Мерекелік кештің мерейі үстем

Ақпан айының 10 жұлдызында кеншілер қаласының құрылғанына 89 жыл толды. Айтулы күнге орай қаламыздың Станиславский атындағы облыстық драма театрында «Сүйікті қалам Қарағанды» атты мерекелік шара өтті. Қойылым авторлары көмескі деректерді жаңғыртып, шаһардың қалыптасу тарихы мен қала жетістіктерін байланыстырып көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Салтанатты шараға қала қонақтары мен жергілікті тұрғындар жиналды. Қала жұртының мерекелік кешті асыға күткенін кең залдың лық толып, ине шаншар орын қалмағанынан аңғаруға болады.

Кеш шымылдығы қаламыздың тарихынан сыр шертетін қойылыммен басталып, мерекелік ән шашуға ұласты. Өнер майталмандары театрландырылған көріністер арқылы қойнауы қазынаға толы қаламыздың қалыптасу тарихын әспеттеді.

Қала күніне орай бірінші ақпаннан бастап қаламызда түрлі шара ұйымдастырылды.

– Қаламыздың белсенді азаматтары мен тұрғындары ғасырға жуық тарихы бар шаһарымыздың қалыптасу тарихын өскелең ұрпаққа таныстыру мақсатында студенттер мен оқушыларға танымал тұлғалармен арнайы кездесу кешін өткізіп, қала тарихынан бай мәлімет беретін тақырыпта сыр шертті, еселі еңбек етті. Бүгінде кеншілер қаласының жаңа жасында қала тұрғындарына мерекелік концерт ұйымдастырып, қолдан келгенше қызмет етудеміз, – дейді Қарағанды қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Баян Нұртаева.

Концерттік бағдарламаға «Волшебная страна» үлгілі хореографиялық ансамблі, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблі, Марат Бекішев, шағын және орта бизнес өкілдері, көркемөнерпаздар мен хореографиялық ұжымдар және қала вокалистері қатысты.

Өнер майталмандары кеншілер шаһарына арнау әндерін нақышына келтіре орындап, тамылжыта шырқады. Қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлап, шаһар тарихынан сыр шерткен қойылымдар арқылы көрермендер көңілін көкжиекпен астастырды. Жақсы вокал мен әуезді ән тыңдаған халайық өнер иелерінен қошеметін аямады.

Кеш соңында қанатын кеңге жайған шаһарымыздың құрметті азаматтары жиналған жұртты мерейлі мерекемен құттықтап ақжарма тілектерін білдірді.

Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,

«QH»