Қарағанды ЖЭО-ларының ахуалы қандай?
Қарағанды облысындағы жылу электр орталықтарының жабдықтары қаншалықты тозған? Бұл сұраққа өңірдің Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұржан Нақыпбеков жауап берді.
Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 8 ірі энергия көзі – жылу электр орталықтары жұмыс істейді. Оның ішінде 7 ЖЭО жекеменшік иелікте, біреуі коммуналдық баланста. Айта кету керек, өңірдегі барлық ЖЭО облыс тұтынушылары үшін электр және жылу энергиясын өндірудің аралас режимінде жұмыс істейді.
Тұрғындар тарапынан ең көп шағым Теміртау ЖЭО-2, Топар ГРЭС-1 және Балқаш ЖЭО-ға қатысты айтылады. Қарағанды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпаратына сүйенсек, аталған орталықтардағы жабдықтың тозуы 75%-дан асқандықтан, олар аутсайдерлер тізіміне енген.
– Бұл станциялардың барлығы өткен ғасырда, кеңестік кезеңде, салынған. Бүгінгі таңда бізде барлық жылу орталығын санағанда қазандық жабдықтарының тозуы шамамен 75%-ды құрайды, ал турбиналардың тозуы 70%. Олардың ішінде ең ескілері: Теміртау ЖЭО-2, Теміртау ГРЭС-1 және Топар ГРЭС, Балқаш ЖЭО. Дегенмен бұл станциялар негізгі және қосалқы жабдықтарын әрдайым жөндеп отырады. Жылыту маусымының қорытындысы бойынша немесе жылыту маусымының өтуі барысында олар қажетті іс-шаралар жоспарын жасайды. Барлық қаржыландыру көзін тіркеп, алдын ала шарттар жасасады, – дейді Қарағанды облысының Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нақыпбеков.
Биыл жылыту маусымына дайындыққа өңірдің барлық жылу электр орталығы 18 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған.
– Бұл сомаға негізгі, қосалқы жабдықтар мен қажетті тораптар және агрегаттарды жөндеу, оларды сатып алу кіреді. Әлемдегі соңғы геосаяси оқиғаларға байланысты жеткізілетін жабдық күрт қымбаттағанын ұмытпаған жөн. Жылыту орталықтарына Қазақстанда өндірілмейтін сорғылар қажет, – деді Нұржан Нақыпбеков.
ҚазАқпарат