Баспана жеңілдігі кімге беріледі?
Қарағанды облысында жеңілдік несиемен берілетін тұрғын үй бағдарламасына тағы бір кәсіпорын қосылды. «Шұбаркөл Көмір» АҚ қызметкерлері қолжетімді қарыздар ала алады. Мұндай мүмкіндік осыған дейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кеншілері мен металлургтеріне де берілген болатын.
Ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумды Қарағанды облысының әкімдігі, «Отбасы банкі» және Еуразиялық Топ (ERG) жасады.
«Шұбаркөл Көмір» АҚ қызметкерлеріне арналған жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасы 2023 жылы басталады. Оның қатысушыларына «Отбасы банкі» жылдық 5 % мөлшерлеме бойынша қарыз береді, бұл ретте міндетті бастапқы жарна небәрі 10 % құрайды. Қарыз сомасы – 20 млн теңгеге дейін. Сатып алуға арналған пәтерді Қарағандының бастапқы және қайталама нарығынан таңдауға болады.
Жалпы, кеншілерді несиелеу бағдарламасына кәсіпорындар 1,1 млрд теңге бағыттайды. Облыстық бюджеттен және ERG қаражатынан 400 млн теңге бөлінеді. «Отбасы банкі» 300 млн теңге инвестициялайды.
– Мұндай алғашқы қадам «АрселорМиттал Теміртау» кеншілері мен металлургтерінің тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін жасалды. Бағдарламаны облыс әкімдігі мен «Отбасы банкі» іске қосты. Бұл тұрғын үй мәселесін шешудің тиімді әрі ыңғайлы тәсілі. Пәтерді бағдарламаға қатысушылардың өздері таңдады, биыл 60-қа жуық отбасы тұрғын үй сатып алды, – деді Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин меморандумға қол қою рәсімінде. – Біз бұл бағдарламаны одан әрі дамытуға дайынбыз. Бірақ компаниялардың өздері қаржыландыруға қатысуы керек. Содан кейін біз көптеген кәсіпорындар үшін бағдарламаны кеңейте аламыз.
«Отбасы банкі» басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов Қарағанды облысы әкімдігінің үлгісін айрықша деп санайды.
– Қарағанды облысымен түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруда үлкен тәжірибеміз бар. Бір жылдың ішінде біз жастарға арналған бағдарламаны іске қостық. Кеншілер мен металлургтерге арналған бағдарлама жұмыс істейді. Оның кеңейіп жатқанына қуаныштымыз. Өз баспанаң болуы – бұл болашағыңызға деген сенімділік, берік отбасы, әлеуметтік тұрақтылық. Жақын арада қоныс тойын «Шұбаркөл Көмір» АҚ кеншілері де атап өтетініне қуаныштымыз. Олардың еңбегі қауіпті және ауыр, сондықтан оларға қолдау көрсету және тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесу маңызды, – деп атап өтті ол.
ERG Басқарма төрағасының орынбасары Данияр Рахматуллаевтың айтуынша, бағдарлама Шұбаркөл кәсіпорнында жұмыс істейтін 60 отбасына тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектеседі.
– Еңбек ұжымдарымен кездесулерде тұрғын үй мәселесі жиі көтеріледі. Шұбаркөлдіктер жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Біз бастаманы мақұлдадық, – деп түсіндірді Данияр Рахматуллаев.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.