«Ақсақалдар алқасы» құрылды
Біздің облыста «Ақсақалдар алқасы» құрылды. Қарағанды облысының аймақтық «Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігі ресми түрде әділет органында тіркеліп, арнайы құжат алды. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлігін табыстау тарихи сәті және «Ақсақалдар алқасының» алғашқы жиыны 25 мамыр күні Достық үйінде өтті.
Бұл күннің таңдалуы да тегін емес. «Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қоғамдық бірлестіктің ресми тіркеліп, құжат алу салтанатын Алаш арысы Әлімхан Ермеков туған күнге белгілеп, дөңгелек үстел басында арнайы жиналды. Ресми құжат салтанатты жағдайда бірлестік төрағасы Жексенқұл Әбдірахман ақсақалға табыс етілді.
«Ақсақалдар алқасы» Қарағанды облыстық қоғамдық бірлестігінің құрамында түрлі саланың аймағымызға танымал, кемел жастағы зерделі өкілдері, ақсақалдарымыз бар. Жиын барысында сөз алған қоғамдық бірлестік төрағасы Жексенқұл Әбдірахманов бұл күннің маңыздылығына тоқталды.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, «Ақсақалдар алқасы» бірлестігінің өкілдері бұл күні таңмен тұрып мінажат етіп, Алаш арысының рухына Құран бағыштаған. Осыдан кейін барып бір үстел басында жиылып, жиында қазақ қоғамында қариялардың алар орны, олардың ортаға ықпалы, ұрпақ тәрбиесіндегі қариялар роліне кеңінен тоқталды. Қазақта жасы ұлғайған адамға қатысты айтылатын сөздердің бүгінгі мәніне және қасиетті «ақсақал» сөзінің қазақ қарияларына тән екеніне назар салды.
Ақсақалдар отырысында алғашқы сөз ғасыр адамы атанған ақсақалымыз Темірғали Көкетаевқа берілді. «Ақсақалдар алқасы» ұмытылып барып ұлықталған ұлттық құндылықтар жайын сөз етіп, кеңестік дәуірде кеткен есемізді ел есіне салып, қариясы бар елдің қазынасы ортаймайтынын ойға салды. Бұл үшін өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандыруға, ұлттық құндылықтарымызды құндақтай отырып бүгінгі ұрпақ жадына сіңіруге, рухани байлығымызды жинақтауға «Ақсақалдар алқасының» зор үлес қосатынына сенім білдірді.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов игі жақсылар жиылған бұл ортаның жұмыс жоспары, арнайы мақсаты барын еске салды. «Ақсақалдар алқасының» құрамындағы кемел жастағы қоғам өкілдері, облыс белсенділері алғашқы жиында бірлестіктің алға қойған жоспар-міндеттерін ортаға салып, өзара пікір алмасты. Ендігі міндет – ақсақалдардың қоғам өміріне етене араласуы, тентекті тезге салуда, ұлды ұлағатты, қызды қылықты етіп өсіруде үлес қосу. Бастысы, бұл ұжым билік пен халық арасындағы дәнекер болуы керек.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QH»