Туған жерге тағзым – парыз
Қарағанды қаласындағы №44 мектепте «Туған елге тағзым» атты мектепішілік семинар өтті. 1-9 сынып оқушыларын толық қамтыған шараның басты мақсаты – оқушылар бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру. Сол арқылы өскелең ұрпақтың туған елінің патриоты болып ержетуіне жол ашу.
– Біз бұл жобаны қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілі мен әдебиеті пәні оқытушыларымен бірге қолға алдық. Жобаны жүзеге асыру барысында Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романын негізге алдық. Сондай-ақ оқушылардың зерттеу дағдысын қалыптастыру үшін қаламыздағы ескерткіштерді зерттедік. Олар кімге қойылған? Не үшін орнатылған? Сонымен қатар аймақтағы музейлерге барып, жәдігерлерді зерттедік. Көше атауларына қатысты да зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Олар барлық ақпаратты өздері тауып, талдау жасады, – дейді мектеп директоры Гүлдана Тәуекелова.
Шара барысында Қарағанды топырағында дүниеге келген тұлғалар шеруі ұйымдастырылды. Оқушылар аймақтың айтулы азаматтарының портреттерін көтеріп, олардың өмірбаяны туралы ақпараттармен бөлісті.
Жиында оқушылардың әзірлеуімен Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романынан театрландырылған қойылым көрсетілді. Сонымен қатар «Көк тудың желбірегені» әні мектеп хорының орындауында шырқалып, кеш қонақтарымен кері байланыс орнатылды.