Ғылымның қара шаңырағы
Биыл Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдарда Қазақстандағы өндірістің дамуына байланысты туындаған мамандарға деген сұранысты қамтамасыз ету мақсатында 1953 жылы негізі қаланған Қарағанды тау-кен институты бүгінде елімізде 70 жылдық тарихы мен тәжірибесі бар техникалық білім беретін негізгі оқу ордаларының біріне айналып отыр.
Осы айтулы сәтке орай шетел тілдері кафедрасы «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті тарихы беттерінен» атты викторина ұйымдастырды. Тәрбиелік іс-шараға 1-курс студенттері және Әлихан Бөкейхан атындағы орта мектептің 11-сынып оқушылары – болашақ түлектер қатысты. Викторинаның бірінші айналымында негізі 1957 жылы тау-кен-электромеханикалық факультет ретінде қаланған қазіргі энергетика, автоматика және телебайланыс факультетінің студенттері кафедра тарихына шолу жасап, арнайы дайындаған бейнеролик көрсетсе, 1997 жылы ҚарМТУ инженерлік-құрылыс факультетінде ашылған сәулет және дизайн кафедрасының студенттері макеттер көрмесін ұйымдастырды.
Үш тілде ұйымдастырылған интерактивті викторинада тарихи маңызы бар көптеген сұрақ қойылды. Жаңадан құрылған Қарағанды тау-кен институтының бірінші директоры болып тағайындалған Мәскеу тау-кен институтының доценті, техника ғылымдарының кандидаты Юнус Қадырұлы Нұрмұхамедов және оның басшылығымен 1953 жылы ашылған ең алғашқы мамандықтар «Пайдалы қазбалардың кен орнын әзірлеу», «Тау-кен электр механикасы» болды. ҚР ҰҒА және АЕН академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Сағынов Әбілқас Сағынұлы 1955-1987 жылдары тізгіндеген ҚарПТИ жетістіктері талқыланды. Оқу орнымен байланысты көрнекті тұлғалардың жұмысы еске түсірілді: 1955 жылдан бастап Қарағанды политехникалық институтында қызмет атқарған тұңғыш қазақ математигі, Қазақстан Республикасының қалыптасуына, жер бүтіндігін сақтап қалуға сансыз үлес қосқан ғалым әрі Алашорда қайраткері Әлімхан Әбеуұлы Ермеков; 1958 жылы Қарағанды политехникалық институтында Ә.С.Сағыновтың бастауымен бас оқу-зертханалық корпустың құрылысы қарсаңында ректормен кездесу ұйымдастырған қазақтың үздік ғалым-геологі, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев; 1962-1965 жылдар аралығында Қарағанды политехникалық институтында оқып, инженер-металлург дипломын алған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев. Сонымен қатар бүгінгі таңда 9 факультеттегі 34 кафедрада 38-ден астам білім беру бағдарламасы бойынша оқытатын, 10 000-нан астам студент пен 700 оқытушыны, оның ішінде 90 ғылым докторы мен профессорларды, 36 академикті қамтитын, 72 200 шаршы метр аумақта 7 білім беру ғимаратында орналасқан жоғары оқу орнының халықаралық QS World University Rankings дүниежүзі университеттерінің рейтингісінде 651+ кластерінен орын алуы – үлкен жетістік. Қазақстандағы техникалық мамандықтар бойынша білім беретін негізгі университет ретінде жылына 2000-нан астам магистранты пен докторантын академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша шетел университеттерінде оқытып, халықаралық ынтымақтастық аясында Германия, Ұлыбритания, Швейцария, Солтүстік Ирландия, Венгрия, Болгария, Чехия, Словакия, Польша, Италия елдерінің халықаралық ұйымдарымен және университеттерімен 100-ден астам келісімшарт жасады.
Іс-шараның соңғы айналымында студенттер «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 50 жылдан кейін» тақырыбына ұшқыр қиялдары жетелеп, оқу ордасы болашағын қалай көретіндерін бейнелейтін суреттер салды. Бірі зәулім ғимараттар мен жаңа технологиялардың үздік нұсқалары қолданылатын, жаңа заман талаптарына сай кампустық қалашық ретінде көрсетсе, енді бірі 50 жылдан кейін университетіміздің дүниежүзіндегі ең үздік оқу орындары Кэмбридж университеті мен Оксфорд университеті қатарынан көрінетініне үмітті.
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті тарихы беттерінен» викторинасына қатысқан барлық студент пен көрермендер, оқытушылар құрамы университетке ақ тілектерін білдіріп, үлкен ғылыми жетістіктер мен жаңалықтар, барлық түлектеріне кәсіби белестердің биік шыңынан көрінуін тіледі.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің
шетел тілдері кафедрасы