымен қатар піл сүйегі мен қара ағаштан жасалған, күміспен көмкерілген тұғыр сыйлады. Оған қоса Алтын Ордада кездеспейтін жануарларды, атап айтқанда, піл, маймыл, керік, зебра, тұтықұстарды жіберген. Оларды күтіп-баптау үшін қызметшілер қосты. Бейбарыс Беркеге деген құрметін осылайша білдіргісі келді.
Осыдан бастап екі ел арасындағы дипломатиялық және сауда байланысы едәуір қарыштады. Бейбарыс пен Берке Ніл мен Еділдің арасына алтын көпір тұрғызды. Алтын Ордадан араб даласына қыпшақ тұлпарлары жеткізілді.
Орданың қару-жарақтары мәмлүктердің қолынан табылды. Мысырлықтар үстеріне қыпшақ шекпенін, бастарына тақия киетін болды. Елде шығыс маталары көбірек көрініс тапты.
Қыпшақтар алыстағы Мысырды көрді. 1300 жылы Мысырдағы қыпшақтардың саны миллионға жетті. Олардың көбі Құлағудан қысым көріп, Бейбарыстың елін паналаған қыпшақтар болатын. Каирда қыпшақ аудандары бой көтерді. Британ шығыстанушысы Стенли Лэн-Пуль 1901 жылы Лондоннан шыққан Мысыр тарихына арналған «History of Egypt in the Middle Ages» кітабында Нілдің жағасында киіз үйлер тігіліп, қымыз ішілгенін жазған. Мысырдың мемлекеттік тілі араб емес, қыпшақ тілі болды. Биліктен дәмеленген арабтардың өзі қыпшақ тілін үйренуге ұмтылды. Тіпті Қалауын сұлтан араб тілін білмеді.
Қыпшақтар арқылы араб даласына Йасы, яғни Жасақ заңы келді. Себебі бұрын мұнда тек шариғат заңы ғана бар болатын. Бейбарыс осы жасақ пен шариғат заңдарын қатар ұстанды. Шариғатта әскери нормалар аз болғандықтан, жасақ заңын әскери қатынаста басшылыққа алды.
Мысырға қыпшақтар арқылы ұлттық өрнектер барды. Атап айтқанда, мешіттер мен ғимараттар қабырғасынан көшпелілердің қошқармүйізі көрініс тапты.
Бейбарыспен одақтасу Берке үшін де пайдалы болды. Алтын Орда жұрты мұсылманданды. Беркенің кезінде ел түгелдей ислам дініне мойын бұрды. Жидек хатунның бұйрығы бойынша намаз оқитын мешіт-шатырлар тігілді. Дегенмен бұл далада Беркеге дейін де исламды қабылдаған жұрттардың болғаны анық. Алайда Берке ислам дінін мемлекеттік дін ретінде жоғары көтерді. Ислам стилі бойынша Сарай қаласын салдырып, ол қалада көптеген мешіттер мен моншалар тұрғызды.
Бейбарыс Беркенің қызына үйленді. Сөйтіп, Алтын Орда ханының күйеубаласы болып шыға келді. Бұл туралы зерттеуші В.Бартольд жазды. Осы некеден Бейбарыстың мұрагері Берке (екінші аты Сейіт) дүниеге келді. Тек Бейбарыс қана емес, осы кезде көптеген мәмлүктер мен ордалықтар бір-бірімен құдаласып, қыз алысып, қыз берісті. Себебі мәмлүктер мен ордалықтар бір атадан тараған қыпшақтар болатын. Сол секілді Қалауын сұлтанның ұлы Мұхаммед сұлтан Өзбек ханның жақын қарындасына үйленді. Осылайша екі ел арасында тек саяси ғана емес, туыстық та байланыс орнады.
Бейбарыс пен Берке Құлағу қолын жеңгеннен кейін, Ніл мен Еділ арасы одан сайын жақындай түсті. Тіпті Бейбарыс Меккедегі және басқа да мешіттерде Берке хан үшін дұға жасатты. Құтба кезінде де Бейбарыс сұлтаннан кейін Беркенің аты аталатын болды. Берке хан 1266 жылы дүниеден өтті. Өз кіндігінен ұлы болмағандықтан, Алтын Орданың билігі Бату ханның немересі Мөңке Темірге ауысты. 1267 жылы Бейбарыс сұлтан Мөңке Темірге Берке ханның дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту хатын жолдап, өзін таққа отыруымен құттықтады.
