Еңбек жасағымен кездесу өтті

Қазір жастар арасында «Жасыл ел» еңбек жасағының танымалдығы артып келеді. Алғашқы кезеңде бұл бағдарламаға қатысушылар аз еді. Ал қазір жыл өткен сайын қатары толығып, мүшелерінің саны артып келеді. Биыл да қаламызда үш жүз елуден астам жас еңбек жасағының сапында еңбек етуде.

Жастарға жұмыс беріп, айлық төлеп қана қоя салу жеткіліксіз. Бұл бағдарламаның әу бастағы мақсаты да – өскелең ұрпақты еңбексүйгіштікке шақыру, сол арқылы туған жерді қадірлеп, қаламыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосуға тәрбиелеу ғой. Сондықтан 5 маусым күні Орталық мәдениет және демалыс саябағында қала әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова, Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ильяшев және «BAYTAQ» партия өкілдерінің қатысуымен «Жасыл ел» жасақтарының өкілдерімен кездесу өтті. Бұл шара еңбек жасағының алғашқы жұмыс күнімен тұспа-тұс келгенін де атап өткен жөн.

Шара барысында «BAYTAQ» партиясының өкілдері «Табиғатты құрметтеу» тақырыбында дәріс оқып, бірқатар маңызды мәселені көтеріп, қоршаған ортаны сақтаудың нақты шешімдерін ұсынды.

Айта кетейік, алғашқы кезеңде 350-ге жуық «Жасыл ел» сарбазы жұмыстарын бастады. Жалпы, жазғы маусымда 1000 жас «Жасыл ел» жауынгері ретінде қалалық саябақтар мен скверлерді көгалдандырумен айналысатын болады.

«Жасыл ел» еңбек маусымы 31 тамызға дейін жалғасады.

Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,

«QH»