Әлемдегі ең бақытты елдің формуласы
Суицидті бұл ел Д витаминімен жеңген. Мұнда қоқыс – ең басты байлық. Планетамызда өз қоқысы өзіне жетпей, көрші елден қоқыс сатып алып, одан энергия өндіріп отырған жалғыз ел – Швеция.
Әлемдегі ең беделді Нобель сыйлығын да осында береді.
Мұнда тапқан табысыңның жартысынан көбін салыққа бересің. Соған қарамастан дүниеде өзін ең бақытты сезінетіндер Скандинавия елдерінде тұрады екен. Бұл – зерттеулер нәтижесі.
Швецияда 50 млрд доллары бар «шіріген бай» да қоғамдық көлікпен жүре береді.
«Lagom» деген термин Швеция халқының санасына туғалы құйылады. Ол – бақыттың кілті есептеледі.
Бүкіл мемлекеттік жүйе, барлық өндіріс, қызмет көрсету, жалпы өмір сүру салты осы «Lagom» негізінде жұмыс істейді. Ол не түсінік? Әрі қарай оқыңыз.
«Lagom» деген – қарапайымдылық. Адамның өзінің басқадан қай жағынан да артық екенін көрсетпеу. Бұл түсінік бойынша, мақтану – мәдениетсіздік, жат қылық.
Өзін қарапайым ұстау, жұртпен тең жүру – Швецияда ең басты құндылық. Мұнда өзінің материалдық, интеллектуалдық тұрғыдан жеткен жетістігімен мақтанып жар салу, көрсету – нонсенс.
Халқы «лагом» түсінігінде өмір сүргендіктен, іштарлық, көре алмау деген дүние атымен жоқ. Киім киіс, жүріс-тұрыс, қарым-қатынас – бәрі қарапайым.
Швеция ханшайымы Мадленнің көшеде итінің бүлдіріп кеткенін тазалап жүргенін көру – әдеттегі жағдай. Оның үй шаруасымен айналысуы да – дәл сондай дүние.
60-70 жылдарда өз-өзіне қол жұмсаудан алдыңғы орынға шыққан Швеция, жалпы Скандинавия елдері ол проблемадан Д витаминінің көмегімен құтылған. Географиялық орны, климаттық жағдай тұрғындарда Д витаминінің жетіспеуіне әкеледі, салдарынан психикада проблема туған. Олар мұны Д витаминімен реттеген.
Швецияда адамды жұмыстан шығару ең қиын шаруа десе болады. Тіпті мүмкін емес. Ал егер сіз компанияның бұрынғы қызметкері болсаңыз, сізді жұмыстан шығару шансы нөл. «Өзің кетесің бе, әлде кетуге көмектесейін бе?» деген намек атымен жоқ.
Ал алда-жалда қысқарту бола қалса, алдымен ең соңғы келгендер кетеді, бұрыннан жүргендерді олардан бұрын ешқашан шығара алмайды.
Мұнда қызметкерлердің құқығын қорғайтын түрлі кәсіподақ көп, олардың өздері-ақ жұмыс берушіні «жеп қояды». Әділетсіздікке жол бермейді. Олармен дауласқанша, қызметкерді орнында қалдыру әлдеқайда арзан екен.
Қарапайымдылық шведтердің қанында бар және олар бұл қасиетті балаға бала кезден сіңіру үшін «Lаgom-ды» балабақша, мектеп жүйесіне ендіріп тастаған. Мұнда 6-сыныпқа дейін баға қойылмайды. Бұл да – «адамдардың бәрі бірдей» деген лагомдық-ұлттық ұстанымдарының негізінде жүзеге асқан дүние. Елде білім алу тегін, зейнетақы мен жәрдемақы жақсы.
Бір қызығы – архитектура да, жиһаз шығару өнеркәсібі де осы «Lagom» түсінігінде салынып, жасалады.
