Қарағанды қар суына қауқарсыз
Қарағанды – қарқынды еріген қар суына төтеп беруге қауқарсыз қала. Олай дейтініміз – кеншілер шаһарындағы судан болар шатақ жыл сайын ушықпаса, шешілер емес. Суағар кәріздерін жөндеуге жыл сайын миллиондаған қаражат бөлінеді. Мәселен, 2017 жылы 19 млн теңге бөлінсе, 2018 жылы 36 млн теңге суағар кәріздерін қалпына келтіруге бөлінген. Алайда қала көктемде қар суынан, жазда жауын суынан арылар емес. Кезінде сұрауы болмай кеткен суағарларды майшаммен іздегендей түгендеу де жүргізілді. Десе де жаңасын төсемей, жағдай оңалмайтын сынды. Былтырғы көктем де біраз кемшіліктің барын аңғартты. Қаладағы бірер үйге су кіріп, жұрт даурықты.
Енді сол өткен жылдың өкінішін ескерген әкімдер мәселені әріден қарауда. Қазыбек би ауданының әкімі де өткен жылғы ахуалды ескере отырып, тәжірибеге сүйеніп, барлық суағар мен кәріз құдықтарын, су жүретін арықтарды тазартуды тапсырған. Елдар Дүйсетаевтың айтуынша, Университ көшесінде тасқын суын ұстап тұратын ауқымды бөгет орнатылған. Тұтқиылдан құйыла салар қызылсу мөлшерін осы каналдар арқылы саябырсыту көзделген. Қала әкімі таяуда арнайы қызмет өкілдерімен бірлесе аулалардан су шығару жұмысын жүргізуді тапсырған. Қазыбек би ауданында былтырдан бері аулаларда іркілген суды арнайы арық-каналдарға қарай ағызу амалы қарастырылып, бұл ауқымды жұмыс кезеңдеп жүзеге асуда. Жалпы, Қарағандыда суағар жүйесін толықтай жасақтауға бірер жыл қажет.
Ал әзірге қар шығару, арықтарды аршу, кәріз жолдарын реттеп, құбыр бойын тазарту жұмыстары Әлихан Бөкейхан ауданында да қолға алынған. Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі Саят Шаймин бұл бағыттағы жұмыстар жайын былай деп мәлімдеді:
– Қазіргі таңда бұл жұмыстарды біз екі ауысымда атқарып жатырмыз. Біздің 6 мердігерлік мекеме осы шаруаға жұмылдырылған. Пришахтинск, Сұрыптау станциясы, Майқұдық секторларында жұмыс атқарылып жатыр. Былтыр су жайылған аймақтарды бақылауға алып отырмыз. Біздің аудан бойынша 21 учаскені ерекше қадағалауға алдық. Тасқынға қажетті инертті материал даярланды. Тұрғындар шағымына жауапты диспетчерлік қызмет те жұртшылық қоңырауын қабылдауда. Әрбір шағым, тапсырысты әрбір мекенжайға жауапты өкілетті орган қызметкерлері мен әкімдік мамандарымен қарастырып, ретке келтірудеміз.
Жалпылама айтқанда, билік қол қусырып қарап отыр деуге де келмейді. Қала әкімінің айтуынша, 2023-2024 жылдары Қарағандының жеке секторында ұзындығы 12 шақырым болатын ашық үлгідегі нөсер кәрізінің құрылысы басталады. Жаңа тармақ Кама, Резник, Костюшко, Бензин, Добровольный тұйық көшесі, Авиаторлар тұйық көшесі, Панорама, Құрманғазы, Орск, Район, Контор, Саяхат, Гудермес, Космонавтар көшелерін қамтиды.
Сондай-ақ биылғы жылы Нефтебаза ауданы аумағында жаңа нөсер кәрізі құрылысы басталмақ. Бұл шара Қазыбек би ауданының 19 көшесін ағынды судың жайылу салдарынан сақтауға мүмкіндік береді. Бұл кәріздік құрылыс жұмысын екі жылда аяқтау жоспарда. Ағымдағы жылы ескі нөсер коллекторларын тазарту жалғасатын болады. Қала басшысының айтуынша, өткен жылы қоқыспен бітелген 5,5 шақырым нөсерлік кәріз құбырлары тазартылып, қалпына келтірілген. Басты айта кетер жайт – былтырға дейін суағарлар бойына 15 жылдан астам уақыт бойы тазарту жұмыстары жүргізілмеген. Былтыр су жүретін арықтар бойынан құрылыс қоқысын, бос пластик бөтелкелер, тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс шығару жұмыстары жүргізілді.
Иә, жұмыстар жасалып жатыр. Десе де жаңбырсыз күні құрғақ көшемен жүру – қарағандылықтар үшін әзірге арман. Қаланың Оңтүстік-Шығыс ауданындағы Гүлдер-2, Кеншілер даңғылы көшелеріндегі су екпінін еңсеруге суағарлардың шамасы жетпей жатыр. Бұл турасында толарсақтан су кешкен тұрғындар әлеуметтік желіде жариялап, жанайқайларын жеткізіп те жатыр.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QH»