Жол мәселесі назарда
Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов әлеуметтік желідегі парақшасында тұрғындардың автожол сапасына қатысты айтқан сынына жауап берді. Қарағандылықтар орталық көшелердегі жолдың жыл сайын жөнделетінін, шеткі аймақтардың жолы ондаған жыл бойы қараусыз жататынын жеткізген-ді.
Қала басшысының айтуынша, «орталық көшенің жолы жыл сайын жөнделеді» деген – жаңсақ пікір. Қалада дәл қазір жаңадан төселген 3 жол ғана бар. Өзге жолдардың күрделі жөндеуден өтпегеніне 5 жылдан асып кеткен. Сондықтан олардағы ұңқыр-шұңқырды тегістеп, қалпына келтіру туралы шешім қабылданыпты.
«Шұңқырларды тегістеу жұмыстарын аяқтап үлгермей жатып «жөндеу жұмыстарын бір жерде ғана жүргізесіздер» деген сынды т.б. сын түсіп жатыр. Іс жүзінде қалада жаңа салынған үш жол ғана бар. Қалғандарына 5 жылдан астам уақыт өтті, сонымен қатар ешқашан күрделі жөндеуден өткен емес, тек орташа жөндеуден өткенін атап айту керек.
Орташа жөндеудің қызмет ету мерзімі көшелердің санатына байланысты 3 жылдан 5 жылға дейін. Көп жағдайда жөндеу мерзімі 3 жылдық кепілдік міндеттемелер бойынша жүргізіледі. Сондықтан мердігер бір жолдағы кемшіліктерді келер жылы өз есебінен түзеп жатқандықтан, солай ойлайсыздар.
Мәселеге объективті түрде қарайық, қаланың негізгі көшелері осыдан 9-10 жыл бұрын жөнделді. Мәселен, 2011 жылы Назарбаев, 2013 жылы Бұқар жырау және Ерубаев, Интернационалистер, Чкалов, Аманжолов, Ермеков, Шахтерлер, Әбдіров 2014 жылы жөнделді, ал 2015 жылы Молоков, Орлов және Волгодонск жөнделді. Бұл жолдардың шұңқырын тегістейміз, себебі күрделі жөндеуге әзірге қаржы жетіспейді», – деп жазды Мейрам Кожухов.
Қаладағы автожолдар ахуалын назарда ұстайтынын айтқан қала басшысы тұрғындардан сабыр сақтап, күрделі мәселені оңтайлы шешуге уақыт беруін сұрады.
Өз тілшімізден