Мерекелік сыйақы кімге беріледі?

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қарағанды қаласының көптеген білім ошағының қызметкерлеріне мерекелік сыйақы берілді. Әйтсе де бұл игі істің соңы дауға ұласып, түрлі деңгейде түсініспеушілік орын алғаны тағы бар. Осыған орай Қалалық білім беру бөлімі түсініктеме берді.

Әлеуметті алаңдатқан басты сауал әр мектептегі сыйақы көлемінің алуан түрлі болуы және кей мектепте мүлдем берілмеуі еді. Қалалық білім бөлімі мамандарының айтуынша, Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №113 Қаулысына сәйкес, сыйақы мекеменің үнемделген қаражаты есебінен қызметкерлерді ынталандыру және оларға материалдық көмек көрсету мақсатында беріледі.

– Қарағанды қаласындағы білім беру ұйымдарының барлығында бөлек бухгалтерия бар және олар қаржылық-шаруашылық жұмыстарын тәуелсіз жүзеге асырады. Егер 2022 жылы мекеме бюджетінде үнемделген қаражат қалған болса, мекеме әкімшілігінің ұйғарымымен қызметкерлерге сыйақы төленеді. Мұндай жағдайда Қалалық білім беру бөлімі бірінші кезекте техникалық қызметкерлерге, яғни тазалықшыларға, тәрбиеші көмекшілеріне, электриктер мен сантехниктерге, кітапханашыларға және ғимаратты күтіп ұстауға жауапты азаматтарға сыйақы беруді ұсынады, – дейді Қалалық білім беру бөлімінің мамандары.

Яғни мерекелік сыйақының берілу не берілмеуі ең алдымен мекеменің бюджетіндегі үнемделген қаражатқа тәуелді. Егер жыл соңында үнемделген қаражат болмаса, сәйкесінше сыйақы да төленбейді.

Арман ӘБІЛҚАСЫМОВ