Ұлы ойшыл рухына тағзым
Қарағанды медицина университетінде қазақ әдебиетінің ұлы классигі Шәкәрім Құдайбердіұлының мерейлі 165 жылдығына арналған «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» атты республикалық танымдық, әдеби-сазды кеш өтті. Тағылымды шараны университеттің Тілдерді дамыту орталығы ұйымдастырған. Кеш шымылдығы университет студенттері әзірлеген ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім заманындағы қойылыммен түріліп, қонақтар арасында тартымды байланыс орнады.
Салтанатты кеште Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің күміс көмей, жез таңдай әншісі Дәуренбек Әркенов Абай әндерін шырқап, көрерменге әдемі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ медицина университетінің шығармашылық ұжымдары – «Жігер» домбыра ансамблі, «Қарагөз» халықтық шығыс билері ансамблі, «Жыр-жауһар» поэзия клубы – кеш көркін әрлей түсті.
Шәкәрімнің «Еңлік – Кебек» поэмасынан алынған үзіндіні сахналауы шара шырайын аша түскенін де атап өткен жөн. Студенттер қос ғашықтың қайғылы тағдыры туралы тарихи оқиғаны шынайы жеткізе білді. Сондай-ақ қазақтың ұлы тұлғалары хакім Абай мен Шәкәрім өлеңдері қазақ және орыс тілдерінде оқылып, үндістандық студенттер Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін нақышына келтіре шырқады.
Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Әбеуова алғы сөзінде қазақтың маңдайына біткен ұлы ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлының қазақ халқына қалдырған құнды мұраларына тоқталып, жиналған қонақтарды ақынның 165 жылдық мерейтойымен құттықтады. Осындай ұлы тұлғаны дәріптеп отырған университет әкімшілігіне алғыс білдірді. Студенттерге Шәкәрімдей асыл тұлғалардың қасиеті дарып, осындай тұлғалардың мұралары кеңінен дәріптеліп, насихатталып жатса, оның ең үлкен жетістік екенін айтып өтті.
Тағылымды кешке Қарағанды облысы әкімдігінің өкілдері, «Аманат» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасы, сондай-ақ есімдері республика көлеміне танымал ғалымдар мен ақындар және Қарағанды қаласының жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты. Ұлыларды ұлықтау шарасына өзге қалалардан да арнайы қонақтар келген. Қадірлі қонақтардың қатарында Қазақстанға белгілі абайтанушы, Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектерін жіті зерттеп жүрген ғалым, философия ғылымдарының кандидаты Асан Қайырбекұлы Омаров та бар. Ол жиналған көпшілікке хакім Абай мен оның рухани үндестіктегі шәкірті Шәкәрім шығармашылығы жайында дайындалған жаңа оқу құралын таныстырып, Шәкәрімнің өмір жолы жөнінде шағын баяндама жасады.
Танымдық сазды кештің негізгі мақсаты – қазақтың бай да құнарлы поэзиясынан сусындап, ауыз әдебиеті мұраларының табиғатымен нәрленген Шәкәрім қажы туындыларының өзіндік өрнегіне бойлай отырып, көркем сөз шеберінің ақындық дүниетанымы мен идеяларын кейінгі ұрпақ санасына дарыту, философиялық тұжырымдамамен таныстыру.
– Биылғы жыл басында жоспарланған шаралардың бірі әрі бірегейі философ-ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығы еді. Мерейтойды атап өту арқылы медицина университетінде оқитын студенттердің бойында рухани танымдық ой-сана қалыптастыру, ұлыларды ұлықтау секілді түсініктер дарытуды мақсат еттік, – дейді Қарағанды медицина университеті Тілдерді дамыту орталығының басшысы Марина Мәретбаева.
Ұлтымыздың рухани ұстазы, ұлы Абайдың ізбасары, оның дәстүрін жалғастырушы, қазақ халқының ғұлама ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлы жарты ғасырдан астам өмір сүрген кезеңінде әдебиеттің барлық жанрында қоғамның әр саласында өзінің ой-толғамымен із қалдырған. Ол – өз заманында исі қазақ жұртының дүниетанымы мен әдет-ғұрпының дамуына үлес қосқан, философиялық ілімімен өшпес мұра қалдырған ұлы тұлға.
Айта кету керек, М.Әуезов және Н.В.Гоголь атындағы кітапханалар «Шәкәрім өсиеті, адалдық айнасы» атты көрме ұсынды. Онда Шәкәрім өмірі мен шығармашылығы кеңінен таныстырылды.
Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,
«QH»