Берке дүниеден өткеннен кейін де Мысыр мен Алтын Орда достығы ажыраған жоқ. Мөңке хан Беркенің жолын ұстанып, екі ел арасындағы байланысты нығайтты. Бұл туралы Ибн Касир: «Ол (Мөңке) Беркенің сара жолын жалғады, Аллаға мадақ болсын!» – деп жазды. Мөңке екі рет Мысырға өз елшілігін жіберіп, Бейбарыс сұлтаннан Құлағудың ұлы Абақаға қарсы көмек қолын созуды сұраған. Ал Бейбарыстың елшілері Мөңкенің сарайына 1273 жылдың көктемінде келді.
1277 жылы Бейбарыс сұлтан дүниеден өтті. Оның орнына Бейбарыстың ұлы Берке сұлтан таққа отырды. Берке сұлтан да Мөңкемен байланысты үзбеді. 1280 жылы елшілерін жіберді. Мөңкеге ғана емес, қолбасшы Ноғайға, ханның жақындарына сыйлықтар беріп жіберді. Алайда елшілер Алтын Ордаға жеткенде, Мөңке бақилық болып, билік Төде-Мөңкеге көшті.
Бейбарыс ұлының Ноғайға сыйлық ұсынуы бекер емес. Себебі Бейбарыс пен Берке қалаған екі ел арасындағы алтын көпірді нығайтқан осы Ноғай болатын. Жошы ханның тікелей ұрпағы болса да, Ноғай хан тағына отыра алмады. Алайда Алтын Орданың сыртқы жаулардан қорғап, мемлекеттің өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты. Деректерде Ноғайдың Бейбарыс сұлтанмен хат алмасып тұрғаны айтылады. Сол хаттарының бірінде Ноғай өзінің Берке ханның жолын ұстанып, ислам дінін қабылдағанын жазған.
Төде-Мөңкенің кезінде Ноғай Алтын Орданың Мысырдағы тұрақты елшісі болып тағайындалып, Ніл жағасында бірер уақыт тұрақтаған. Бұл кезді Ибн әл-Фурат 1282 жыл деп көрсетеді. Осылайша Ноғай екі ел арасындағы байланыстың нығаюы үшін тер төккен мемлекеттік қайраткер болды.
Беркеден кейін Мысырмен байланысын Мөңке Темір мен Төде-Мөңке қалай жалғаса, одан кейінгі Алтын Орда билеушілері Тоқта мен Өзбек хандар да солай жалғады. Бейбарыстан кейін билікке келген Қалауын және оның ұлы Мәлік сұлтандар Алтын Орда билеушілері болған Тоқта және оның немересі Өзбек хандармен елші алмасты. Өзбектің кезінде Алтын Орданың барлық мешіттерінде өзінің атынан кейін Мәлік сұлтанның атын атап, дұға қылу әдетке айналды. Ал Өзбектің ұлы Жәнібектің кезінде Мысыр сұлтандығымен байланыс алдыңғы хан-сұлтандардың кезіндегідей қарқынды болған жоқ. Жәнібектің ұлы Бердібектің кезінде де Мысырмен байланыс үзілді. Себебі Алтын Ордада, Мысырда ішкі тақ таласынан туындаған төңкерістер көбейді. Сол тартыс салдарынан Бердібек хан қаза тапты. Тоқтамыс билікке келгеннен кейін ғана Мысырмен арадағы байланыс қайта гүлденді. Тоқтамыс хан Барқұқ сұлтанмен дипломатиялық одақ құрса, Мұхаммед хан (Тоқтамыстың ағасы) Барысбай сұлтанмен достық байланыста болды. Екі ел арасындағы елшілік 1438 жылы ғана толықтай үзілді. 177 жылға созылған екі ел арасындағы достықтың арқасында Ніл мен Еділ арасында 50-ге жуық елшілік байланыс болды.
Серікбол ХАСАН