Әдеп жөніндегі кеңес қызметі
Бүгінгі күні кез келген жағдайда тиісті тәсілдер мен айрықша шешімдер табуға қабілетті, ерекше ойлайтын жаңа форматтағы мемлекеттік қызметшілер қалыптастыру – қазіргі заманғы мемлекеттік қызметтегі басты талаптардың бірі.
Мемлекеттік қызметшілер – билік пен халық арасын байланыстыратын алтын көпір. Сондықтан олардың кәсіби біліктілігімен қатар мінез-құлқы, жүріс-тұрысы өзгелерге үлгі болуы тиіс.
Елді жоғары деңгейде дамыту үшін мемлекеттік қызметшінің бойында жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім, әділдік, адалдық сияқты қасиеттер болуы тиіс. Сол себепті осы бағытта жұмыс істеу – бүгінгі күннің талабы.
Ал бұл бағыттағы жұмыстарды іске асыруда Әдеп жөніндегі кеңестің алатын орны ерекше. Себебі кеңес мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауына тікелей ықпал етеді, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарын қарайды. Сонымен қатар кеңес мүшелері отырыстарында әдеп жөніндегі уәкілдер қызметінің нәтижелерін қарап, тәртіптік комиссиялар жұмысын үйлестіреді және өзге де лауазымды адамдардың есебін тыңдайды.
Жылдан-жылға тәртіптік істердің саны және қаралатын профилактикалық мәселелер үлесінің өсу динамикасы байқалады. Атап айтқанда, 2021 жылы қаралған 40 мәселенің 14-і және 2022 жылы қаралған 35 мәселенің 6-ауы тәртіптік іс болса, биылғы жылы 2 отырыста барлығы 10 мәселе қаралған және олардың бәрі – профилактикалық бағыттағы мәселе.
Бүгінгі таңда Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мемлекеттік қызметшілердің әдептілік деңгейін көтеруге бағытталған шаралар қабылдап, белсенді жұмыс жасауда. Бұл мақсатта Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері тек отырыстарға қатысып қана қоймай, мемлекеттік органдар арасында, оның ішінде аудан және ауылдық округтерге барып, мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын өткізеді, азаматтарды жеке қабылдайды. Мысалы, ағымдағы жылы осындай іс-шаралар Ақтоғай және Шет аудандарында өткізілді.
Мұндай шаралар мемлекеттік қызметшілер тарапынан тәртіптік теріс қылық жасалмауына, мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға, халыққа жақын, әр істе әділ болуға септігін тигізері сөзсіз.
Бағдары айқын, қызметі елеулі Әдеп жөніндегі кеңес институты халық сенімін ақтауға күш сала бермек.
Берік Смағамбетұлы Дүйсетаев,
«Қазақстан» РТРК» АҚ
Қарағанды облыстық филиалының директоры