ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ – БОЛАШАҚТЫҢ ІРГЕТАСЫН ҚАЛАУ
Еліміздің алға қадам басуының негізгі тұлғалары, қараңғы түнекте күн тауып берер жұлдыздары, келер болашаққа ел мәдениетін жеткізушілер – олар әрине жастар. Еліміздің басты байлығы да, болашағы да жастардың қолында. Туған жердің гүл боп өсіп дамуы да, күл боп солып қалуы да — жастардың санасынан қорытыла шыққан ой мен істе. Ал сол жастардың гүл болуына үлкен септігін тигізетін — халықтың ауызбіршілігі. Бір қара шаңырақ астында жұмыла түйінделген шешімнің асар асуы, жетер белесі де жеткілікті. Ел болашақтарына қол ұшын тигізбеген халықтың жағдайы мұхитқа батқан кемедей. Газетіміздің кезекті сұхбатын «Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Әубәкірова Сымбат Қайратқызынан алуды жөн көрдік.
— Сымбат ханым, қазір елімізде жастарға деген қолдау өте жоғары деңгейде екенін білеміз. Ел Президенті де бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың жастар тарапына бағытталуын баса назарға алған. Осы орайда, біздің өңіріміздегі Жастар ресурстық орталығының жұмыс аясы қандай?
— Қарағанды қаласында статистикалық деректер бойынша 14-тен 29 жасқа дейінгі 97 637 азамат немесе облыс орталығы халқының — 19,49 %-ы, яғни 501 000 адам тұрады.
Қарағанды қаласында жастар саясатын үйлестіру мақсатында Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығы жан-жақты қолдау білдіріп, жастардың бастамаларын жүзеге асыру бағытында қызмет көрсетеді. Орталықта ақпараттық жұмыс және мониторинг секторы, дін істері және конфессияаралық қатынастар секторы, жастар жобалары және бағдарламалары секторы жұмыс жасайды.
— Аталған секторлар қандай қызмет атқарады? Жастармен қаншалықты тығыз байланыста?
— Ақпараттық жұмыс және мониторинг секторы Қарағанды қаласында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Атап айтар болсақ, бүгінгі таңда жұмыссыз жастарға қолдау көрсететін және өз кәсібін ашуға мүмкіндік беретін қала және облыс әкімінің гранттары, «Бастау бизнес» және қысқамерзімді кәсіптік оқыту жобаларын айтуға болады. Сонымен қатар, ЖОО жаңадан бітірген, еңбек өтілі жоқ жастар үшін қолға алынып жатқан — «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыс», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Дін істері және конфессияаралық қатынастар секторы Қарағанды қаласында дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, діни ахуалды, қала аумағында жұмыс істейтін діни бірлестіктердің, миссионерлердің, рухани және діни білім беру ұйымдарының қызметін зерделеу және талдау, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша жұмыс жүргізеді.
Жастар жобалары және бағдарламалары секторы Қарағанды қаласындағы жастар ұйымдарын, қозғалыстарын және жастардың өзін-өзі басқару органдарын дамытуға қолдау көрсету және жәрдемдесу, жастар жобалары мен бағдарламаларын әзірлеуді және бағалауды сүйемелдеу, жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу және бағалау мәселелері бойынша жастар мен жастар ұйымдарына консультация беру және ақпараттандыру, жастар ортасында волонтерлік қызметті қолдау және дамыту бағыттары бойынша қызмет атқарады. Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығына қарасты барлық секторлар жастармен бір толқында десек қателеспейміз. Біздің тарапымыздан тиісті қызмет пен қолдау, көмек барынша беріледі.
— Қазіргі таңда Қарағанды жастар ресурстық орталығында қандай жобалар жүзеге асуда?
— Жастар ресурстық о р т а л ы ғ ы н ы ң негізгі жобаларына тоқталатын болсам, ең біріншісі – «Jastar Birge» жастар волонтерлік институтын дамыту. Жобаның мақсаты — бірыңғай волонтерлік қозғалыс пен алаңдарды ұйымдастыру арқылы жастардың волонтерлік қызметке белсенді қатысуын ынталандыру. Сонымен қатар, Қарағанды қаласының жастары арасында волонтерлік қызметті дамыту және кеңінен насихаттау, волонтерлық жұмысты неғұрлым жүйелі ету. Бүгінгі күні жоба аясында 200- ге жуық еріктілер қалалық штаб құрамына қабылданды. Соның арқасында жастар арасында әлеуметтік волонтерлік бағыты, мәдени еріктілік, ЗОО-еріктілік, спорттық еріктілік, білім беру еріктілігі бағыттары дамып, сол бойынша жұмыс атқарып жүр.
