25 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМЫССЫЗ БАР
Жыл басынан бері Қарағанды облысында мемлекеттік бағдарламалар бойынша 18 мың жұмыс орны құрылған. Өңір тұрғындарына жаңа бизнесидеяларды іске асыру үшін 685 грант беріліп, нәтижесінде, 584 жаңа әлеуметтік жұмыс орны пайда болды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифингте Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлеу Мұхтар мәлімдеді.
— Жаңа кәсіп бастағысы келетіндер үшін «Бастау Бизнес» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған. Онда кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 583 400 теңге сомасында өтеусіз грант немесе жеңілдікті мөлшерлемелер бойынша шағын несие алуға болады. Соңғы 7 айда аталмыш жоба бойынша 1538 адам оқуға жіберілген. Бағдарлама қатысушыларына 471 шағын несие мен 685 грант бөлінді. Шағын несиелер, негізінен, мал, егін шаруашылығына, азық-түлік пен киім өндірісіне, Халыққа қызмет көрсетуге, техникалық жөндеу станцияларын ашуға, жолаушылар мен жүк тасымалына берілді, — деді Төлеу Мұхтар.
«Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында арнайы курс оқу үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталықтарына жүгіну қажет. Толық ақпаратты орталық қызметкерлері жеке түсіндіретін болады.
Сондай-ақ, өңірде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын көрсету үшін «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және басқа да бағдарламалар іске асырылуда. Биыл олар 75 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Оның ішінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша 41 000 адамды, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында – 800 адамды, басқа бағдарламалар бойынша – 33 700 жұмыссызды «жұмысбасты» ету күтілуде.
— 7 айдың қорытындысы бойынша «Еңбек» бағдарламасымен 25 мыңға жуық адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, 21 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 930 адам жіберілді. Жастар практикасына 653 адам орналастырылды, қоғамдық жұмыстарға 5571 адам тартылды. «Бірінші жұмыс орны» бағдарламасы бойынша 80 адам жұмыс тапты. Барлық мемлекеттік бағдарламалар аясында 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, – деп атап өтті Төлеу Мұхтар.
Халықтың әлеуметтік осал топтарына да мемлекеттен қолдау көрсетіледі. Облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек 17 мыңға жуық көп балалы отбасыға бөлінеді. Кепілдендірілген әлеуметтік пакет 1 жастан 6 жасқа дейінгі 3967 балаға тағайындалды. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға 2566 дәрі-дәрмек қобдишасы берілді.
— Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін өңірде әлеуметтік қызметтер порталы құрылды. Сол арқылы оңалту құралдары мен қызметтерін тікелей жеткізушілерден өз бетінше сатып алуға болады. Олар арнайы әлеуметтік қызметтерді ресімдей алады, оңалтудың техникалық құралдарына тапсырыс бере алады, ымдау тілі маманының, жеке көмекшінің, санаторий-курорттық емдеудің қызметтеріне жүгіне алады, – деп мәлімдеді басқарма басшысы.
Мемлекет тарапынан оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерінің құнын өтеу тетігі көзделеді. Портал қосымша тұтынушы қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдаған кезде қосымша ақы төлеу мүмкіндігін қарастырады. 1 тамыздағы жағдай бойынша портал арқылы 19335 техникалық оңалту құралдары мен қызметтеріне тапсырыс беріліп, оның 14328-і орындалды.
Сондай-ақ, осы жылдың шілде айында облыс тұрғындарына ыңғайлы болу үшін әлеуметтік портал жұмысы туралы сұрақтарға жауап беретін 1414 нөмірінде бірыңғай Call-орталық ашылды.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, QH.