Делдалсыз сауда – арзан баға
Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің 14-і өндіріледі. Мысалы, картоп, жұмыртқа, сиыр етіне деген ішкі қажеттілік толығымен қамтамасыз етілген. Жергілікті тауар өндірушілер көкөністер мен жұмыртқаларды белгіленген бағамен супермаркеттерге жеткізеді.
Облыс әкімдігінде баға тежеу шаралары туралы айтылды. Өңірде азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов мемлекеттік орган өкілдері, ірі сауда желісі басшылары, көтерме жеткізушілер, ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер қатысқан отырыс өткізді.
Кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген сауда үстемесі 15%-дан аспауы тиіс екенін еске салды. Супермаркеттер ғана емес, тұрғын үйлер маңындағы дүкендер де бақылауда.
Маңызды міндет – артық делдалдарды жою. Ол үшін әкімдік супермаркеттерге тауар өндірушілермен тікелей жұмыс істеуді ұсынады.
Ішкі нарықты өз өнімдерімен қамту туралы Ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров айтып берді.
– Биыл картоп өндіру көлемін 11,1%, сәбіз көлемін 23%, қырыққабат көлемін екі есе ұлғайту жоспарлануда. Жергілікті тауар өндірушілерден тұрақтандыру қорына 295 тонна картоп, 200 тонна сәбіз сатылып алынды, – деді ол.
Сонымен қатар айналым схемасының арқасында супермаркеттер мен әлеуметтік павильондарда картоп, сәбіз, қырыққабат және пияз белгіленген бағамен сатылады. Асқар Санаубаров жеткізілімдердің тұрақты екенін, 2022 жылдың қараша айынан бастап жалпы көлемі 648,6 тоннаны құрағанын атап өтті.
Сондай-ақ жасалған меморандумдар шеңберінде жергілікті құс фабрикалары өз өнімдерін белгіленген төмен бағамен сатады.
Сонымен қатар күн сайын сауда орындарына резервтік қор ұнынан және азық-түлік корпорациясы астығынан жасалатын әлеуметтік нан жеткізіледі. Супермаркеттерге сондай-ақ қолжетімді бағамен резервтік ұн жеткізіледі.
– Бағаны ұстап тұру – басты міндет. Жалпы, әлеуметтік маңызы бар 19 өнімнің 14-ін өзіміз облыста өндіреміз. Біз бес түрлі өнім жеткіземіз, олар: күріш, қарақұмық, күнбағыс майы, қант және тұз. Баға тұрақтандыру жұмысы жедел және стратегиялық шешімдерді талап етеді, – деп атап өтті Бауыржан Асанов. – Кәсіпкерлер заңнаманы назардан тыс қалдырмауы керек, яғни рұқсат етілген сауда үстемесін ұстану керек. Баға белгілеудің барлық тізбегі бақыланады.