Науқанға дайындық пысықталды
Қарағанды облысындағы агрокеңесте ауылшаруашылық тауар өндірушілер көктемгі егіс жұмыстарына дайындығын талқылады. Биылғы жылы өңірдегі ауылшаруашылық дақылдарының егіс алқабы орта есеппен 43,7 мың гектарға ұлғайтылып, 1 105,5 мың гектарды құрайды. Отырысқа Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев және ауылшаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек қатысты.
Өңірде дәнді дақылдарды жаппай себу мамырдың бірінші онкүндігінде басталады. Қазіргі уақытта ауылшаруашылығы техникасын егіс жұмыстарына дайындау аяқталуда.
Егіс науқанына барлығы 9,5 мыңнан астам трактор, 248 егіс кешені және 4 774 сепкіш тартылатын болады.
– Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – көктемгі дала жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу, – деп атап өтті Ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров. – Көктемгі егісті жүргізу үшін 106,5 мың тонна дәнді дақыл мен 42 мың тонна картоп тұқымы себілді, бұл ішкі қажеттілікті толығымен жабады. Бюджеттен жоғары дәрежелі тұқым, минералды тыңайтқыш пен гербицидтер субсидиялауға 3,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Биыл облыс бойынша 20,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінеді.
Ауылшаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек қатысушыларға субсидиялаудың жаңа ережелерін таныстырып, көктемгі егіс жұмыстары қарқынын жақсарту үшін не істеп жатқаны туралы айтып берді.
– Биыл еліміз бойынша 23,4 млн га жер егуді жоспарлап отырмыз. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 67 мың гектарға артық, – деп атап өтті Әбілқайыр Тамабек. – Бірінші және екінші класты 2,3 млн тоннадан астам тұқым дайындалды. Өкінішке орай, біз әлі күнге дейін тұқым жөнінде импортқа тәуелді боп отырмыз. Бұл мәселені шешу үшін тұқым шаруашылығын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді. Онда біз тұқым тазарту техникасын сатып алуға арналған инвестициялық субсидиялардың 80 пайызын қарастырдық.
«Сұрақ-жауап» сессиясында аграршылар логистика мен өткізу нарығына байланысты мәселелерді ортаға салды.
– Өткен жылдың сәуірімен салыстырғанда майлы дақылдар мен дәнді дақылдар бағасы тура екі есе түсіп кетті. Не себу керегін және қандай дақыл үнемді болатынын анықтау қиын. Қазір біз үшін ең басты міндет – барлық шығынды азайту, – деп атап өтті Осакаровка ауданының «Найдоровское» ЖШС директоры Павел Лущак. – Фермерлер шығындарының едәуір бөлігі – техниканың, жалақының, тыңайтқыштардың және өсімдік қорғаудың қосалқы бөлшектері. Біз көкөніс қоймалары мен картоп қоймаларын салуға бұрынғы субсидиялау нормаларын қайтаруды ұсынамыз. Және логистика мәселесін шешсеңіздер.
Қарағанды облысының агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің ауылшаруашылығын қолдау қауымдастығы заң қызметінің басшысы Балғат Жұмкин агрокеңесте мал өсірушілердің мәселелерін көтерді.
– Мал шаруашылығы өнімдерін өндірудің өзіндік құны күрт өсті, ал сату бағасы өзгеріссіз қалады. Мал шаруашылығының рентабелдігі төмендейді. Бұл мәселені шешу үшін біз мал азығын дайындау шығындарын төмендететін субсидиялау нормаларын қайта қарауды ұсынамыз, – дейді Балғат Жұмкин. – Сондай-ақ мал шаруашылығын субсидиялау регламентіндегі талаптардың бірі – шаруашылық есептік нөмірінің болуы. Оны алу үшін фермерлерде мал қораларының техникалық төлқұжаты болуы керек және т.б. Біз оларды заңдастыруға уақыт беруді ұсынамыз.
Агрокеңестің жұмысын аяқтаған Ермағамбет Бөлекбаев айтылған барлық мәселені зерделеп, ауылшаруашылық өндірушілеріне барынша көмектесуді тапсырды.
– Күзде жоғары өнім жинау және осы арқылы Қарағанды облысының азық-түлік қорына сенімді болу үшін көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізу қажет, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ Нұра ауданының Шахтер ауылында өткен кездесуде қаржы институттарының өкілдері аграршылармен мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпарат бөлісті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі