Поэзия фестивалі өтеді
Қаламызда 21-22 сәуір аралығында «Қарағанды көктемі» атты поэзия фестивалі өтеді. Тағылымды шараны Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастыруда.
– Фестиваль әуелде республика көлемін қамтиды деп едік, Түркия мен Әзербайжан, Өзбекстаннан келетін қонақтарымыз қосылғандықтан, халықаралық деңгейге көтерілді, – дейді Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының басшысы Жанат Жаңқашұлы.
Фестивальдың ашылу салтанаты Достық үйінде өтеді. Түс ауа қонақтар ҚарЛАГ саяси-тұтқындар лагерінің музейіне экскурсияға барады. Ал кешкілік Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің бас ғимаратында түркі әлемі ақындарының жыр кеші өтеді.
Ал фестивальдың екінші күні Қасым үйіне экскурсия жасаумен басталмақ. Осы жерде жас ақындар шығармашылығы таныстырылып, ең мықты деген екі ақын іріктеліп, жыр жинақтары жарыққа шығарылады.
Фестивальдың құрметті қонақтары қатарында Ekber Qoşalı (Azərbaycan), Yılmaz Okuklu (Türkiye), Selim Yuhay (Türkiye), Хосият Рустамова (Өзбекстан), Ұлықбек Есдәулет (Алматы), Ғалым Жайлыбай (Астана), Светқали Нұржан (Маңғыстау), Сұраған Рахметұлы (Астана), Шаһизада Әбдікәрімов (Қызылорда), Маралтай Райымбекұлы (Алматы), Бауыржан Бабажанұлы (Астана), Ғазиз Ештанаев (Ұлытау), Serik Elikbay (Павлодар), Дәулеткерей Кәпұлы (Астана), Қалқаман Сарин (Өскемен), Tanagoz Tolkynkyzy (Астана), Сағыныш Намазшамова (Талдықорған), Ербол Алшынбай (Астана), Айжан Тәбәрік (Астана) бар.