«Әділетті Қазақстан дегеніміз – жалаң ұран емес»

Кеше елордамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен VIII сайланған Парламенттің алғашқы сессиясы өтті. Жиын барысында Президент елде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың маңыздылығына тоқталып, Үкімет пен Парламент алдына қойылған басты міндеттерді атап өтті. Сондай-ақ індет салдарынан жұмыстары тұралап қалған кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, экономиканы дамытудың нақты қадамдарын қабылдау қажет екеніне басымдық берді.

Қазақстан – асты мен үсті қазынаға толы бай ел. Әйтсе де «судың да сұрауы бар» деп ысырапқа жол бермеген, үнемшілдікке үйренген дархан елдің ұрпағымыз ғой. Қазба байлықтарымыз қанша мол болса да, түбінде түгесілуі мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы қазақстандық кәсіпкерлерге үндеу жолдады.

– Мен еліміздің кәсіпкерлеріне үндеу жасағым келеді. Қазақстан – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ендеше қастерлі Отанымызды бірге өркендетейік, болашағымызды бірге құрайық. Мен Президент ретінде сіздерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетініне кепілдік беремін.

Біз шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән береміз. Осы орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет.

Ірі кәсіпорындар және шикізат экспортымен айналысатын компаниялар қазынаға көбірек төлем түсірсе, әділдік болар еді. Бұл – әлемде бар озық тәжірибе. Қазір елдегі жағдай түбегейлі өзгерді. Әділетті Қазақстан дегеніміз – жалаң ұран емес, бұл – анық ақиқат. Алда атқаратын жұмыс көп. Біз бұған бір ел болып түгел атсалысуымыз керек, – деді Президент.

Елімізде демократиялық қоғам орнатуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да осы қарқында жалғаса бермек. Әрине, бірден адам құқықтары қатаң сақталып, заңмен айрықша қорғалатын мемлекетке айналып кеткіміз келеді-ақ. Десек те әлемдегі геосаяси ахуал мен ішкі мәселелер, халықтың сана-сезіміндегі ерекшеліктер де ескерілуі тиіс. Қазақстан демократиялық қоғамға жүйелі жоспар мен кешенді бағдарламалар арқылы жетеді. Соның бірі – сайлау.

Біз бұған дейін ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесіне көшкен едік. Енді биылдан бастап аудандар мен қала әкімдерін ел тікелей сайлап алатын болды. Осы жылы 45 аудан-қаланың әкімі алғаш рет халық сайлауы арқылы қызметке кіріспек.

– Небәрі бір жылда мұндай ауқымды жұмысты іске асыру – нағыз жасампаз жұрттың ғана қолынан келетін шаруа. Біз Отанымызды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам бастық. Бірақ өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс, – деді Президент.

Президенттің айтуынша, Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Кей адам, оның ішінде саясаткерлер де бар, «осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін» дегенді айтады. Бірақ бұл өзгерістердің барлығы, ең алдымен, ел болашағы үшін ауадай қажет.

– Алған бетімізден қайтуға болмайды. Керісінше, заң үстемдігі, халық бірлігі, әлеуметтік әділдік және ішкі саяси тұрақтылық секілді іргелі құндылықтарға баса мән бере отырып, реформалар жолымен алға қарай нық қадам басуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Жиында саяси реформалар ғана емес, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту, білім саласын дамыту және экономиканы өрістетуге бағытталған шаралар туралы да сөз болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент сессиясында сөйлеген сөзінің толық мәтінін Ақорданың және мемлекеттік органдардың ресми сайттарынан оқи аласыздар.

Сессия барысында жаңа сайланған құрамның бірауыздан қолдауымен Мәжіліс спикері лауазымына Ерлан Қошанов сайланды.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»