ҚАЛАДАҒЫ ҮЙЛЕРДІҢ ЖАРТЫСЫНАН АСТАМЫ 60 ЖЫЛ БҰРЫН САЛЫНҒАН

3 тамыз күні Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте шағын гүлзарлар мен аулалардың абаттандырылуы қалай жүріп жатқаны туралы айтылды.

Қала басшысы аудандарды аралап, жағдайды көзбен көріп қайтқан. Өткен жылы абаттандырылған аулалар, соның ішінде контейнерлік алаңдарға байланысты көптеген мәселелер бар екенін алға тартты. Аудан әкімдерінен жекелей есеп алып, әрқайсысына ескерту мен тапсырма берді.

Қазыбек би атындағы аудан әкімі Нұрлан Рыстин алдағы айларға арналған жоспарларымен бөлісті: 53 аула аумағында 400 миллион теңге сомасына балалар және спорт ойын алаңдары, 7 аулада 158,3 миллион теңге сомасына 7 футбол алаңы орнатылмақ. Балалар ойын алаңдарын орнатуға қатысты мердігерлер анықталып, жұмысқа кіріскен. Қазіргі уақытта алаңдарға негіз дайындалуда.

— Қарағандылықтардың шағымдарын ескере отырып, біз алаңдардың аумағын 3 есеге ұлғайттық. Егер осыған дейін 10х10 метр болса, енді – 10х30 метр. Тренажерлар саны да артады. Яғни, бұрын олар алтау – 3 спорттық және 3 балаларға арналған болса, енді он үш — 6 балаларға арналған, 6 спорттық, оған қоса ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған тренажерлар орнатылатын болады. Михайловка бойынша жеткізу және орнату 10 тамызда, қалаға және оңтүстік-шығысқа жеткізу 25 тамыздан басталады. Футбол алаңдарына келетін болсақ, осы аптаның соңына қарай мердігер анықталады. Барлық жұмыстарды орындау мерзімін 25 қыркүйекке дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз,- деп бөлісті Нұрлан Болатұлы.

Сондай — ақ, қала билігі мен аудан депутаттары қолдауының арқасында модульдік дәретханаларды орнатуға ақша бөлінген. Бұл пилоттық жобаны аудан әкімдігі ағымдағы жылы жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Конкурстық рәсімдер жарияланып, алғашқы екі модульдік дәретхананы Әбдіров даңғылы мен Республика даңғылы аумағында орнату көзделген. Дәретханалар тұрақты түрде жыл бойы жұмыс істейді.

Октябрь ауданының әкімі Мейрам Кожухов биылғы жылы 12 футбол алаңы мен 55 балалар алаңы абаттандырылатынын айтты. Алаңдардың көп бөлігі аула клубтары бар жерлерде орнатылады. Негізді дайындау және қоршау бағаналарын орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мердігермен келісім жасалып, конкурс өткізілді. Қазір Майқұдық және Пришахтинск секторларында алаңдардың негізі дайындалуда.

— Абаттандыру жұмыстары «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында жүргізіледі. Ал «Таза қала» жобасы аясында Рабочий кентінде тазалық жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, биыл алғаш рет зират орындарын күтіп-ұстау және туған-туысы жоқ адамдарды жерлеу бағдарламасына қаражат бөлінді. Біз зираттардың аумақтарын тазарту туралы келісім жасастық. Қазір 3 зиратта тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, тағы 8 жерді қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Зираттар бойынша барлық жұмыстарды қыркүйек айының ортасына дейін аяқтауды көздеп отырмыз, — деді Мейрам Кожухов.

Аппараттық жиналыста көтерілген тағы бір мәселе – тұрғындардың бұзақылық әрекеттері. Қарағанды қаласы әкімінің балалар мен отбасы құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесшісі Татьяна Савицкая Жеңіс саябағында орналасқан «Мәңгілік алаудағы» суреттер туралы сөз қозғады.

— Тұрғындар «Мәңгілік алау» мен оның айналасындағы алаң, яғни мемориал граффити жазуларына толып тұрғанына өте алаңдаулы. Балалардың айтуынша, жаз мезгілі болғандықтан, келушілер көп. Көп жағдайда жасөспірімдер осындай теріс әрекеттерге барып жатады екен.

Ал, граффити бойынша тұрғындар учаскелік инспекторларға жүгінген болатын. Алайда олар ешқандай жауап бермеді. Бұл жазуларды қандай да бір жолмен реттеу ге және алып тастауға болатын болса, тез арада кіріскен жөн, — деді Татьяна Савицкая.

Қазыбек би ауданының әкімі Нұрлан Рыстин бұл мәселені қолға алатынын жеткізді. Полиция өкілдері мен Саябақтар басқармасының басшысы осы сипаттағы суреттер мен жазулар үнемі өшіріліп, жойылып тұрғанымен, тұрғындар қайта жасап қоятынын да алға тартты. Қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аудан әкіміне мәселені жеке назарға алып, тезірек шешімін табуды тапсырды.

Сонымен қатар, қалалық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте Қарағандыдағы ескі және апатты үйлердің жағдайы туралы айтылды. Қарағанды қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берекет Жайназаровтың баяндауынша, қаладағы үйлердің 55,5%-ы — 60 жылдан астам бұрын салынған.

— Қарағандыда қазір 2649 көппәтерлі тұрғын үй бар: Қазыбек би ауданы бойынша – 1590, Октябрь ауданы бойынша — 1059. Сонымен қатар, 1 үй апатты деп танылды – ол Ленинградская көшесі, 31, 16 пәтер, 2 қабат, 1938 жылы салынған. Оның іргетасы мен қасбеті 60% – ға, шатыры – 53%-ға, жүк көтергіш қабырғалары — 80%-ға бұзылған. Үй 2011 жылы апатты деп танылды. Биыл тұрғын үй қатынастары бөлімі үйді бұзуға қаражат бөлуге бюджеттік өтінім берді. Ол бос, адамдар онда тұрмайды. Сондай – ақ, Қазыбек би атындағы ауданда 7 ескі көп қабатты тұрғын үй бар. Барлығының пайдалану мерзімі 60 жылдан асады және де олардың жай-күйіне байланысты авариялық деп тану қажет, ал халыққа мүмкіндігінше басқа тұрғын үй беру керек, — деп қорытындылады Берекет Жайназаров.

Жиын соңында қала әкімі Еомағанбет Бөлекпаев аудан басшылары мен тиісті билік өкілдеріне жекелей тапсырма беріп, барлығының есебін алатынын ескертті. Сондай-ақ, жеке бақылауға алуға берілген мәселерді тез арада шешуді тапсырды.

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»