Кемелдік шыңына шығыңыз

Сен де – бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар, қалан.

Абай

Кемелдік шыңына жетуге кім ұмтылмас…

«Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары… Біреуі білсем екен демеклік. …көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» (7-қарасөзден).

Бір анығы – адам баласы Абай айтқан қай мінезбен туса да, қиялы жеткен жеке әлемінде кемелдікке ұмтылады. Алайда кемелдікке мұның көбі жете бермейді. Себебі «кемелдік» дегеннің өзі әркімнің қиялында әр түрлі… Ақиқатында, кемелдіктің жүз түрі бар десек, соның біреуі ғана шынайы…

Біреудің ойынша, кемелдік – байлық, енді біреу үшін – атақ, абырой т.с.с. Біздің айтпағымыз – жалпыадамзаттық кемелдік.

Жалпыадамзаттық кемелдіктің салмақтысы – кәсіби кемелдік. Кім де болса кәсіби тұрғыда кемелденуді көксейді. Ол үшін әуелі дұрыс кәсіп таңдамақ керек.

Қазіргі қоғамда заманауи кәсіптің түр-түрі бар. Заманына қарай бейімделген қазақ қоғамы да жаңа ғасыр сұранысына сай кәсіп мамандарын дайындауға барын салуда. Мұның бәрі қажет. Дегенмен мамандық таңдаған талапкерде де екі түрлі мақсат бар: бірі жанбағыс үшін қам қылады, келесі бірі кәсіби тұрғыда кемелденуге ұмтылады. Екеуіне де ортақ сипат – креативті мамандық таңдау.

…Пенде шіркіннің күнделікті қажеттілігінде қисап жоқ. Қарын жұбатпаққа аспаз керек, киінбекке тігінші керек, баспаналы болмаққа құрылысшы керек, білім алмаққа мұғалім керек, шипа таппаққа дәрігер керек… Шындығында, бұл керектің бәрі керек, адамның тұрмыстық бабы үшін керек. Жан баптамаққа психолог бар, тіс баптамаққа стоматолог бар, көз баптамаққа окулист бар… Осылай жалғаса береді. Ал адам баптамаққа не бар? Жантану, тәнтану, тағамтану т.б. Адамтану ше?

Адамтану дегеніміз – әдебиет. Адам өзінің кім екенін, артықшылығы мен кемшіндігі неде екенін, қысқасы, адамзат болмысының қыр-сырын әдебиет әлеміндегі шым-шытырық тартыс пен терең психологиядан таниды. Шығарма тілі арқылы тұтас бір халықтық психологияны меңгереді. Өйткені тіл – халықтың рухы. Бір халықтың сан ғасырлық тарихында басып өткен ізі тілде сайрап жатады. Демек, нағыз кемел адам – көркем шығарма ықпалында өскен адам.

Адам баласы маман ретінде білікті дәрігер, кәсіби инженер, ғұлама ғарышкер, дарынды музыкант т.б. болуы мүмкін. Ал көркем шығарма оқымаған, тіл тұңғиығына малтымаған болса, осы аталған білікті дәрігер, кәсіби инженер, ғұлама ғарышкер және дарынды музыкантыңыз да – нағыз кемел адам емес. Себебі мәлім. Адамтану курсынан өтпеген.

Ғаламдық деңгейдегі ірі миллиардерлердің бизнес табалдырығын аттарда әдебиеттен әлемдік классиканы жата-жастана оқып тауысатынын да осыдан деп түсінген жөн.

Сонымен, түйіндей айтқанда, адамтанудың толық курсы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығында оқытылады. Бұған қылаудай да шәк болмаса керек.

«Bolashaq» академиясының аталған мамандығында білім алған түлектер студенттік шағынан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республика көлемінде өтетін белді шаралардың бел ортасында жүреді. Еліміздің ең елеулі миссиясын ілгері бастырып жүрген де – осылар. Кейінгі екі-үш жылдың өзінде студенттеріміз «Жылдың үздік студенті» республикалық байқауында топ жарып, «Жүз жаңа есім» тізімін толықтырды. Президент пен министрлер назарын аударып, ақжолтай батасын алуда. Әрісі министрлік пен партиялардан, берісі әкімдік пен басқармалардан қызмет тапты. Білім ошақтарында ұлт болашағын оқытып жатқаны қаншама.

Мұның барлығы – факт. Адамтану ілімін игерген кемел маманның келешегі де кемел.

Құрметті талапкер, кемел адам болуға ұмтылсаңыз, онда қош келдіңіз!

Жанболат БАЙМҰРЫНОВ,

«Bolashaq» академиясының доценті, ф.ғ.к.