Қылқаламдағы қыс мезгілі

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде «Қыс мезгілінің қызықтары» көрмесі ұйымдастырылды. Балалар жылын қорытындылауға арналған шараға жүзден астам кәсіби суретшінің туындылары және балалар қылқаламынан туған 65 картина қойылған.

Көрмеге Қарағандыдағы шығармашылық студиялары, сурет үйірмелері және осы салаға бейімі бар, қызығушылық танытып жүрген жас өрендер жиналған. Өзі салған суреттерді алғаш рет қалың көпшіліктің назарына ұсынған жас өнерпаздың бірі – 11 жастағы Гүлназ Серікова. Өзінің айтуынша, қолына қылқалам алып, сурет салып жүргеніне жылға тарта уақыт өтіпті.

– Мен сурет салғанды өте қатты жақсы көремін. Әуелде үйде және мектепте өз қалауым бойынша сызатын едім. Кейін «Натворим» үйірмесіне жазылып, бұл өнерге тіптен жақын болып кеттім. Осы көрмеге қойған суреттерді салу үшін екі апта дайындалып, екі апта сыздым. Сурет салу үшін акварель және гуашь қолданып, тычек әдісімен салдым, – дейді жас суретші.

Көрменің бір ерекшелігі – мұнда кәсіби суретшілер мен жас таланттардың туындылары қатар қойылған. Осылайша олардың басын біріктіретін алаңға айналып отыр. Ұсынылған суреттерде түрлі стиль мен бояу техникасы және әр өнерпаздың өзіндік стилі әдемі үйлесім тапқан.

– Арнайы талап болды. Сурет қыс қызықтарына немесе Жаңа жылға арналуы тиіс болған. Бүгінгі залдың көркін келтіріп тұрған суреттердің барлығы іріктеліп алынған. Бір қызығы, «Жаңа жыл» тақырыбына 1 ғана картина келсе, «Қыс қызықтары» деген тақырып бойынша 64 картина келді. Қысқы пейзаждар балалар қолымен әдемі жеткізілген дер едік, – дейді Облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры Бибігүл Құдабаева.

Тағы бір айта кетерлігі – көрмеге суреттері қойылған бүлдіршіндер сахналық қойылым көрсетіп, көрермен көзайымына айнала білді. Жас таланттар осылайша өздерінің сурет өнерін ғана емес, актерлік машықты меңгергендерін де аңғартты.

«Қыз мезгілінің қызықтары» көрмесі 20 күнге дейін көрермен үшін қолжетімді болмақ.

Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,

«QH»