Қазір сәнге айналған скандинавиялық стильді, минимализмді, ойлап тапқан – осы ел: үйде артық ештеңе тұрмайды, тек қолданатын дүние ғана болу керек. Бұл да – бөлмеге жиһазды үйіп, артық дүние жинап, мақтану мен өзгенің қызғанышын тудырмау үшін «Lagom» түсінігімен жасалған идея.
Әлемге әйгілі «Икеа» осы елде шығады. Менің ең жақсы көретін брендім. Қарасаңыз, өте қарапайым. Артық безендіру, әрлеу жоқ, алтынмен аптап, күміспен баптап, жылтырақ тағып декорлату дегеннен мақұрым. Шведтер жиһазды адамнан артық құндылық етпейді, тек қажеттілік санайды, яғни іске жарайтын, пайдалануға жарамды болуы ғана маңызды. Олар үйлерін біздегідей ірі жиһазбен толтырып, тар жерде тамаша болып отырмайды.
Айтпақшы, «Икеаны» ойлап тапқан жан 50 млрд доллары бар өте бай бола тұра қоғамдық көлікпен жүрген. Маңайына ешқандай күзетші ұстамаған. Сондай-ақ ол ысырапқа жол бермеген, мысалы, ақ қағаздың бір жағы жазылса, тастай салмаған, екінші жағын пайдаланған.
Шведтер үшін ақылды болу деген – қарапайым болу.
Ең қызығы, Швеция – планетамызда қоқыстың 99%-ын қайта өңдейтін жалғыз ел. Мұнда мұнай да, газ да жоқ. Энергияны қоқыстан алып отыр. Иә, қайта өңдеу арқылы. Бұл елде автобус, көліктер биогаз, биоэнергиямен жүреді.
Швецияда қоқыс сұрыптау – әдеттегі шаруа.
Қоқыстың ең басты «байлық» екенін балабақшада үйретеді. Кішкентай балаларға дейін-ақ шыныны бөлек контейнерге, қараны бөлек, қағазды жеке, пластмассаны жеке жинау керегін өте жақсы біледі. Егер сіз дүкенде пластик бөтелкедегі зат сатып алсаңыз, кассаға келгенде бөтелкенің құны үстінен қосылады. Бөтелке босаған соң оны тапсырып, оған төлеген ақшаңызды кез келген автоматтан қайтарып ала аласыз. Бұл да – жұртты тәртіпке тәрбиелейтін әдіс. Адамды мәдениетке, жауапкершілікке, үнемшілдікке үйретеді. Ешкім босаған бөтелкені көшеге лақтырып кетпейді.
Швеция – әлемдегі салығы ең жоғары ел (56%)!
Жұмыс беруші қызметкеріне артық жұмыс істете алмайды. Артық әр сағаты үшін төлейтін салық та жоғары.
Бұл да – «Lagom» деген түсініктен пайда болған дүние, ең бастысы – артық жұмыс істеймін деп ақшаға құнығып кетпеу, уақытын отбасына, өзіне арнау. Ашкөздікке салынбау.
Яғни адамдардың денсаулығына, жүйкесіне артық салмақ салмай, уақытында демалуын көздейді. Мұндай жүйе Швеция тұрғындарын әлемдегі ең бақытты елдің бірі етуге себін тигізіп келеді.
Бұл елде «млн-даған ақшаны несіне табасың, егер оны жұмсап рахатын көретін уақытың болмаса?» деген қағида бар. Сондықтан ақшаны қажетінше ғана тауып, жұмсап рахатын көретін уақыт қалдырады.
Мұнда уақыты жоқ адамның ең кедей адам екенін жақсы түсінеді.
Швеция туралы көп жазуға болады. Таңғалуға да. Маған ұнағаны – «Lаgom» түсінігі. Ол – тәртіп, мәдениет, экономика, денсаулық, барлық саланы, адамның өмір сүру салтын бір жүйемен ұстап тұрған ғажайып идея.
Мұны саналы, сапалы қоғамның фундаменті деп есептеймін.
Дайын формула.
Жанар Шамель