Табиғи музыка. Мөлдір әуен. Романтикалық атмосфера
Бұрнағы күні Қарағанды қаласында дәл осындай атаумен ерекше әсерлі әдеби кеш өтті. Сонау Түркістан жерінен арнайы келген қос шайыр Еламан Төлеутай мен Рыскүл Досжанованың «Тармақтар» жыр жинағы таныстырылып, жүректен шыққан жырлар қалың көрерменге жол тартты. Тағылымды кешті өткізуге Қарағанды қаласы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы қолдау көрсеткенін де атап өткен жөн.
– Қара өлеңнің қағбасы – Қарағандыда өткен кешіміз жайлы қалай айтсақ та, жазсақ та аздық етер… Өйткені Қарағандыда оқырманымыз көп екен. Осындай ғажайып кештің себепкері – Еламан екеуіміз емес, ең әуелі Жанат Жаңқашұлы ағамыз және Қарағанды қаласының әкімдігі. Бір ауыз хабарласқанымызда, «ағалаған» көңілімізді көкке көтерді. Орта қандай, оқырман қандай, сол ортаны осылай қолдай алатын басшылары, қала әкімінің орынбасары Ләззат Төкен қандай?! Риза болдық! – дейді кештің өтуіне ұйытқы болған ақын Рыскүл Досжанова.
Иә, бұл кештің аурасы мүлдем бөлек болғанын атап өткен жөн. Әсіресе «Пиано» мейрамханасының іші де тұп-тура осы кешке бола безендірілгендей әсер қалдырады. Кеш соңында ашық микрофон ұйымдастырылып, қарағандылық жастардың өлең оқуына мүмкіндік берілді. Көңіл қуантарлығы – жастарымыз жергілікті шайырлардың жырларын жатқа біледі екен. Жүректен шыққан сөзді тыңдарман жүрегіне мәнеріне келтіріп жеткізе білген жалынды жастардың өнеріне тамсанып, ерекше толғанысқа түсті жиналған қалың көпшілік.
– Әдемі кеш өтті. Кейінгі жылдары Қарағандыма қарап таң қалам, тамсанам. Қандай өресі биік, талғамы жоғары жастар қатары өсіп келеді! Керемет! Сөз қадірін, ән құдіретін бойына сіңірген жастары өскен қандай ғажап мекенге айналған! Қуанамын! Өсіңіздер, өніңіздер, бақытты ғұмыр кешіңіздер! – дейді Бақыт Ақтаулова есімді тыңдарман.
Бұл кештің басты шарасы «Тармақтар» кітабының таныстырылымы болғанын атап өткен жөн. Қазір технология қарыштап дамып, баяғы қағаз баспаға сұраныс азайып қалды ғой. Десек те оқырман әлі бар. Оқырман азайды екен деп, қарап отыруға да болмайды. Қайта әдебиетті дамытамыз десек, заманның толқынына ілесіп, көштен қалмауға қам қылу қажет-ақ. Мұны кітап авторлары да жақсы түсінген екен. Сондықтан жыр жинағын заманауи гаджеттерге бейімдеп әзірлепті. Яғни әр бетін парақтап, қолыңыздағы смартфонды жақындатсаңыз болды, өлең авторының биографиясы, өз даусымен оқыған жырлары мен әсерлі мелодия қолыңыздағы құрылғыдан сайрай жөнеледі. Бұл да болса жастардың кітапқа деген қызығушылығын оятуға жасалған батыл қадамның бірі дер едік.
Арман ӘБІЛҚАСЫМ,
«QH»