«Жастық шағымның қаласы»

Қала күні қарсаңында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қарағанды – жастығымның қаласы» тақырыбында ардагерлердің жас ұрпақпен кездесуі өтті. Жиынға кен өндірісінің ардагерлері арнайы шақырылған. Тағылымды жүздесуден соң кеш қонақтарының назарына «Қарағанды қалай құрылды?» фотокөрмесі ұсынылды.

Кешті тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері Қазыбек би атындағы аудан әкімінің аппаратымен және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің Ардагерлер кеңесімен бірлесіп ұйымдастырды.

– Қаламыздың қалыптасу тарихына ардагерлеріміздің қосқан үлесі көп. Қазыналы қарттарымыздың еселі еңбектерінің арқасында қаламыздың іргетасы қаланып, қанатын кеңге жайды. Мерейлі мерекеге қаламыздың қалыптасу тарихына қызығушылық танытқан студенеттер мен оқушылар қатысты. Олар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды, – дейді Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Нарша Ілден.

Шара аясында 1930-1950 жылдар жөнінде баяндайтын «Қарағанды қалай басталды?» атты көрме өткізілді. Бұл жылдар қаламыздың қалыптасуымен, ондағы әр саланың дамуымен ерекшеленеді. Фотосуреттерде Қарағандыдағы ескі елді мекендер көрінісі, көмір бассейнін механикаландыру процесі бейнеленген. Алғашқы телеграф суреттері жиналғандарды таң қалдырды. Көптеген фотосуретті 1962 жылы Корней Осипович Горбачевтің ағасы жолдаған. Естелік суреттер мұражайдың маңызды әрі құнды жәдігеріне айналып үлгерген. Өскелең ұрпақ үшін Қарағандының қалай құрылғанын көру, қазіргі инфрақұрылыммен салыстыру қызықты болды.

Кеш соңында Тарихи-өлкетану мұражайының қала тарихын кезең-кезеңімен таныстырған қызметкерлері Қазыбек би атындағы аудан әкімінің аппараты және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің Ардагерлер кеңесі өкілдеріне алғыс білдірді.

Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,

«QH»