Құнартылған ұнның пайдасы
Бидай – дүниежүзінде ең көп таралған дәнді дақыл. Өсірілген бидайдың басым бөлігі адам тұтынуына пайдаланылады және бұл өнімді тұтыну арқылы адам ағзасы тағамға байланысты күнделікті энергия қажеттілігін 17-45%-ға дейін қанағаттандырады. Біз ұн өнімдерін күнделікті жейміз. Нан мен ұнның таралуы, әмбебаптығы және күнделікті тұтынылуының арқасында адамзатты темір, фолий қышқылы және дәрумендер сияқты өте қажет микроэлементтермен қамтамасыз етудің ең тиімді жолы саналады. Бидай дәндерінің құрамында В1 (тиамин), В2 (рибофлавин), В3 (ниацин), В6 (пиридоксин), темір және мырыш дәрумендерінің көп мөлшері бар. Бірақ бұл микроэлементтер дәннің сыртқы қабатында болғандықтан, олардың көпшілігі өңдеу кезінде жоғалады. Сонымен қатар соңғы 100 жылда дәнді дақылдардағы пайдалы микроэлементтердің мөлшері 40%-дан астам азайды. Сондықтан бұл микроэлементтерді ұнға қосудың қажеттілігі туындайды.
Бүгінгі таңда азық-түлік өнімдерінің көпшілігі технологиялық өңдеу салдарынан пайдалы қасиеттерін жоғалтады. Оларды қалпына келтірудің ең пайдалы тәсілі – дәрумендермен байыту.
Атап айтқанда, дәрумендермен, микроэлементтермен байытылған ұн адам ағзасына пайдалы. Бұл біздің еліміздің заңнамасында да қарастырылған. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде ұнның жекелеген түрлерін микроэлементтермен және дәрумендермен міндетті түрде байыту көзделген. Осының негізінде аудан аймағында орналасқан диірмен кешендері де ұнды темір, мырыш, фолий қышқылы және дәрумендерден тұратын дәруменді-минералды қоспамен (премикспен) байытады. Тек жоғары және бірінші сұрыпты ұн ғана байытылады, оны дайындау кезінде астық микроэлементтер мен дәрумендердің ең көп мөлшері бар қабығынан тазартылады. Анемияның себебі – дәрумен минералды кешеннің құрамына кіретін фолий қышқылы мен темірдің болмауы. Құнартылған ұн өнімін тұтыну анемияның таралуын азайтады. Темір қышқылының жетіспеуінен әлемде қаншама адам зардап шегеді. Микроэлементтер тапшылығы мәселесін шешу – ең өзекті және кезек күттірмейтін міндеттердің бірі, әсіресе бұл мәселені шешуге кететін шығын микронутриенттер тапшылығынан болатын экономикалық шығындардан он есе аз. Микроэлементтер тапшылығын жоюдың ең тиімді және тұрақты стратегиясы – күнделікті тағамдарды (темірмен байытылған ұн/нан) байыту (фортификация).
Дәрумендер мен минералдар тапшылығы мәселесін шешудің негізгі 3 жолы бар, олар: қосымша қабылдау, яғни құрамында қажетті микроэлементтер немесе дәрумендер бар таблеткаларды, сироп түріндегі препараттарды (дәрілік емес) қабылдау; азық-түлікті байыту, яғни тағамды маңызды микроэлементтермен және дәрумендермен байыту (бидай ұнын темірмен, фолий қышқылымен, дәрумендермен байыту және тұзды йодтау); тамақтану әдеттерін өзгерту, яғни микроэлементтер мен дәрумендерге бай тағамдардың биожетімділігін және тұтынылуын арттыру, сондай-ақ микроэлементтердің сіңуіне кедергі келтіретін заттарды қабылдауды реттеу. Дәстүрлі түрде Қазақстан Республикасында нан және ұн өнімдері тамақ рационының көп бөлігін құрайды, сондықтан ұн темір мен фолий қышқылының тапшылығын толтыруға болатын ең тиімді өнім саналады. Республикада ұнды байыту үшін халық қажеттілігін, климаттық, географиялық және Орталық Азияның басқа да факторларын ескере отырып, Қазақ тамақтану академиясы арнайы әзірлеген дәрумендер мен минералдардың қоспасы (премикс) қолданылады. Премикс құрамына В1 (1,3% тиамин), В2 (2% рибофлавин), В3 (6,7% ниацин), 1% фолий қышқылы, 33,5% темір және 14,7% мырыш кіреді Өндірістің соңғы сатысында арнайы құрылғының (диспенсер) көмегімен 1 тонна бірінші сұрыпты ұнға 150 грамм премикс қосылып, араластырылады.
Байытылған ұн пісіргенде өзінің қоректік заттарын 95%-ға дейін сақтайды. Байытылған ұнды биркадағы «Soglom Mahsulotlar» арнайы логотипімен және «Дәруменді және минералды қоспамен байытылған ұн» деген жазуы арқылы ажыратуға болады.
Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!
Аюпова Ж.Т.,
Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы