Наурыз қай кезден тойлана бастады?
Қазақтың бас ақыны Абай: «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, мауқын басып», – деп Наурызды суреттеген еді. Қарасақ, қазақта Наурызға қуанбайтын адам болмаған. Абайдан бұрынғы жыраулар сөзінде де, тарихшы Махмұд Қашқаридың еңбектерінде де, Қазақ хандығымен байланысты тарихи деректерде де қазақ халқының Наурызды әспеттегені туралы жазбалар кездеседі. Төл мейрамға «Ұлыстың ұлы күні» деп айдар тағу да соның айғағы шығар.
Адамзат баласы тарихындағы ең көне мейрамдардың бірі деп халықаралық дәрежеде мойындалғанымен, Наурыз тойлаудың қашаннан басталғаны туралы нақты дерек жоқ. Мейрамның парсының «Нау-Руз» «Жаңа күн» деген сөзінен шыққаны туралы айтылады. Әйтсе де осы мәселелерге қатысты тарихшы, этнограф, қазақтың әдет-ғұрып заңдары туралы ауқымды еңбектерімен танымал Жамбыл Артықбаевтың пікірін оқырман назарына топтап-топтап ұсынғанды жөн санадық. Еске сала кетейік, Наурызға қатысты этнографтың жазбалары оның әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған.
Наурыз мейрамының тарихы…
Қазақтың осы төл мейрамының екі-үш мың жылдық тарихы бар деген пікірді білеміз. Мен Наурыз мейрамы Еуразия даласында екі-үш мың жыл емес, он екі-он үш мың жыл бұрын тойлана бастады деген пікірдемін.
Біріншіден, шығысында Қытай қамалынан Дунайға дейінгі жерді алып жатқан далалық алқап – «һоmo sapiens», яғни саналы адам есебінде қалыптасқан орта. Оған себеп – далалық алқап жылдың төрт мезгілі түгел континенталды табиғи ортада жатыр, бұл жерде адам табиғатпен партнер, бірде жеңіледі, бірде жеңеді. Бізден солтүстікке қарай жыл он екі ай адам жігерін құм қылатын қыстың суығы ұрып тұрады, бізден оңтүстікке қарай жыл он екі ай бойы адам жігерін езіп жіберетін ыстық аймақтар бар. Табиғатпен тепе-теңдікті ұстау үшін ата-бабаларымыздың оны жақсылап зерттеуге мәжбүр болғаны аян. «Наурыз» деп біз алдымен күн мен түннің теңелген уақытын айтамыз, оны бар тіршілігі далада өтетін, еркін ойлы, ұшқыр қиялды сахара адамы аңғармағанда кім аңғарады?!
Екіншіден, қазақтың әңгімелері Наурызды Нұқ пайғамбардың заманымен байланыстырады. Жер бетін топан су басқан оқиға оқырманның бәріне де белгілі. Нұқтың жанында Құдайға сенген сексен адам бар, үш ұл, үш келіні бар, алты ай он күн су бетінде қалқып жүріп, өлдік-талдық дегенде Қазығұрт тауының ұшар басына тоқтапты дейді. Біреуі ата-анасынан, біреуі баласынан айырылған, уайым-қайғы басқан ел осы жерде жан шақырыпты. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Нұқтың әңгімесін баяндай келе: «Кеменің Қазығұрттың басына тоқтаған күні қасиетті Мұхарам айының оны екен, жұлдыз есебімен санағанда күннің Хамалдың бірінші уәжібіне кірген күні», – дейді. Арабтың календары ай есебіне негізделгеннен кейін ылғи да өзгеріп отырады, дегенмен Мұхарам айы – оларда қасиетті ай, жылдың басы деп құрметтейді. Ал жұлдыз есебімен санасақ, Хамал қазіргі уақытта «Тоқты» аталады және наурызға сәйкеседі. Осы себепті қазақ жерінің батыс аймақтарында Наурызды «Амал мерекесі» деп те атайды, «Амал» дегені «Хамалдан» шығады. Еуразия халықтарының көпшілігінде жаңа санат (григориан) календары кіргенге дейін жыл басы Наурыз болды. Қалай болғанда да, Нұқ пайғамбардың кемесі тура Наурызда Қазығұртқа тоқтаған болып отыр. Осыдан кейін «топан су қай заманда болған?» деген сұрақ туындауы заңды, қазіргі кешенді ғылыми зерттеулер жер бетінде соңғы топан судың біздің жыл санауымызға дейінгі 12-13 мың жылдар бұрын болғанын айтады.
Үшіншіден, қазіргі өркениеттің қарқынды дамуы сондай, біз өзімізді ата-бабаларымыздан ақылдырақ санайтын болдық, бұл – адасқандық, адами негізден айырылып бара жатқандығымыз. Адамзаттың ең үлкен жаңалықтары көне тас ғасырында жасалған, біздің бабаларымыз миллион жыл бойы шошқа тағалап жүрген жоқ, тірішілікке керекті негізгі ұғымдарды қалыптастырды. Біз сол заманда қалыптасқан ұғымдармен, өзіміз соның маңызына бойламасақ та, әлі өмір сүріп келеміз. Наурыздың тарихын бергі заманнан іздеу – адамзаттың көне тарихын, жасампаздығын мойындамаудың көрінісі.
«Наурыз» сөзі қандай мағына береді?
Көп адам «наурыз» сөзін парсы тілімен байланыстырады. Бұл – біржақты пікір. «Наурыз» сөзі Еуразия халықтарының көпшілігінде бар, әсіресе үнді-иран, герман-латын тілдес халықтарда «новый», «нью», «нео», яғни «жаңа» деген мағынада қолданылады. Қазақта тұтас бір айдың аты және ай болғанда жылдың басы. Осыған қарағанда, бұл сөз – Еуразия халықтары жеке тілдерге жіктелмей тұрғанда пайда болған көне ұғым. Жоғарыда біз Нұқ пайғамбар заманы туралы сөз еттік, сол сөзіміздің бір дәлелі – осы мысал. Мен «наурыз» сөзі қазаққа сырттан (парсыдан т.б.) келіп сіңіп кетті деген пікірлердің бәрі негізсіз деймін. Әлемде өзінің жерінен Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтады деп белгі көрсете алатын төрт халық қана бар: арабтар Жуды тауын, еврейлер Сион тауын, армяндар Арарат тауын, қазақтар Қазығұрт тауын көрсетеді. Енді осыншама тарихи мұраны сақтап келген қазақтың Наурызын өзіміз келіп өзгеге телиміз, дұрыс па? Жарайды, біз парсыдан алдық дейік, сіз солтүстіктегі чуваш халқының наурызды «ноурас-ойахе» дейтін себебін түсіндіріп бере аласыз ба, олардың парсыға қатысы шамалы емес пе?
Біз Наурызды Қазығұрт сияқты қасиетті жерлерден қарсы алып, содан бастап тойлауымыз керек…
«Көрісу» күнінің бастауы
Біздің ата-бабаларымыз күн мен түннің теңелген, яғни Наурыздың келген сәтін қалай анықтады? Наурыздың басы деп революцияға дейінгі уақытта 9 наурызды айтатын, бұл ескі юлиан есебі бойынша. 1918 жылы Кеңес үкіметі еуропалық календарьды қолдану жөнінде декрет қабылдап, бұрынғы есепке 15 күн қосты. Осылайша біз қазір Наурызды 22 наурыз күні тойлап жүрміз. Батыс өлкенің қазақтары Кеңес календарь реформасын мойындамай, әлі де 14-інен бастап Наурызды тойлап жүр.
Ертеде қазақ арасында ай мен жұлдыздың қозғалысын бақылап отыратын есепшілер болған, сәл өзгеріс болса, олар елге хабарлап отырар еді. Себебі аспан денелері де – мәңгілік қозғалыстағы тірі дүние, алашақ, берешектері болады. Осыған қарағанда, дәл тепе-теңдікті шығару – қазір астрономдардың міндеті, ондаған, жүздеген жылдарда олардың орын өзгертіп отыратыны сөзсіз.
Қазақ халқы ертеде Сырдың бойын қыстап, Сарыарқаны жайлап жүргенде Мәуреннахрға бір табан жақын болған, сол себепті қазақтың Наурызды тойлайтын дәстүрінде Мәуреннахр өлкесімен ортақтық көп, Наурыздың келген сәтін анықтайтын астрономиялық есепті де қазақ «Бұхар есебі» дейді. Біз Наурыз мейрамын Батыс Қазақстанда қалыптасқан 14 наурыздан, «Көрісуден» бастап тойлағанымыз жөн.
«Көрісу» 22 наурызға дейін созылады. Бүкіл халық болып күн мен түннің теңелген сәтін тосып, бір-бірімізді құттықтап, мемлекет астанасында, ірі қалаларда отшашу жасап, осыдан кейін Наурыздың тойына кіріскеніміз дұрыс. Мәдениет және спорт, Оқу-ағарту министрліктері бастап, алдын ала Наурызбен құттықтау шараларын ұйымдастырып жатсақ, қандай тамаша?! Наурыз тойындағы «Көрісу рәсімі» – қазақтың Наурыз мейрамының негізгі салтының бірі. Кеңес заманында әбден ұмытылып барып, жаңа жанданып жатыр.
Қазаққа қыс мезгілі қашан да ауыр болған, тіпті ертеде түгелге жуық Сырдың бойынан Жиделібайсынға дейінгі аймақта қыстап отырғанда да қиналса керек. Себебі қыс қытымыр болып жатса, мал ашығады. Кейде көктемге қарай жаңбыр ерте жауып, не қар еріп барып қайта қатып, жұт басталып кетеді. Көтерем мал қырыла бастайды. Мал ашуы – жан ашуы, қысқамытта бір жерден екінші жерге көшіп, не малын алысқа айдап, жайылымға бола дауласып, бір-бірімен араздасып елдің есі шығады. Оның үстіне, малдың пайдасына бола қазақ шаруашылықтары бір-бірінен қыс кезінде алыстау отырады, себебі қыста да жайылым керек, ол уақытта қазақ шөпазық дайындамайды дегендей. Осындай қиындықтардан шыққаннан кейін Наурызды қазақ қуанып қарсы алмағанда кім қарсы алады? Наурызға қазақ қуанбағанда кім қуанады? Көрісу де осыған байланысты шыққан. Қыс бойы бір-бірінің өлі-тірісін біле алмай сағынған елдің жасайтын жоралғысы. Бір-бірін құшақтап, кейде өлгендерін жоқтап, кейде тірі қалғанына шүкірлік айтып көріседі.