Медицина саласының мәселесі қалай шешілмек?

Қарағанды облысындағы денсаулық сақтау нысандарының басым бөлігі тозған, олардың 70%-ы 1960-1980 жылдар аралығында салынған. Инфрақұрылымдық жаңғыртуды қажет еткен бұл саладағы өткен жылғы жағымды жаңалық – сырқаттар арасындағы өлім-жітім көрсеткішінің азайғаны. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қалдыбек Исмаилов Қарағанды облысындағы медицина саласын дамыту жоспарын баяндады.

Қарағанды облысы тұрғындарының жалпы саны 1 134,4 мың адам болса, облыста осынша халыққа қызмет қылатын 139 медициналық мекеме бар. Оның ішінде 44 стационар, 89 амбулаториялық емхана, 6 басқа да медициналық ұйым және 36 медициналық ұйым алғашқы көмек көрсетуге негізделген. Ауылдық жерлерде 7 отбасылық аурухана жұмыс істейді. Оның құрамына 4 аудандық аурухана, 60 дәрігерлік амбулатория, 47 фельдшерлік-акушерлік пункт және 142 медициналық пункт кіреді. Бұл саладағы бүгінгі басты мәселенің бірі – денсаулық сақтау нысандарының басым бөлігінің тозғаны, жөндеуді, жаңғыртуды қажет ететіні. Қазір жергілікті бюджет қаражаты есебінен 14 млрд теңгеден астам сомаға 59 нысанға жөндеу жүргізу жоспары жасалды. Себебі инфрақұрылымды жаңғырту – бейінді қызметтердің барлық жол картасын іске асырудың маңызды бөлігі. Сондай-ақ алдағы 3 жылда медициналық техника паркін 18 млрд теңгеден астам сомада 995 бірлікке жаңарту жоспарлануда. Берілу мерзімі бірнеше рет шегерілген 200 төсектік Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысын үстіміздегі жылдың наурыз айында аяқтау көзделіп отыр. Мұнда ерте араласу орталығы бар катамнез кабинеті де орналасады. Бұл дегеніміз – мерзімінен бұрын дүниеге келген нәрестелерді 1 жасқа дейін медициналық бақылауда ұстау.

Балқаш және Теміртау қалаларының ауруханалары базасында ауылдық өлкелерге қызмет көрсету аймағын айқындап және «алтын уақыт» стандартын сақтай отырып, белгілі бір патологиясы бар пациенттерді, инсультпен, миокард инфарктісімен, жарақаттармен, хирургиямен және оңалтуға жатқызылатын науқастарды жеткізу үшін ауданаралық ауруханалар құрылатын болады. Осы ауруханаларды күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 865 млн теңге бөлінді. Жалпы, соңғы 3 жылда материалдық-техникалық жағдайды жақсарту үшін жергілікті бюджеттен 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 5 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Биылғы жылы ауылдағы 92 нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына енді. Осы бағытта жергілікті бюджеттен 608 млн теңге бөлінетін болады. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіліп жатқан Облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогының қосымша құрылысы да аяқталуға жақын.

Медициналық мекемелерді жаңарту, жарақтандыру жайына қатысты жоспар жаман емес. Бастысы, былтыр облыста өлім-жітім деңгейі төмендеді. Туберкулез 21,7%-ға, қатерлі ісіктер 10,5%-ға, қан айналымы жүйесінің аурулары 16,7%-ға азайған.

Жалпы медицина саласындағы өткір мәселенің бірі – кадр жетіспеушілігі. Дәрігер тапшылығы проблемасын шешу мақсатында шақырылатын мамандарды қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету маңызды фактор болып отыр. Бұл орайда өңірлік бағдарлама аясында пайдаланылмайтын ғимараттарды және бұрынғы жатақханаларды қайта жаңарту үшін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тұрғын үй жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталатын болады. Облыстық балалар ауруханасы жаңадан салынған ғимаратқа көшкеннен кейін, ескі ғимарат толық жабдықталған 94 пәтерлік «Дәрігерлер үйіне» алмасатын болады. Облыста кадрлық әлеуетті дамыту және нығайту бағдарламасы әзірленді. Резидентурада мамандар даярлау жергілікті бюджет және медициналық кәсіпорындар қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Соңғы 3 жылда 204 жас дәрігер тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ былтыр «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен 59 дәрігерге тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит берілді. 76 маман көтерме жәрдемақы алды. Осының арқасында соңғы жылдары келген және кеткен медицина қызметкерлерінің санында оң баланс байқалады. Облыстық ведомствоаралық кадр стратегиясы әзірленді. Медициналық ұйымдардың кадрлармен қамтамасыз етілу жағдайы және өңір халқының сырқаттануы талданды, 2030 жылға дейін мамандықтар бойынша дәрігер даярлау жоспары жасалды. Биыл қала мен аудан әкімдерінің гранттары бөлінетін болады. 2023 жылы Түркияда, Израильде, Германияда және жақын шетелдерде 30-дан астам жас дәрігердің біліктілігін арттыру жоспарлануда. Балқаш және Теміртау қалаларының ауруханаларында 10 арнайы маман-релокант жұмысқа тартылды. Сондай-ақ медицина қызметкерінің имиджін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Осы шаралар дәрігер тапшылығын жоюға және мамандардың жыл сайын тұрақты түрде келуіне мүмкіндік береді. Ағымдағы кадрлық проблемаларды шешу мақсатында биылдан бастап облыстың жетекші клиникаларында жұмыс істейтін арнайы мамандар үшін моноқалада және ауылда жұмыс кестесін айқындай отырып, 2/10 (ауылда 1 ай, моноқалада 1 ай жұмыс істейді) интеграцияланған келісімшарт енгізілетін болады.

Сондай-ақ халыққа дәрі-дәрмек қолжетімді болу үшін, әлеуметтік 29 дәріхана ашылды. Жылжымалы 7 дәріхана пункті күн сайын кесте бойынша ауылдық округтерге барып тұрады. Атқарылған жұмыстарды қорытындылап, болашақ жоспарды межелей қарағанда, Қарағанды облысында денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға мүмкіндік мол.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»