АУРУХАНАЛАРДЫҢ 60 ПАЙЫЗЫ БОС ЕМЕС

Екпеге қатысты ел елеңдеулі. Вакцинаның екі компонентін алғандар неге ауырады? Балаларға файзер вакцинасын салмақ па? ПТР тест кімдерге ақылы? Қай клиникалық сараптамалар сенімді?

Аймақта екпе алу екпінді түрде жүргізілуде. Десе де Қарағанды облысында «Ковид» індетін жұқтырғандар саны күн санап артуда. Соңғы үш аптада короновирус инфекциясының таралуы 3 есеге артқан. Антирекордтық көрсеткіш тәулігіне 700-900 жаңа науқаспен толығуда. Екпе салдырған екі жүзден астам қарағандылық қайта науқастанған. Бұл мәліметті облыстық денсаулық сақтау басқармасы да жоққа шығармайды. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын екпені ойлап ата-ана көңілі де алаңдаулы. Балаларға салынуы мүмкін деген файзер вакцинасына қатысты алыпқашпа ақпар гулеп тұр. Алайда ата-анаға әзірге алаңдауға негіз жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық бөлімінің басшысы Нұркен Шакарұлының ақпарынша, оқушы балаларға екпе салуға қатысты заң әлі қабылданған жоқ, тек қарастырылуда. Ал елдегі бар 4 түрлі вакцинаның бәрі 18 жасқа дейінгі жеткіншектерге салынуға тыйым салынғандар. Ал файзер вакцинасына біздің елде әзірге сұраным да рәсімделмеген. Дегенмен балалардың арасында аурушаңдық жоқ деуге де келмейді. Жеткіншектердің ковидпен ауруы 3 есеге дейін көбейген.

Жұртты толғандырған тағы бір мәселе екпеге келгенде таңдаудың аздығы. Бірақ денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, облыста «Коронавак» және «Казвак» вакциналары алынуда. Яғни, сұраным қанағаттандырылады.

Ал вакцина алғандар неге ауырады деген сауалға келер болсақ, әлемдік тәжірибе көрсеткендей ешбір екпе 100 пайыздық кепілдік бермейді. Жұқтыру ықтималдығын азайтады, аурудың асқыну деңгейін төмендетеді. Ал жансақтау бөлімінде өмір мен өлім арасында арпалысып жатқандардың ешбірі екпе алмағандар екен. Бір көңіл жұбатарлығы біздің облыста вакцинадан кейінгі өлім-жітім оқиғасы аз тіркелгені. Тағы бір айтар маңызды ақпар ковидпен ауырғандардың қан плазмасына қатысты. Әлеуметтік желіде ковидпен ауырып кеткен науқастың қанын қажет еткендер өтінімі жиі ұшырасады. Бұл да тегін емес екен. Короавирус індетімен ауырып тұрып, вакцинаның екі құрамын алған адамдардың қаны шындығында науқастарға қажет дейді дәрігер мамандар. Ол үшін арнайы тағайындалған 22 мың теңгелік ақы да қарастырылған. Өзгеге өзіндік қолдау көрсетем деушілер болса, қан орталығына барып, ниетіңізді білдіріп, арнайы тексерістен өтсеңіз жеткілікті.

Ал ауруды асқындырмау үшін аймақтық деңгейде бар амал жасалуда. Ауруханаларда қосымша орындар жасақталған. Жалпы облыстың провизорлық госпитальдары бір мезетте 5 700 адам қабылдауға қауқарлы. Инфекциялық орындардың жартысы Қарағанды қаласында орналасқан. Облыс орталығындағы орындардың 60 % бос емес. Барлық облыстағы ауруханалық орындарының 48 %- да адамдар ем қабылдауда.

Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, облыста 56795 адам коронавирус жұқтырған. Бүгінде жансақтау бөлімдерінде 134 науқас емделуде. 30 адам өкпені жасанды тыныстандыру құрылғысына қосылған. 115 екпе кабинеті арнайы тоңазытқышпен және білікті мамандармен жасақтанған. 40 рентген, 364 ИВЛ аппараты, 10 ПТР зертханасы бар емханалардағы мобильді топтардың саны 320-ға жеткен. Үш айлық дәрі қоры жасақталған.

Қарағанды облысында логдаунға қарамастан жоспарлы оталар жасалады, емханалар жұмыстарын тоқтатпайды. Тек скринингтік сараптамадан өту тоқтатылады. Егде жастағы адамдарға көмек қашықтықтан, не үй жағдайында көрсетіледі. Күн сайын 8 мың тұрғын екпе алуда, құқық қорғау органдарының қызметкерлері 100 % вакцина салдырған, ақ халаттыларда бұл көрсеткіш 97 %. Оған қоса ұжымның 95 пайызы екпе салдырған кәсіпорындар да бар.

Бүгінгі таңда облыс халқының 390 мыңға жуық бірінші компанентін, 255 мың адам екінші компонентін де алған.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, QH.