Ерлік үшін туған ер
Бұқар жырау ауданына қарасты Ғ.Мұстафин ауылының маңындағы Нұра өзені бойында төтенше жайт орын алды. Жол қысқарту үшін мұз үстімен өту сәтінде мұз жарылып, 2 автокөлік су астына кеткен. «Газель» жүк көлігінің салонында 3 адам болса, «Мерседес» автокөлігінде 6 адам болған. Оның ішінде жүкті келіншек және төстегі 1 сәби мен 5 жастағы бүлдіршін бар.
Такси қызметіндегі жеңіл көлікке мінген жолаушылардың бірі – 23 жастағы Оразалы Асылханов. Көліктің алдыңғы орындығында отырған нақ осы азамат, мұз опырылып, көлік су астына кеткенде, өзгелер үшін өз басын қатерге тігіп, жанұшыра сақтық белдігінен босай шығып, көзсіз батырлыққа барған. Ол алдымен жүкті әйелді қауіпсіз жерге шығарып, артынша қайтадан қаймықпастан мұздай суға сүңгіп, екінші әйел адамды алып шыққан. Санаулы секундтар маңызды екенін ұғынған Оразалы үшінші рет суға түсіп, оқиға сәтінде анасының қолынан шығып кеткен нәресте мен 5 жастағы бүлдіршінді құтқарған. Су астынан алып шыққан сәтте ес-түссіз болған 5 жастағы балаға Оразалы бірден жасанды тыныс алу көмегін көрсетіп, құтқарып қалудың бар амалын жасаған. Осылайша айбынды азамат санаулы минуттарда бірнеше адамды ажалдан аман алып қалды. Қақаған қарашаның аязында сірескен мұз, бойды қарып өтер салқын судан секем алмаған бұл жігіттің әрекеті сол маңға жиылған жұртты сүйсіндірді. Қарбалас сәтте ұялы телефоны суға кеткендіктен, біз Оразалының өзімен тікелей тілдесе алмадық. Есесіне вахталық жұмыста жүрген анасы Сәуле Асылхановаға хабарластық. «Батыр ұлыңыздың кешегі жасаған ерлігін естіген боларсыз?» деген сауалға анасы аса бір толқыныспен жауап берді.
– Иә, болған жайтты қызымнан естідім. Өзім әлі ұлымның даусын да естіген жоқпын, телефоны суға кеткен. Мен үшін ұлымның бұл жасағаны – тосын жайт емес. Өзге үшін өмірін қияр жанкештілікке баратын мінезі барын білем. Ол осыған дейін де жазда Нұра өзенінде суға батқан екі қызды құтқарып қалған. «Сен адамдарды ажалдан құтқару үшін туған жансың» деп сол кезде-ақ мен оған аналық ақ пейіліммен айтқан едім.
Осылай деп ұлының бар болмысын ашып берген Сәуле Асылханованың айтуынша, Оразалы Асылханов – әскери борышын өтеп келген азамат. Қазіргі таңда жұмыссыз екен. Әскери сала, құтқару қызметінде жұмыс жасауға ниетті ұлдың бар ынтасын басып тұрған – баспана жайы. Қалада тұрар жері болмағандықтан, ауылда ата-анасына қолғабыс қылуда. Алайда жұмыссыз жүрсе де, жұртқа жағымды әрекет қылған Оразалының бұл ерлігін ел даурыға айтуда. Оқиға куәгерлері сол сәтте жөн сұрасып үлгермегендіктен әлеуметтік желіге шығып, қайсар ұлдың қылығына қайран қалып, толассыз алғыстарын жазуда.
Ал оқиға орын алған аумақта жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлері көліктердің өтуіне шектеу шараларын ұйымдастырды. Өз кезегінде Төтенше жағдайлар департаменті де мынадай қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керектігін еске салады:
– көлікпен өткелдерден тыс жерлерден мұз үстіне шығуға болмайды;
– балалардың мұз үстінде ересектердің қарауынсыз жүруіне тыйым салынады;
– жұқа мұз жарылып кетпеу үшін, топтасып жиналмаңыздар;
– түнде және тұманды жерде мұзға шығуға болмайды.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QH»