Жастарға жеңілдетілген несие беріледі
Қарағанды облысында жастар бастамаларына бюджеттік кредит беру іске қосылады. Өңір кәсіпкерлерін қолдау үшін жалпы сомасы 1 млрд 620 млн теңгеге 324 кредит бөлінді. Жаңа бағдарламаның бастамашысы – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Бюджеттік несиелердің берілуін Қарағанды облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен облыстық әкімдік бақылайтын болады. Несие Аграрлық несие корпорациясы арқылы беріледі.
Жеңілдетілген несие жеке кәсіпкер ретінде кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар 35 жасқа дейінгі жастарға қолжетімді. Кепілдік мүліктің болуы міндетті. Бұл ретте бизнеспен кез келген салада (қызмет пен өндірістен ауылшаруашылығына дейін) айналысуға болады.
Бюджеттік несие 5 жылға жылдық 2,5%-бен беріледі. Ал малшаруашылығы саласындағы жобаларға несие беру мерзімі 7 жылға дейін.
– Құжаттар мен бизнес-жоспарды үміткерлер Аграрлық несие корпорациясына ұсынады. Біз бұл несиеге көп адам қызығушылық танытады деп күтеміз. Әр кандидаттың мүмкіндіктерін әр түрлі жағынан қарастыратын арнайы комиссия құрылады. Қажеттілігіне қарай белгілі бір саланың сарапшыларын шақырамыз, – деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова.
Бүкіл ел бойынша бюджеттік несиелеу наурыз айына жоспарлануда.