ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАР МАҢҒЫСТАУҒА ЖЕМШӨП ЖӨНЕЛТТІ

Құрбан айт қарсаңында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Қиындықта ел бірге» арнайы қайырымдылық жобасы құрылып, Маңғыстау және Қызылорда өңірлеріндегі қуаңшылыққа байланысты республика имамдары асар ұйымдастырды.

Бұл қайырымдылық жобасы Қарағанды облысында өз жалғасын тапты.

Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оны сатпайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімдекім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қияметқайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады», – деп айтты» делінген.

Биылғы жауын-шашынның аз болуынан жерге шыққан көктің тапшылық етуі, еліміздің бірқатар өңіріндегі мал шаруашылығына кері әсерін тигізбей қоймады. Қуаңшылықтың салдарынан көптеген мал басы зардап шеккен болатын. Осы орайда, уақытша сынақ пен қиындықты бастан кешіп жатқан қысылтаяң кезеңде қандас бауырларымызға жәрдем беру мақсатында Қарағанды облысына қарасты мешіттер мен дін қызметкерлері, жамағаты арнайы қайырымдылық асарын ұйымдастырып, төрт вагон шөп артылған көлікті Маңғыстау облысына қарасты Шетпе мен Бейнеуге аттандырды. Әр жүк көлігіне артылған шөптің мөлшері 1 500 түкке шақ. Жалпы мөлшері 6000 түк шөп жиналды.

— Ең бірінші Бейнеу мен Шетпеге екі вагоннан көмек жібердік. Енді осы жақын күндері тағы төрт вагон жем-шөп жіберуді жоспарлап отырмыз. Қолдауға мұқтаж болған жамағат біздің жіберген көмегімізді өздері күтіп алып, ризашылықтарын жеткізіп жатыр. Қиындықта барлығымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруымыз – сонау ата-бабамыздан бастау алған, қанымызға сіңген қасиет. Ләйім, Алла осы ауызбіршілігімізден айырмасын,- деді Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы.

Жауапкершілігі мол һәм сауапты шара барысында Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы жүрегі елім деп соққан барша жомарт жандарға, демеушілік көмек көрсеткен азаматтарға үлкен алғысын білдіріп, алыс сапарға аттанғалы отырған жеткізушілерге ақ жол мен сәт сапар тіледі.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақта. Осы орайда халқым деп қандастарына қолдау көрсеткен жандарға ұйымдастырушылар айрықша алғысын білдіреді.

Аружан АЛПЫСБАЙ.