Сөздік қорды байытудың ұтымды тәсілі
Көп тіл білу – қазіргі замандағы өзекті тақырып. Неге десеңіз, біреуге кәсіби мансабын арттыру үшін қажет болса, екінші біреуге саяхаттау үшін керек. Ал үшіншілері сол елдің азаматы болғандықтан тіл білуді парызым деп санайды деп ойлаймын.
Тілді үйрену де, үйрету де оңай емес. «Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам» деген халық даналығындағы сөзге мән берсек, бір тілде ойлайтын адамға екінші тілді үйрету деген – сол тіл арқылы өзге мәдениет пен менталитетті үйрету деген сөз. Бұл – оңай шаруа емес. Екінші тілді толық білу үшін ондаған жыл жұмсау керек. Қарапайым тұрмыстық тілді жетік меңгеру үшін ғалымдар 2,5 жыл қажет екенін айтады. Сонда 3-4 айда тілді оңай әдіспен үйретеміз деген жарнамалар ше? Ондай әдістеме ешбір тілде жоқ, болған да емес. Бұл пікірге келіспейтіндер де бар шығар, бірақ бірнеше дәлел ұсынғым келіп отыр.
Айталық, сіз 12-15 адамнан тұратын топта сабақ бересіз делік немесе осындай топта тіл үйреніп жүрсіз делік. Сол тіл үйретіп жүрген тобыңызда 2-3 адам тіл үйренуге бейім болғанмен, көпшілігінде қиындық туындайтынын байқаған боларсыз. Бұл мәселе тіл үйренуге бейім адамдар тарапынан өзге адамдар үшін психологиялық кедергіге әкеледі. Басқасы өзін өзгеден кем санауы мүмкін. Бұған не себеп десеңіз, тілге бейім әлгі 2-3 адам бұған дейін тіл үйрену тәжірибесі болғанын дәлелдейді. Олар сол тілдің лексика-грамматикасына бұрыннан қызығушылық танытқан деген сөз. Ал қалғаны тіл үйренуді енді ғана бастап жатады.
Осы жағдайды ескере келе, тіл үйретуші мұның психосоматикалық жақтарын ашып түсіндіріп кеткені абзал. Сол кезде қалған адамдарда күйзеліс болмайды немесе күйзеліске азырақ ұшырауы мүмкін. Жалпы, бұрыннан үйренуге тырысып жүрген адамдарға, әрине, қысқа мерзім ішінде тіл үйретуге болады. Алайда бұл арада әдістемеден бұрын адамның қабілет-қарымы, ынтасы үлкен рөл атқаратынын атап кеткен жөн.
Тіл ғылымында «интерференция» деген термин бар. Интерференцияны көбінесе ана тілінің екінші тілге араласуы деп түсінеміз, алайда егер екінші тіл негізгі тілге айналса, бұл да ана тіліне әсер етуі мүмкін. Мұны бірнеше жыл бойы шетелдерде өмір сүрген, мысалы, Қытай, Монғолия, Түркия және Ресейден келген қостілді қандастарымыздың қазақша сөйлеген кездегі сөйлесімінен байқауға болады. Алыстағыны қайтеміз, өзіміздің өмірімізде әр қазақ демесем де, көпшіліктің тұрмыстық сөйлеу тілінде осы құбылыс, яғни интерференция басым болып кеткенін байқайсыздар. Сөз арасына орыс тілінен «уже», «короче», «впрямь», «давай» сияқты сөздерді қоспай сөйлей алмайтын болдық!
Психологтердің зерттеулері бойынша, тіл үйренушілер үшін материал өзінің туған жерінің құбылыстарымен қаншалықты сәйкес келсе, тіл үйрену үдерісі соншалықты өнімді жүреді екен. Өйткені тек осы жағдайда ғана ол үшін сөздер мазмұнға ие болады, мағынаға толы болады.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қазақстанда туып-өскен қазақстандықтарға қазақ тілін үйрету барысында осы интерференцияны керісінше қолдану арқылы мемлекеттік тілде сөйлеу соншалықты қиын емес екеніне неге көз жеткізбеске?!
Қазақ тіліне аударылмайтын термин сөздер (банк, банкомат, терминал т.б.), тілімізге бейімделіп кеткен шеттілдік сөздер (бәтеңке, пәлте, бөлке т.б.), күнделікті көріп жүрген, бейсаналы түрде жатталып қалған сөздер (дәріхана, кітапхана, мектеп т.б.) тәрізді сөздер тобы бар. Осы сөздерді әр сабақта жиі қолданып, басты назарды етістіктерге аударып, қарапайым ғана жай сөйлем құратуға әкеліп отырсақ, тіл үйрету және үйрену оңайырақ болады деп ойлаймын. Орыстілді адамның өз тілі арқылы басқа тілге жақындау үлгісін жасар едік. Мұны жеке тәжірибесінде қолданып жүрген мұғалімдер аз емес, алайда оны әр сабақ сайын ұтымды қолданудың жүйесі жасалмаған.
Осы орайда тіл үйретудің осындай қарапайым әдісі Қарағанды қаласының Мәдениет бөліміне қарасты «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы оқытушылары тарапынан мақсатты түрде қолға алынғанын айта кету керек. Өткен жылдың төртінші тоқсанында оқыту курстарында осы тәжірибені қолданып, нәтиже беретініне көз жеткіздік.
Әсия Даниярқызы Смықова,
«Шырақ» тілдерді оқыту орталығының оқытушысы