Ертегілер мен оқиғалар сағаты
Биыл Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының іргетасы қаланғанына 70 жыл толып отыр. Торқалы той аясында кітапхана қызметкерлерінің бастамасымен оқырмандар арасында «Ертегілер мен оқиғалар сағаты» атты жоба ұйымдастырылды. Шара балалардың ұлттық рухани білімдерін жетілдіруді мақсат тұтқан. Балалар білімді, тәрбиені ертегіден, яғни кітап оқудан алады, ал кітап оқу арқылы білім шыңына қол жеткізеді. Дана халқымыз сан ғасырға жалғасқан Құран аятындағы «оқы» деген сөзден білімнің нәрі кітапта екенін аңғарса керек. Жастардың рухани өсіп-жетілуі, білімді ұрпақ болып қалыптасуы – ұлт мұраты.
2022 жылды Мемлекет басшысы балалар жылы деп жариялағаны баршамызға мәлім. Осы бастама аясында кітапхана ұжымы жас жеткіншектерді отандық және шетелдік авторлардың классикалық және заманауи балалар әдебиетімен таныстыруды қолға алған. Енді, міне, кітапхананың мерейлі тойы қарсаңында жалғасын тапқан бұл игі бастама ұзақмерзімді жобаға айналып отыр.
Былтыр мамыр-желтоқсан айларында отандық және шетелдік авторлардың 10 еңбегі дауыстап оқу циклі арқылы таныстырылған. Бұл жоба қазіргі заманғы балалар оқу дағдарысының басты мәселесі – дұрыс оқи алмау кедергісін шешуге бағытталған.
– Балалардың кітап оқуға деген құштарлығы мен қызығушылығын арттыру арқылы өз имиджін қалыптастыруды ойладық. Сондай-ақ кітапхана базасында жас қарағандылықтар қазақ және орыс тілдерінде аймағымызға танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің ертегілері мен әңгімелерін оқыды, – дейді ақын әрі композитор Ирина Воробьева.
Жобаға әріптесіміз Әсел Құсайынқызы да атсалысып, жеткіншектерге «Жаңа заман ертегілері» жинағынан «Қамаудағы үш дос» әңгіме-ертегісін оқып бергенін де атап өткен жөн. Сонымен қатар Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актері Ахай Жұмамұратов «Күн астындағы Күнікей қыз» жинағынан «Түлкі мен Салақбай» ертегісін оқып, бүлдіршіндерді қиял әлеміне жетеледі, олардың әдебиетке деген қызығушылығын оятты.
Тағылымды жоба аясында кітапхананың жас оқырмандары отандық және шетелдік балалар әдебиетінің үздік туындыларын тыңдап қана қоймай, сұрақтар қойып, оқиға желісін талқылауға да белсене атсалысады. Сондай-ақ шара барысында ертегі кейіпкерлерін сомдап, қойылым көрсету де сәтті жолға қойылған.
Кітапхана қабырғасында игі шара алдағы уақытта да жалғасын табады. Әр айдың екінші және төртінші жексенбісінде атақты қарағандылықтар да, кітапхана қызметкерлері де Қазақстанның, алыс-жақын шетелдік балалар жазушыларының үздік шығармаларын балаларға таныстырады.