Көпшілікке көмегі тиген акция
Еліміздің барлық ірі қаласында 26 мамыр күні дәстүрлі «Халық заңгері» акциясы ұйымдастырылған болатын. Тұрғындарға құқықтық сауаттылық жөнінде толыққанды кеңес беруге, қажет ақпарат ұсынуға арналған игі шарадан қарағандылықтар да қалыс қалмады. Дәл осы күні кеншілер қаласындағы «Таир» ойын-сауық сауда үйінің алаңында акция ұйымдастырылды.
Қалың көпшілікке көмегі тиген шараны өткізуге ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, zakon.kz интернет-басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік органдар, белгілі заңгерлер мен құқық қорғаушылар ұйытқы болған.
Жобаның мақсаты – азаматтардың, әсіресе халықтың осал топтарына (аз қамтылғандар, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар), шағын және орта бизнес өкілдері, студенттер және басқа да көптеген азаматтың құқықтық сауатын арттыру және тегін заңгерлік көмек көрсету.
Акцияға орталық және облыстық мемлекеттік органдардың, Қарағанды қаласы әкімдігінің мамандары, заңгерлер, адвокаттар, нотариустар, жалпы 50-ден астам консультант және волонтер ретінде облыстағы жоғары оқу орындарының 30-дан астам студенті қатысты.
Азаматтарға жұмысқа орналасу, тұрғын үй, медициналық ұйым қызметкерлеріне қосымша төлем төлеу, азаматтық және қылмыстық істер жөнінде кеңес берілді.
Акция аясында бес жүзге жуық адам тегін заңгерлік көмек алды.
Өз тілшімізден