«Менің мерейлі көктемім»
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде көрікті көктемнің шуақты мерекесіне орай тамаша көрме ашылды. Бұл көрме қарағандылық талантты суретші, жаны жайсаң, кең пейілді ерекше жан Сергей Данилович Щеголихиннің 70 жылдық мерейтойына арналған. Музей қонақтарының назарына ерекше кескіндеме және графикалық жұмыстар ұсынылды.
Сергей Данилович Щеголихин 1953 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. Сережа кішкентай кезінен басқа балалардан өзінің талантымен ерекшеленді. Ол небары 4 жаста ғана болған кезде тұмаудың ауыр түрімен ауырып, есту қабілетінен айырылған. Табиғат оны есту және сөйлеу қабілетінен айырса, оған табиғат ана тамаша кескіндемелік қабілет берген. Ол 1977 жылы Ленинград политехникумының көркем безендіру бөлімінің Бүкілодақтық саңыраулар қоғамында оқып білім алды.
2006 жылы Сергей Данилович Қарағанды облысы әкімінің «Жылдың ең үздік суретшісі» атағын жеңіп алды.
Сергей Щеголихин – қарағандылық талантты, дарынды суретшілердің бірі. Оның творчестволық өмір жолы классикалық кескіндеме өркендеп тұрған 1970-1980 жылдардан бастау алады. Бұл кезеңнің жұмыстары түс қанықтығымен ерекшеленеді және кескіндемені динамикалы әрі жанды, ауада қалықтап жүргендей сезімде көрсетеді. Ол өте тиянақты табиғилықтан ауытқымай эмоционалды түрде салып, оны кейіннен бай түс колоритімен түрлендіріп отырады. Танымал Петербор мектебі оған нағыз шынайы кескіндеме өнерін үйретті. Сондықтан пейзажы да, портреті де тұрмыстық сахнада сол кезеңді дәл бейнелейді. Дегенмен ол ешқашан табиғи түрінде бәз қалпында көшірген емес. Щеголихиннің жұмыстарында әсіресе түс қанықтығына негізгі орын берілген. Бұл полотноларда суретшінің философиялық терең ой толғанысымен келгенін көруге болады.
Сергей Щеголихин оқып жүрген кездің өзінде орыс импрессионизмінің көшбасшылары Серов, Коровина, Поленовтар оған жетекші ұстаз бола білді. Міне, осыдан келіп ерекше орындау мәнері туды.
Кейіннен ол, негізінен, пейзаж, содан соң натюрморт салумен айналысты. Суретші алдын ала қиын композиция құрумен айналыспайды, ол кез келген затты табиғи күйінде бейнелейді. Адам – табиғаттың бір бөлігі, сондықтан ол табиғат заңымен өмір сүруі қажет.
2000 жылдардың басында суретшінің шығармашылығы толысып, тәжірибесі молайған кезде, ол өнер майданында бір үлкен төңкеріс жасайды. Ол жұмыстарын еркін, бұрынғыдан да еркін әрі импрессионистік бағытта жазады. Ол сезімге ырық берген сайын, оның жұмыстарында экспрессияның ұлғайғанын көруге болады. Ол бұрынғыдан да өз ойын ашық жеткізе алады, соған қарамастан, әрине, өз полотноларында түс қанықтығын, түс сезімін сақтайды. Бұл – мүмкін, үлкен қуаныш немесе қайғы-мұң, тіпті жарқын өкініш, сағыныш, өткенді аңсау, философиялық толғам, таң қалу және т.б. Олар көрермендерге кенеп беттерінде суық әрі жылы түс гаммасымен беріледі.
Бұдан әрі ұжыммен бірге пленэрге жиі-жиі шыға бастаған кезде, әріптестерімен бірігіп жасаған жұмыстары, оның ізденімпаздығын әріптестерінің қолдап-қолпаштауы суретшіге қанат бітіргендей болды. Енді ол өзінің ұстаздарының берген сабағына қарамай, тәжірибесіне сүйенбей-ақ, артына жалтақтамай, өзіне сенімді жұмыс істей алады. Ол еркін, осы еркіндігінің арқасында ол мүмкін емес заттардан тамаша туындылар жазып шығара алады.
Әсіресе соңғы жылдар суретші үшін жемісті жылдар болды. Ол портреттер сериясын жасады, грузин пейзажының сериясын, Қазақстанға арнап монументалды картиналар сомдады.
Портреттерді С.Щеголихин 1970 жылдардан бастап сала бастады. Бірақ бұл жай этюдтер болатын, онда суретшінің өзі немесе оның туыстары болатын. Ол кезде ол өз алдына шынайы мақсат қоймаған болу керек. Міне, енді Қарағанды музыкалық комедия театрының актерлерінің бейнесін сомдаған портреттер сериясы (2008) оның дарындылығының жаңа қырларын ашқандай. Олардың көбін ол сахнада сомдайтын образдарының костюмінде бейнелейді, әрине, мұнымен ол өз міндетін бұрынғыдан бетер қиындата түседі, себебі әр актердің мінезін аша білу керек. Кейіпкердің сол образды бейнелеудегі ішкі жан дүниесін көрсете алуы керек. Сонымен қатар музей залындағы көрмеден өзінің әріптестері, яғни қарағандылық суретшілер Мұрат Қалқабаевтың, Бейбіт Мұстафиннің, өнертанушы Наталья Ианинаның портретін көруге болады.
Грузияға сапары суретшіге жаңа құлшыныс берді. Қазақстандағыдан өзгеше табиғат көрінісі, сәулет өнері, кеңістік – барлығы ерекше әсер етті. Әрине, бұл сұлулық пен кереметтің бәрін беру үшін суретші оны міндетті түрде жазып қана көрсете алады. Сол кезде ғана ол көзбен көргенін, ішкі жан дүниесін толығымен көрсете алады. Таулар, өсіп тұрған жүзімдер, тас шіркеулер, түрлі-түсті теңіздер, жасыл түсті өзендер, бұл әлем мүлде өзгеше. Щеголихин Грузияға арнаған сериясында бейнелеу өнерінің өзі білетін барлық әдіс-тәсілін қолданады.
Әрине, ол өзінің елін, жерін, өз қаласын, Алатауды бейнелегенде де, кеудесін зор махаббат пен үлкен мақтаныш кернейтіні сөзсіз. «Қазақстан жерінде» (2008), «Астана. Болашақтың қаласы» (2010), «Алматының өткені мен болашағы» (2012), «Қазақстанның жомарт жері» (2012) және Қарағандыға арнаған сансыз пейзаждарында өзін суретші етіп шығарған еліне деген, жеріне деген азаматтық борышын өтегендей.
Сергей Щеголихиннің шығармашылығына соңғы нүкте қоюға әлі ерте. Таза, ақжарқын, адал жан өзінің жан дүниесін әлі де Бейбітшілік, Өмір, Өнер жайлы туындылар жазып толықтырары сөзсіз. Оның шығармашылығына ақ жол тілейміз. Суретші ізденуден жалыққан емес, сондықтан суретшінің шығармашылығынан әлі талай таңғаларлық әсем де көрікті туындылардың туатынына еш күмәніміз жоқ.
Мейрамгүл ЕЛУБАЕВА,
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі
Ғылыми-әдістеме бөлімінің басшысы