Жұмыс табу жеңілдей түсті
Енді автобуста бара жатып та жұмыс табуға болады. Қарағандылықтар қоғамдық көлікте орналастырылған QR-кодтар арқылы бос жұмыс орындары, қайта оқыту және өз ісін ашуға грант алу мүмкіндіктері туралы ақпарат алатын болды.
– Біз адамдарды жаппай қамту үшін QR-кодтарды қалалық алты бағыттың 40 автобусына орналастырдық. Сілтеме арқылы enbek.kz порталына өткен жұмыссыздар жұмыс таба алады, түйіндеме қалдыра алады, жұмысынан айырылуына байланысты төлем алуға қажетті құжаттар, қайта оқуға өтініш бере алады, грант алу мүмкіндігі туралы біле алады, – дейді Қарағанды қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Нұржан Сыздықов. – Сондай-ақ «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар», «Күміс жас» жобалары туралы ақпарат орналастырылған.
Бүгінгі таңда қалада барлығы 1 700 жұмыссыз тіркелген. Бұл ретте 2 000 бос жұмыс орны бар.
– Сондай-ақ жақын арада қалааралық автобустарда осындай QR-кодтар пайда болады. Бұған дейін біз оларды супермаркеттерде және кей емханада орналастырдық, – дейді Нұржан Сыздықов. – Қарағандыда WhatsApp жедел желісі де жұмыс істейді, тұрғындар осы арқылы да жұмыс таба алады. Ол үшін +7-775-644-35-80 нөміріне хабарлама жіберу немесе 96-63-93, 99-63-94 нөмірлеріне қоңырау шалу керек. Біздің Жұмыспен қамту орталығы Бұқар жырау, 51/4 (1-қабат) мекенжайында орналасқан.
Жыл соңына дейін кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша белсенді жұмыспен қамту шараларымен Қарағандының 7 600 тұрғынын қамту жоспарлануда.
Өз тілшімізден