ҚАСІРЕТ ПЕН ҚАСИЕТ
Тоқшылық мешкейлікке әкеп соғады. Тоқшылық адамның руханиятын жалаңаштауы мүмкін. Бірақ бұл – жоқшылықта ғана өмір сүру керек деген сөз емес. Өмірдің өзі – таразы. Тоқшылықтың салмағы басым болса өте қиын. Тепе-теңдік керек. Аяз бидің сарай маңдайшасына өзінің ескі шапанын іліп қоятыны сондықтан. Тәубеге келіп отыруы қажет. Ұмытпауы керек.
Адамға қасірет пен қасиетті қатар беретіндей көрінеді. Қасіретті көрген адам Алладан медет сұрап, «менің не кінәм бар?» дейді. Жоқ, бұл – Жаратқанның әділдігі. Жоқшылықпен қатар саған тәубе мен сабырды сыйлайды. Қанағатты танисың. Мықтылыққа үйретеді. Әділеттілік деген – осы. Мұнан сабақ алмасаңыз, демек, сіз Жаратқанға қарсысыз. Тоқшылықта жүрген адамда «бәрі жақсы» деп ойлауымыз мүмкін. Жоқ, қателік. Ол – қанағат пен руханияттан айырылған адам. Бірақ бәрі емес.
Құрбандық ше? Ол да – әділдіктің бір нышаны. Қаншама мысал келтіруге болады.
АБАЙ. «Ол – жоқшылық көрмеген адам. Қайтіп онда қанағат, ынсап болады?» деуі мүмкін біреулер. Ал «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген кім? Әрине, Абай. Оған тоқшылықпен қатар қасіретті де берді ғой. Егер Абай шығыс әдебиеті һәм Пушкинді оқымағанда яки болыстықтан бас тартпағанда, көп бай-манаптың бірі ғана болып қалушы еді. Жоқ, оның дүниетанымы бөлек еді. Інісі Оспаннан айырылды. Зар қақсаған жоқ. «Жақсы өліпсің», – деді. «Солай деуге бола ма?» деуі мүмкін біреу. Ал Абай Оспанның ақ өлімі туралы айтып отыр. Оның қасіреті мұнымен тоқтаған емес. Бұл – қазақтың қасіретінен бөлек әңгіме. Жақындарынан айырылу әрбір ақынның қабырғасын қайыстырмай тұрмайды. Жүрексіз емес қой олар. Одан кейін Абай ұлы Әбдірахманнан көз жазып қалды. Осының бәрі әсер етпей қоймады. Әрқайсысының өлімі араға қырық күн салып отырған екен. Ұлының қазасына қырық күн толғанда Абай да дүниеден қайтыпты. Оны мешкейліктен сақтап қалған – қасірет пен қасиет.
ҚАСЫМ. Ал Қасым жоқшылықты көрді. Қасым өле-өлгенше сыналды. Баспанасыз өткен ғұмыр оның өлеңін еш өлтіре алмады. Өмірінің соңында ғана Ілияс Омаровтың көмегімен баспанаға қолы жетті. «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, бәрібір тастамаймын астанамды», – деп қасқайып тұрып алды. Ол тұрмыспен күресті. Әсер етпей қоймаса да, өлеңін тастап кеткен емес.
МҰҚАҒАЛИ. «Мұқағали тағдырды қолдан жасап алды» дейтіндер бар. Өтірік сөз. Ақынның қағажу көруі – мінезінен. Оның өмірі тамаша болды деп кім айтады? Тағдыры жоқ деп айтуға бола ма? Қасиетпен қатар қасіретті оған да берді. Майгүлдің өлімі ше? Қызының өлімі жүрегіне сызат түсірмеді деп ойлайсыз ба?
Қойман, ботам.
Керегі не көктастың,
Қыста ақ қар, жазда шалғын шөп бассын.
Өзің келген май айында ақ нөсер
Ағыл-тегіл бізбен бірге жоқтассын.
