Қарағандылықтар қоян іздеп жүр
Жаңа жылда қарағандылық зоодүкен иелері ерекше құбылыстың куәсі болған. Биыл таныстары мен жақындарына сыйлық ретінде салпаңқұлақтарды сыйлауға ниет білдірген азаматтардың қарасы қалың екен. Қоянға деген сұраныстың күрт артуына дүкен иелері мен зоомамандар таңданыс білдіріп отыр.
Түркілердің көне жыл санауы бойынша, 2023 жыл – Қоян жылы. Рас, қазақы дәстүрге салсақ, Қоян жылы 22 наурызда ғана кіреді. Десек те қалың көпшілік жыл басы ретінде ресми күнтізбені бағдар тұтаты. Содан да болар, жаңажылдық сыйлыққа қоян таңдағандар көбейіпті. Әрі, зоомамандардың айтуынша, бұл жануарлар ерекше кірпияз әрі таза хайуан екен.
– Үстерін тазалап, өздерін таза ұстайды. Тамақ ішеді, сосын қолын, үстін тазалайды. Дені сау қоянның үсті таза болады. Жуып отырады өйткені. Мысық сияқты, – дейді Қарағанды хайуанаттар бағының зоотехнигі Мейрамгүл Жақсыбаева.
Қоян – өте тез көбейетін жануар. Бір дегенде 12 көжекке дейін табады әрі жылына бірнеше мәрте көжектей беретіні тағы бар. Егер күтімі жақсы болса, 6-7 жылға дейін өмір сүреді. Оны үй жануары ретінде асырайтын тұрғындардың да саны жылдан-жылға артып келе жатыр. Бұл үрдіс биыл тіптен көбейген. Бұл жануар тез көбеюмен қатар ерекше күтімді де қажет етпейді екен.
– Қояндарды көптеп сатып алып жатыр. Мынаның іші толып тұрған еді. Бәрі сатылып кетті. Барлығына қоян күтімі туралы айтып беремін. Жалпы, ұстаймын деген адамға қоян асырау қиындық тудыра қоймайды, – дейді зоодүкен иесі Елена Сороченко.
Қарағанды зообағында қоянның 50-ге жуығы бар. Жануарлар арасында сұлы мен бидайдан гөрі сәбізді ұнататын да – осы салпаңқұлақтар.
Арман ӘБІЛҚАСЫМОВ,
«QH»