Қарашаның қыспағы

Қарашаның соңғы аптасында қыс қаһарына мінді. Жылымық ауа райымен алмасып тұрған жауын-шашынды күндер артта қалды. Сынап бағанасы 30 градусқа дейін, кей жерде тіпті одан да төмен түсіп кетті. Табиғаттың тосын мінезіне тойтарыс ретінде біздің облыс құтқарушылары эвакуациялық іс-шаралар өткізді. Қыстағы ауыртпалық жылуға және жолға жауаптылардың жұмысын қауырт етері анық. Сол себепті Өңірлік коммуникациялар қызметінің диалог алаңында жолды қысқы қамтамасыз ету мәселесі қозғалды.

Облыс аумағындағы қозғалыстың күретамыры болған қара жолдың қысқы қамын жасауға 270-ке тарта мамандандырылған техника мен 290 жұмысшы жауапты. Жолдарды қар құрсауынан аршып, қатқақ жолға тұзды құм төсеп автокөлік жолын қауіпсіз ету – басты міндет. Дей тұрғанмен жолдың қысқы қамтамасыз етілуіне қатысты кемшіліктер де жоқ емес. Тазартылмаған, көктайғақ жол көп жағдайда апатты жағдайға да себеп болуда.

Жалпы, Қарағанды аймағында облыстық маңыздағы автокөлік жолдарының жалпы аумағы 2 мың 566 км-ді құрайды. Біздің облыста жалпы қолданыстағы автокөлік жолдарын қамтамасыз етуге 13 мердігерлік ұйым жұмылдырылған. Бүгіні таңда барлық мердігерлік ұйым тарапынан қысқы мерзімге 18 жылыту пункті даярланыпты. Қар құрсауында, жол бойында көлігі тұралап қалған жұртшылық сол жылыну нысандарында бой жылытып, көмек күте алады.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Сәбит Оспановтың айтуынша, бүгінде жол белгілері орнатылып, қауіпті учаскелердегі ахуал бақылауда. Жолдың қауіпті учаскелері шұғыл түрде көктайғаққа қарсы материалдармен өңделіп отырады. Облыс бойынша ұзындығы 180 км-ді құрайтын, қар кептелісі қалыптасар 78 учаске бақылауға алынған. Көлік жолын қысқы қамтамасыз ету барысында жол үсті қардан уақытылы аршылып отырады.

Қарағанды облысы бойынша 1 мың 854 шақырым жол республикалық маңызы бар жол бөлігіне жатады. Республикалық маңыздағы жолдың қыста қар жинақталып қалар аса қауіпті деген учаскесі – «Астана – Теміртау» бағыты. Бұл жол арқылы бүгінгі таңда аталмыш жол учаскесін қар құрсауынан тазартуға, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шұғыл әрекет жасау мақсатында 21 техника қолданыста екен. Осы учаскеге қосымша техника алу көзделген. Жалпы, республикалық маңыздағы жолдарда қысқы мамандандырылған техника ауқымы небары 60 пайыз көлемінде. Бұл нормаға сай емес. Біздегі жол сапасының сын көтермейтінін ескерсек, техника тапшылығы тіптен жығылғанға жұдырық деуге болады. Ал қыстыгүнгі көктайғақтың алдын алу үшін республикалық маңыздағы жолдар бойына себілер арнайы қоспалар сапасын тәуелсіз сараптама жасайтын арнайы орталық тексереді екен.

Жолдардың сапасын қамтудан бөлек құтқару жұмыстары да қыста ерекше қырағылықты талап етеді. Облысымыздың құтқарушылары күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Аязды күндерде жолдағы жанталастан бөлек тұралаған көліктерден тұтанар өрт оқиғалары жиіледі. Мұндай өрттің негізгі себептері аязда істен шыққан оталғышты жылыту немесе электр жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуінен. Кей жүргізуші аязда қалған көлігін ашық отпен жылытуға тырысқан, соның салдарынан көлігінен мүлдем айырылғандар да бар. Аяз ақырған алғашқы тәулікте Қарағанды облысында 4 көлік отқа оранған. ТЖД ақпарынша, жыл басынан бері автомобиль өртенуіне қатысты 140-тан астам оқиға тіркелген. Екі жағдайда адам шығыны бар. Бұл ретте, құтқарушылардың айтуынша, Германияда шығарылған көліктерде от шығып, алау тұтанатын жайттар жиі кездеседі екен. Сол себепті құтқарушылар көлікті уақытылы тексертіп отыру қажет екенін ескертеді. Жай қарата салу емес, көліктің электр сымдарының дұрыстығын тынғылықты тексерткен жөн. Өртсөндіргіш құрылғыны да қолданысқа жарамды түрде сақадай сай даярлап, жүксалғышта емес, жүргізушіге жақын жерде ұстаған жөн. Көлік майын да белгіленген шақырымды жүріп өткен соң құнттап ауыстырып отыру қажет. Антифриздің де сапалысын қолданып, қажет жағдайда көлік шеберлеріне көрсету керек. Тілсіз жаудың тұтануына түрткі болар тағы бір ағаттық – арзан дабылдатқыш орнату. Ал оның соңы осындай жайсыз оқиғаларға соқтырып жатады.

Әсел САБИТОВА,

«QH»