Ардагерлер ерлік сабағын өткізді
Ауған жерінде орын алған соғыс тарих беттерінде өзіндік із салып, талай жанның жүрегін жаралады. Талай жас қыршынында қиылды, майдан даласында шейіт болды. Биыл сол Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толып отыр. Ауған жерінде борышын өтеп келген бейбіт күннің бүгінгі батырлары қаза болған достарын еске алу үшін 85510 әскери бөлімінде бас қосты.
Кеңес әскерінің айтулы мерекесіне орай «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 85510 әскери бөлімінде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге ерлік сабағы өткізілді.
Қанды қырғын ортасына бір кездері бірге аттанған балаң жігіттер – бүгінде ел ағасы. Арада жылдар өтсе де, олар үшін жан жарасы жазылмаған. Бас қосқанда шейіт болған боздақтарды еске алған ел ағалары Ауған соғысында жасаған ерліктері мен бастан кешкен оқиғаларын баяндады. Ерлік сабағы барысында сарбаздардың жауынгерлік рухын оятатын, өз еліне, жұртына адал қызмет ету үлгісін насихаттайтын әңгімелер айтылды.
Шараның құрметті қонақтары ретінде Ақтас кентінің тумалары, ауған соғысының ардагерлері Нестеренко Виктор Михайлович пен Галеев Рафис Кутузович шақырылды. 85510 әскери бөлімінің ұжымы соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіп, алғыс грамоталарын ұсынып, естелік суреттерге түсті.
– Ауған соғысына 22 мың қазақстандық қатысқан. Сол кешегі өрімдей жас боздақтар ерлігі – бүгін бізге аңыз ғана. Сол кезеңде жауынгерлік міндетті бірге атқарысқан азаматтар – бүгінде ардагер. Жас ұрпақ бойына қайсар рух қалыптастыратын бүгінгі шарада тағылым мен өнеге көп болғаны анық, – дейді 85510 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары, майор Асқар Серікбаев.
Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,
«QH»