Бұдан бөлек, «Біз — Қазақстанның болашағымыз!» атты жас отбасылардың қалалық форумы бар. Жоба аясында қалалық жас отбасылар форумы ұйымдастырылады. Жобаның басты мақсаты — отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жас отбасыларға қолдау көрсету, ажырасу санын азайту. Жоба аясында тәжірибелі психологтардың қатысуымен семинар-тренингтер, «Мерейлі отбасы» қалалық және облыстық конкурсының жеңімпаздарымен кездесу өткізу жоспарлануда.
Тағы бір әлеуметтік маңызы бар жобаларымыздың бірі — «Дұрыс таңдау жаса!» деп аталады.
Бұл жобаның басты мақсаты — Қарағанды қаласындағы жұмыссыз жастар мен NEET санатындағы жастар үлесін азайту, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, мамандықты дұрыс таңдауды насихаттау
— Керемет! Сымбат ханым, Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған жобалар мен бағдарламалардан бөлек, қалалық және облыстық әкімдіктерден түрлі гранттар мен сыйақылар бөлінетіндігінен хабардармыз. Осы туралы тарқатып айтып берсеңіз
— Иә, әрине. Ең әуелі, Қарағанды қаласы әкімінің «Nur Qadam-2021» жастар сыйлығын атап өтсек болады. Сыйлық жастар арасында жемісті ғылыми, шығармашылық, кәсіби және қоғамдық қызметі үшін танылған Қарағанды қаласының 14-29 жас аралығындағы жас азаматтарына беріліп, марапатталады.
Сонымен қатар, сыйлық «Жылдың үздік еріктісі», «Жылдың үздік мұғалімі», «Жылдың үздік спортшысы», «Жылдың үздік дәрігері», «Жылдың үздік жұмысшысы» сияқты номинациялар бойынша таңдалып, табысталады.
Келесі кезекте Қарағанды қаласы әкімінің кәсіпкерлікті дамытуға және қолдауға арналған грантын айтуға болады. Грант аясындағы қаражат жаңа әлеуметтік маңызды жобаны ашуға немесе Қарағанды қаласы жастарының жұмыс істеп тұрған бизнесін дамытуға бөлінеді.
Байқауға Қарағанды облысында тұратын 18-28 жас аралығындағы жастар қатыса алады.
— Жаз айларында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі негізін қалаған «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жұмысы басталады. Біздің өңіріміздегі бұл жобаның қарқыны қандай?
— Иә, «Жасыл ел» – жастар еңбек жасақтарының қалалық штабының қызметі шеңберінде жастардың маусымдық жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру.
Жоба аясында жаз айларында 14 пен 29 жас аралығындағы 320 адам жұмыспен қамтылады. Олар қалалық саябақтар мен алаңдарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен айналысады. Маусым және шілде айларында 270 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 27 бала көпбалалы отбасынан, 17 бала толық емес отбасынан шыққан және 5 бала құқық қорғау органдарының есебінде тұрған балалар. Тамыз айындағы жұмысқа 50 адам жұмысқа кірісті.
Еңбек жасақтары қалалық орталық саябақта, Мәңгілік алау мемориал алаңында, Жеңіс саябағында, облыстық мешіт аумағында, Триатлон саябағында, Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің маңайындағы саябақта, Н.Әбдіров, Н.Назарбаев, Абай көшелеріндегі алаңдарда жұмыс атқарады. 16 жастан асқан сарбаздар облыстық штабтан берілген арнайы формамен қамтылды.
Жасыл ел сарбаздары тек қана жұмыспен айналысып қана қоймай, сонымен қатар қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен түрлі экоквесттерге, челлендждерге, психолог мамандармен өткен тренингтерге қатысады.
Еңбек жасақтарының сарбаздары 42 500 – 77 000 теңге көлемінде, жас мөлшеріне қарай жалақы алады.
— Сымбат ханым, осы саланың басы-қасында жүргеніңізге көп уақыт болмаса да, тәжірбиеңіз бен жастар мүддесіне қосқан үлесіңіз баршылық. Жалпы, әкімдік, мемлекет тарапынан жастарға көрсетілетін қолдауға көңіліңіз тола ма?
— Сұрағыңызға рақмет. Әрине, көңілім толады. Мемлекет тарапынан болсын, қалалық, облыстық әкімдіктен болсын қажетті қолдау көрсетіледі. Қазір жастар мәселесі – басты назарда. Сонымен қатар, жастар саясаты да кешенді түрде қолға алынып, мемлекеттік істерге жас буынды араластыру тенденциясы дамып келеді.
Менің ойымша, жастарды қолдау — ел болашағына деген қамқорлық. Себебі елдің ертеңі мен кемел келешегі жастардың қолында. –
Сұхбат бергеніңізге рақмет!
Аружан АЛПЫСБАЙ.