Керегі не көктастың? – деп жырлаған кім? Тоғышар ма, әлде Мұқағали ма? Қазадан басқа тағы қанша қасірет пен қорлық көргенін ақынның өзі ғана біледі. Қабірге мәңгілікке алып кетті.
ЦВЕТАЕВА. Тұрмыстық жағдайдан қиындық көргендердің бірі – Марина Цветаева. Бірақ ол «менің жағдайым нашар» деп өлең жазған емес. Ол тіршіліктің қамынан емес, қорлықтан өлді-ау осы.
Разбросанным в пыли по магазинам,
(Где их никто не брал и не берет),
Моим стихам, как драгоценным винам,
Настанет свой черед, – деп жырлаған Марина Цветаеваның өлеңдеріне деген сенімділігін байқаймыз. «Жоқшылықпен жеңем деп ойлайтын шығарсыңдар. Жеңерсіңдер. Бірақ өлеңімді жеңу еш мүмкін емес» деп отыр. Бірақ адамды жеңуге болмайды. Оны Хемингуэй айтқан.
Ақын нан табу үшін еден жууға дейін барса да, арын сатқан емес. Ақсүйектігін сақтап қалды. Ол да қасіретке туған бақытты жан еді.
АРТЮР РЭМБО. «Үйкүшік» деген сөзді білмейтіндердің бірі – осы Артюр Рэмбо. Үйінен Парижге қашып кетіп, Поль Верленмен танысады. Верлен бала-шағасын тастап Артюрге еріп кетпей ме? Әлемді кезіп. Өздерін «қарғыс атқан ақындар» деп атаған. Сонымен бірге оларға «қаңғыбас ақындар» деген лақап ат беруге де болады. Артюрды «асыраған» – Поль Верлен. Гюго Рэмбоның өлеңдерін оқып, «Бала Шекспир» деп баға берген екен. Шыны керек, Артюр – жоқшылыққа түкірген адам. Рэмбоны екіге бөлуге болады: ақын Рэмбо және саудагер Рэмбо. Өлеңді небәрі үш-төрт жыл ғана жазған. «Мен жазарымды жаздым. Әрі қарай былшыл, күңкіл ғана туады», – деп Африкаға кетіп қалады. Адам саудасымен айналысып кетеді. Ол – енді басқа Рэмбо. «Бог – это юность моя» деп жырлаған ақын:
Не столь ничтожным, одиноким –
Умру я. Чтоб не умирали,
Повсюду в мире Пастухи, – деп өтті жалғаннан.
БЕТХОВЕН. Оның кереңдігі талантын ашқандай көрінеді. Жасы отызға жақындағанда, алғашқы белгілері байқала бастаған екен. Елуде мүлде естімей қалады. Енді мынаған қараңыз: Бетховеннің ұлы шығармалары тас керең болып қалған кезде дүниеге келген. «Элиза», «Ай сонатасы». Тас керең адам музыканы қалай жазған сонда? Бұл – Алланың әділдігі тағы да. Қасіретпен қатар қасиетті беріп отыр. Бұл дертті басынан кешкен ол өз-өзіне қол жұмсамақ та болған. Бірақ құдіретті музыка оны елітіп, ертіп әкетті мәңгілікке.
Бәрінің өмірі бал болып өтті дейсіз бе? Тоқшылық пен жоқшылықта өмір сүргеннің барлығына қасірет берді. Гетенің «Фаусты», Михаил Булгаковтың «Мастер и Маргаритасы», Оноре де Бальзактың «Шагреневая кожасы» осы дүниеге саяды. Қасіретті көрмейінше, қасиет жоқ. Қасіретті кешкен адам қасиетті тани біледі. Жылап-сықтаудың өзі – ұят.
Екеуі де керек. Бірақ екеуін берік қылып рухани дүние ұстайтынын ұмытпағайсыз,
Ерболат ҚУАТБЕК,
сыншы