Күндізгі стационар ашылады
Қарағандыда мүгедек балалар күндізгі стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет алатын шағын мекеме пайда болады. Ол 12 төсекке арналған. Бұл стационарды пилоттық жоба аясында бизнес субъектілерінің көмегімен ашу жоспарлануда. Облыстық мәслихаттың екінші сессиясында әлеуметтік жобаны іске асыру және бюджеттің басқа да шығыстары туралы өңір басшысы Ермағамбет Бөлекбаев айтып берді.
– Биыл біз әлеуметтік жобаны, мүгедек балаларға арналған шағын үй жобасын, іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл – алғаш біз бастаған өте маңызды жоба. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр, – деп атап өтті Ермағамбет Бөлекбаев. – Сондай-ақ ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртуды жалғастырамыз, ауылдық өңірлердің дәрігерлеріне біржолғы қосымша төлем жасаймыз. АӘК алушы отбасылардан шыққан мектепке дейінгі ұйымдардағы балаларды тегін тамақпен қамтамасыз етеміз.
Сондай-ақ бюджетте ТКШ объектілерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған қосымша шығыстар ескерілді. Қарағандыда ірі магистралдық жылу құбырының құрылысы жалғасады.
– Бұл жылутаратқышсыз облыс орталығы белсенді дамымайды, – деп атап өтті Ермағамбет Бөлекбаев.
– Экономиканың нақты секторына бөлінетін қаражаттың жалпы көлемінің 64%-ы бағытталды. Қаржы жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру объектілерін жөндеуге және салуға, коммуналдық шаруашылықты дамытуға, қалааралық және қалаішілік қатынастарда жолаушылар тасымалын субсидиялауға қарастырылған, – деп хабарлады сессияда Экономика басқармасының басшысы Людмила Башарина. – Сондай-ақ қаражат автожолдарды жөндеуге, тұрғын үйлер мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға, апатты су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтіруге және облыстың ветеринарлық станцияларының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталатын болады.
Әлеуметтік салада денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жөндеу және нығайту, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, білім беру, спорт және денсаулық сақтау объектілерін салу қаржыландырылады.
Депутаттар нақтыланған бюджет жобасын бірауыздан қолдады.